Күнбағыс майын өндіруден көш бастадық
Шығыс Қазақстан күнбағыс майын өндіру көлемі жөнінен елімізде көш бастап тұр. Еnergyprom.kz ақпараттық талдау орталығының мәліметіне сүйенсек, еліміз бойынша өндірілген күнбағыс майының негізгі бөлігі біздің облыстың үлесіне тиіп отыр.
Бірінші тоқсанның өзінде ғана қазақстандық май өндірушілер 29 мың тонна тазартылмаған өнім, 29,6 мың тонна тазартылған май шығарған. Мұндағы негізгі үлес Шығыс Қазақстанға тиесілі. Өңірдегі май зауыттары барлық тазартылмаған майдың 82,9 пайызын, тазартылған майдың 52,3 пайызын өндіріп отыр. Осы өсімнің арқасында елдегі сұйық майға деген сұраныстың 70 пайызын отандық зауыттар беріп, сырттан тасымалдаушыларды ығыстыра алды. Ал экспортталатын күнбағыс майының көлемі өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге артқан. Саладағы жағымды құбылыс тіпті бағаға да әсер етіп, оның жергілікті нарықтағы құны орта есеппен 1%-ға төмендепті.
Шығысқазақстандық «Май», «Востоксельхозпродукт», «Өскемен май зауыты» сияқты ірі өндірушілердің қатарын көп өтпей Зыряндағы жаңа зауыт толықтырмақ. Жылына бір өзі 2,6 мың тонна май шығаруға қабілетті зауыттың құрылысына 1,8 млрд. теңге бөлінген.
Бізден кейінгі орындарға Ақтөбе облысы мен Алматы қаласы жайғасты.
Есжан Ботақара