Күн жылына кірісіп кетпек
Қыс бойы техникаларын жөндеп, егіс науқанына қамданған диқандар қауымы көктемгі дала жұмыстарына тас-түйін дайын отыр.
– Биылғы егістік көлемі де былтырғыдай болмақ,-дейді Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тәуіржан Шоманов.-Өткен жылы нөлдік технологиямен 14402 гектар жерді өңдесек, бұл көрсеткіш биыл14862 гектар болмақ.
Көктемгі егіске аудан бойынша 7139 тонна жаздық дәнді дақылдар тұқымы дайындалған. Оның 7308 тоннасы «Қазагрэкс» АҚ зертханасында тексерілуден өткізілген. Мұның 6687 тоннасы екінші, 621 тоннасы үшінші класқа жатқызылған.
Егістік жерлердің құнарын арттыру ерекше назарда. Биыл 26 ауылшаруашылық құрылымы 4880 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алуға өтінім түсірген.
Қазір аудан шаруа қожалықтарының иелігінде 2216 дана ауыл шаруашылығы тракторлары бар. Оның 1824 данасы доңғалақты, 258-і шынжыр табанды техникалар. Шаруашылықтардың машина-трактор паркін жаңалау күн тәртібінен түскен емес. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауылдық округтерден 4540 тонна дизель отынына тапсырыстар берілді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан ауданға 3060 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Таскескен өңіріне тасымалдаушы болып «Восток-Мұнай Газстрой», Үржарға «Әлем ТрансОйл», Мақаншыға «ТехнОйл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бекітілді. Жеңілдетілген бағамен дизель отынын шаруа қожалықтарына босату бағасы Таскескен мен Үржарға әр литрі 125 теңгеден, Мақаншы өңіріне 126 теңгеден болады деп болжанып отыр.
Ауданның диқан-механизаторлары көктемгі егісті бастап кетуге тас-түйін дайын отыр. Олар күннің көзі жылынып, дала бусанып, жердің дегдуін күтуде.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.