Қоғам

Күн электр стансасы осы жазда салынып бітеді

Күн электр стансасы осы жазда салынып бітеді


Жарма ауданындағы бірнеше елді мекен алдағы уақытта электр қуатын күн стансасынан алатын болады.

Жаңғызтөбе кентінде жылына 30 мегаватт электр энергиясын беретін күн стансасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Станса алып жатқан аумақтың жалпы ауданы шамамен 70 гектарды құрайды. Жобаның құны 10 миллиард теңгеден асады, нысан іске қосылған соң, бұл жерде он жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Аталмыш жоба Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық аясында атқарылатын негізгі жобалар қатарына қосылған. Стансаның құрылысын «Жаңғыз-Солар» серіктестігі жүргізуде, ол – «Юниверсал Энерджи» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы.

Күн электр стансасында заманауи фотоэлектрлі блоктар қолданылатын болады.Сонымен қатар нысан іргесінен жаңа подстанция және жоғары кернеулі электр сымдарына арналған екі биік баған салынып жатыр. Өндірілген электр қуаты жақын маңдағы Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компаниясына қарасты №28 подстанцияға беріледі.

Жалпы, құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған-ды. Қазіргі кезде алаңда алты мердігер ұйымның 70 жұмысшысы еңбек етуде. Олар күн панельдері тағандарын қадауды аяқтап қалған, ол аяқталған соң, панельдер орнату ісі басталады. Мұнда барлығы 22 мың темір таған қағылмақ.Олар Қытайдан әкелінген арнайы машиналармен бұрғыланыпқадалуда.

–Елбасының бастамасымен болуымен 2017 жылы Астанада «ЭКСПО» көрмесі өткенін білесіздер. Ол әлемдік іс-шара «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналды. Осы электр стансасы – сол көрме міндеттерін іске асыру аясында қолға алынған көп бастамалардың бірі, – дейді жоба жетекшісі Әбу Құрымбаев.
Мердігерлердің айтуынша, станса экологиялық тұрғыда таза әрі соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылмақ, мұнымен қоса ол үнемді режимде жұміс істейтін болады.

– Бұл станса күн радиациясын электр қуатына айналдыратын екі жарым мыңдай панельден құралмақ. Әрбір конструкция тоғыз тағанға орнатылады. Қазір 7 мыңға жуық таған қағылды, олардың жалпы саны – 22 мыңдай. Біз бұған дейін Қапшағайдағы стансаның құрылысына қатысқанбыз, сондықтан тәжірибеміз жетерлік. Тек Жаңғызтөбенің еш тоқтамайтын қатты желіне үйрену қиын болды, – деп күледі мердігер ұйым – «Қазгеоплюс» кәсіпорнының инженері Санат Тұрсынхан.

Күн электр стансасы осы жазда салынып бітеді

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп келеді. Нысан осы жылдың шілдесінде аяқталуы тиіс. Сол кезде жақын маңдағы бірнеше ауыл күн стансасының қуатын тұтына бастайды. Энергия мөлшері шамамен 11 мың үйге жетеді.

Жасыл, яғни табиғатқа еш зияны жоқ энергетиканы дамытуда еліміз осындай бірегей жобаларды қолға алып отыр. Станса тұрғындарға жұмыс беріп, өңірді арзан электр энергиясымен қамтымақ. Атап өтерлігі, Қазақстандағы үш ірі күн стансасы бар, олар – Жамбыл облысындағы «Отар» және «Бурное», Алматы облысындағы «Қапшағай» стансалары. Енді солардың қатарына Шығыстағы «Жаңғыз-Солар» қосылады.

Ержан Әбіш
Жарма ауданы

Осы айдарда

Back to top button