Күн сәулесінің арқасында жылына миллион теңге үнемдейді
Еліміздің барлық өңіріндегідей, Шығыс Қазақстан облысында да электр қуаты, су мен жылуды үнемдеудің заманауи технологияларына бет бұрған әлеуметтік нысандар жетерлік. Бүгінде Өскемен, Семей сияқты ірі қалаларды айтпағанда, облысымыздың алты ауданында күн сәулесі арқылы жылытылатын су жылытқыштар орнатылған ғимараттар бар. Соның бірі – Ұлан ауданының Таврия ауылындағы «ШҚО Хоспис» мекемесі.
Мекеме басшылығының айтуынша, Еуропалық одақтың қаржысына сатылып алынған күн батареялары аталмыш мекеменің коммуналдық шығындары мөлшерін айтарлықтай азайтуға септігін тигізді.
– Құрылғының орнатылғанына үш-ақ ай болды. Дегенмен, қазірдің өзінде оның пайдасын айқын сезінудеміз. Жаңа аппаратура бізге тегін ыстық су беруде. Ал біз үшін бұл ерекше маңызды. Себебі, бір күнде мекемемізді паналаған 20 адамды жуындыруға тура келеді. Жаңа құрылғы электр қуатын біршама үнемдетіп отыр. Әмбе, бұл техника бізге тегін тиді. Құрылғыны жеткізіп, орнатып берген демеушілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді хоспистің директоры Ерболат Байыров.
Оның айтуынша, күн батареялары арқылы жылытылатын құрылғы жылына шамамен бір миллион теңге көлеміндегі қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл қаржы алдағы уақытта мекеме ғимаратының кейбір бөлмелеріне жөндеу жүргізуге, сондай-ақ, жиһаз сатып алуға жұмсалмақ.
Осы орайда, облысымызда мұндай жаңа технологияларды қолданысқа енгізуге өскемендік «Қасиетті Өр Алтай» қоғамдық қоры ерекше атсалысқанын атап өткен жөн. Аталмыш қор Еуроодақ пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының «Жасыл экономика моделіне өту бойынша Қазақстанға қолдау көрсету» бірлескен жобасы аясында жұмыс жүргізуде. Қоғамдық қордың директоры Дидар Далиманов бүгінде «Шығыс Қазақстан облысының су ресурстарын сақтау мақсатында жаңартылатын энергия көздерін орнықты пайдалану» жобасының гранттық бағдарламасына Ұлан, Катонқарағай, Шемонайха, Зырян, Глубокое және Көкпекті аудандарының нысандары іліккенін айтады.
– Әрине, жаңа құрылғы арзан емес, мұндай дүниені қарапайым мектептің, не қарттар үйінің өз қаржысына сатып алуы екіталай. Сондықтан біз жобамызды осындай әлеуметтік мекемелерге көмектесуден бастадық. Кейіннен мұндай технологияны өзге нысандарға, тіптен, тұрғын үйлерге де орнатуға болады. Құрылғының жұмыс істеу механизмі қарапайым, – дейді ол.
Күн сәулесі арқылы энергия алатын жылыту жүйесінің қарапайымдылығы жайында Тавриядағы хоспистің қызметкерлері де айтуда.
– Кейбір науқастарымызды күнде жуындыруға тура келеді. Сондықтан бізге ыстық су ауадай қажет. Бұрындары 50 литрлік бойлерлерді қолданатынбыз. Ал олардағы су тез таусылып қалады. Осы жағы қиындау болатын. Дегенмен, жаңа құрылғы орнатылғалы бері бұл мәселенің де түйіні шешілді. Қазір қолымызда кем дегенде 300 литр су бар, – дейді мекеме менеджері Арайлы Сәбиғазина.
Оның айтуынша, жаз айларында судың температурасы 90 градусқа дейін көтерілген екен. Қазірдің өзінде, күз келіп, күн әжептәуір салқындағанымен, мекеме крандарынан әлі де жып-жылы су ағып тұр.
Айта кетейік, облысымызда хоспис 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашында облыс орталығында орналасқан мекеме кейін Таврия ауылына көшірілген. Бүгінде мұнда 67 адам тұрып жатыр.
Жалпы, Таврия ауылдық округінде жасыл экономикаға бет бұрған бірнеше нысан бар екен. Оның бірі – «Бақбол» шаруа қожалығы. Ауылдық округ әкімі Данияр Уахитовтың айтуынша, биыл аталмыш шаруа қожалығының басшылығы картопты тамшылатып суару мақсатына екі миллион теңге көлемінде инвестиция тартыпты.
– Сонымен қатар, ауылымыздағы жаңа мектеп те қатты отынмен емес, теплофонмен жылытылады. Жыл соңында аталмыш тәжірибенің қаншалықты тиімді екенін көретін боламыз. Бұған қоса, биыл көше жарығын энергия үнемдегіш шамдарға ауыстырамыз. Бұл мақсатқа тоғыз миллион теңге қарастырылған. Алдағы уақытта Тавриядағы 60 және Гагарин ауылындағы 14 фонарь жаңаланатын болады. Ал үнемделген ақшаны өзге мақсаттарға жұмсамақ ойымыз бар, – дейді ауылдық округ әкімі.
Иә, Тавриядағы хосписте үнемделген бір миллион теңге күн энергиясымен жұмыс істейтін құрылғылардан тиген пайданың бір мысалы ғана. Негізі, мамандардың айтуынша, мұндай техникаға кез келген ниет білдіруші мемлекеттен атаулы көмек алып қол жеткізе алады.
Нұржан Кенжеұлы