Күн күрт суыса, әлеуметтік нысандарға жылу беріледі

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде «Ақбұлақ», «Нұрлы жер», нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының, кәсіпкерлікті қолдау картасының орындалу барысы, орман шаруашылығын өркендету, жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды. Жалпы, облыс жылыту маусымына дайын, тек жекелеген түйткілдер бар, олар 15 қазанға дейін шешілуі тиіс.
Облыстық энергетика басқармасы басшысының орынбасары Алма Қайрақанованың айтуынша, жылумен қамту желілері 97 пайызға, сумен қамту және кәріз жүйелері 96 пайызға әзір тұр. Бюджеттік сала мекемелерінің жалпы дайындығы 99 пайызды құрайды.
– Қуаттылығы 100 гигакалориядан артық жылу орталықтарындағы барлық 55 қазандықты жөндеу жоспарланған болатын, қазіргі кезде олардың 85 пайызында жұмыстар толық аяқталды. Сонымен қатар, облыстағы төрт су электр стансасындағы гидроагрегаттардың 17-сі, яғни, 70 пайызы жөндеуден өтті. Бұл ретте атап өтерлік жайт, жөнделіп жатқан құрал-жабдықтар іске қосылмаса да, жылыту маусымын бастауға кедергі келтірмейді, – деді осы орайда Алма Қайрақанова.
Көпқабатты тұрғын үйлердің қысқа дайындығы 96 пайызға жетіп отыр. Алдағы бір айда қалған үйлер де әзір болуы тиіс. Мәселе отынға қатысты туындауда. Семей, Өскемен, Курчатов, Зырян қалалары мен Глубокое, Катонқарағай аудандарында көмірдің тапшылығы байқалады. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес екі ауданға көмір сатып алу үшін қосымша қаражат бөлінген. Ал қалаларға Үкімет қорынан қаржы алу көзделуде.
– Облыс аумағындағы негізгі және ірі жылу орталықтарында қазіргі кезде 358 мың тонна көмір бар, олардың қыс бойы қалыпты жұмыс істеп шығуы үшін 182 тонна отын керек екенін ескерсек, алаңдауға еш негіз жоқ. Қазіргі кезде облыстың әлеуметтік нысандарына көмір арнайы әзірленген кестеге сәйкес тасылып жатыр. Алдымен қатты отын жырақтағы елді мекендерге жеткізіледі, – деп түсіндірді басқарма өкілі.
Облыс әкімі Даниал Ахметов биыл басты назар Семей қаласына бөлінгенін атап көрсетті. Нәтижесінде шаһар жылыту маусымына тас-түйін дайын тұр. Сонымен қатар, коммуналдық кәсіпорындардың жеткізушілер алдындағы берешегі де қысқарып келеді. Облыс бойынша аталмыш қарыз 100 миллион теңгеге азайып, 1 миллиард теңгені құрап отыр.
– Жалпы жылыту маусымына дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сай жүріп жатыр. 15 қазанға дейін әзірлік деңгейі 100 пайызға жетпек, – деп атап өтті Алма Қайрақанова.
Аймақ басшысының айтуынша, қысқа әзірлік барысы Шемонайха ауданында сылбыр жүруде. Ол жұмыстарды ширатуды міндеттеп, барлық нысандар жылумен дер кезінде қамтылуы тиіс екенін ескертті.
– Барша әкімдер осы іске айрықша мән беріп, өз міндеттерін тиянақты атқарулары қажет. Бүкіл жылу жүйелері сақадай-сай болуы керек. Егер алдағы күндері ауа температурасы күрт төмендеп кетсе, 15 қазанды күтпей-ақ негізгі әлеуметтік нысандарға, мектептер мен балабақшаларға, ауруханаларға жылу берілуі тиіс, – деп қадап тапсырды Даниал Ахметов.
19-шы шағын аудандағы телімдер тексеріледі
«Нұрлы жер» бағдарламасын талқылау барысында облыс әкімі Семей мен Өскемен қалаларының басшыларына тұрғын үй құрылысының үшжылдық бағдарламасын тиянақты зерттеп шығуды тапсырды, яғни, инженерлік желілерге, жобалық-сметалық құжаттамаларға және жалпы құрылысқа нақты қанша қаражат кететінін есептеу керек.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтар үшін жалдамалы үйлер салу жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, тұрғын үй-құрылыс жинақтау жүйесі арқылы да баспана салынып жатыр. Қазіргі кезде облыста 87 көпқабатты үй салынуда, олардың 15-і пайдалануға беріліп те қойды, алдағы уақытта тағы 62 көпқабатты үйдің іргесі қаланады, – деді баяндама жасаған құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Хасан Уашев.
Аймақ басшысы облыс жоспарды асыра орындап келетінін жеткізді, десек те, алдағы жылдарға қойылып отырған меже 700 мың шаршы метр баспана салу.
Жиында Өскеменнің 19-шы шағын аудандағы 37 телімнің жеке-меншікке тиесілі екені белгілі болды. Сондай-ақ, осы учаскелерге инфрақұрылым желілері бюджет есебінен тартылған екен. Енді мемлекет жекеменшік аумақтарға баспана сала алмай отыр.
Жер иелері құрылыс үшін берілген аумақтарына үй салуға асығар емес. Ал басқарма облыс әкіміне баспана салуға болатын өзге телімдерді ұсынып отыр. Бірақ ол жерлерге тағы қаражат құйып, инфрақұрылым тарту керек.
– Өскемен қаласының әкімі тез арада мәселемен жан-жақты шұғылдануы тиіс. Учаскелерді иелері заңды түрде алды ма, жоқ па? Жер телімдерін оларға кім берген? Егер бәрі де заңды болса, құрылыстарын бастасын. Болмаса жерді мемлекет меншігіне қайтарамыз, – деді Даниал Ахметов.
Ержан Әбіш