Күн дидарлы елімнің ай дидарлы ордасы
Астана – тағдырлы шаһар. Сайын далада қалаға айналған мекен бұл. Азат елдің бағаналы ордасы.
Болашаққа саяхат
Ақмоланың бағын ашқан бір ғана адамның назары еді. Елбасының сол назары оны тәуелсіз елдің Астанасы етті. Ал бүгін оған әлем назары ауып отыр. Жібек жолының заманынан бері Орта Азияның ешбір қаласына мұндай назар болмағанын қарт тарих ұмытқан жоқ.
Астанаға жол тартқан көліктің бәрін уақыт мәшинесіне теңеуге болады. Сайын даланы «Тұлпармен» тіліп өтіп, «Нұрлы жол» вокзалына енген сәттен бастап басқа бір деңгейдегі өмір есігін ашқандай әсер бар. Өйткені, ондағы тіршілік ауаны, ондағы сәулет пен дәулет Қазақстанның ешбір өңірінде кездеспейді. Бір әулеттің байлығын бойына жапсырған кенже қызы дерсің. Астана өзге өңірлерге даму бағытын, болашақтың қандай болу керектігін көрсету үшін салынғандай. Иә, Астана әлем үшін Қазақстанның айнасы болса, Қазақстан үшін әлемнің айнасы. Себебі, жер бетіндегі жылт еткен жаңалықтың бәрі бізге Астана арқылы жетуде. Жаһандық сәулет өнерінің даму беталысын, ондағы сан түрлі бағыттарды бір ғана жерден көргісі келгендерге алаш астанасы таптырмайтын алаң.
Қарабайыр қисынға сыя бермейтін сәулеттік шешімдер, футуристік бағытта салынған оқшау ғимараттар бұл қалада адам қиялын тоқтатар күш жоқ екенін айтып тұрғандай. Осының өзі-ақ адамға желік бітіріп, еркіндікке ұмтылдырады, көзсіз тәуекелдерге жетелейді.
Астанада біліп тұрсаң да, жол сұрай бергің келеді. Өйткені, ондағы көше мен даңғылдардың атынан қазақ тарихын оқығандай боласың. Ұлт үшін құрбан болған боздақтар мен батырлар да, ақжүрек ақын мен дегдар ғұламалар да, қолымыздан сусып кеткен құйқалы мекендер де Астана көшелерінің атауы ретінде қайта жаңғырған. Дулати, Абылай хан, Бөкейханов, Аймауытов, Тынышбаев, Тәшенов, Орынбор, Астрахань, Ташкент, Самарқанд деп кете береді. Адамдарын қайдам, Астананың гүлзарлары қазақша «сөйлейді». Даланың ою-өрнегін дала гүлдерінен артық еш бояу қанық бере алмайтынын осы шаһардан көрдік.
Рухани жаңғырғың келсе…
Астана – рухани жаңғырудың бастауы. Ақын бабаларымыз жырлап өткендей, мұнда да «екі аттасаң, бір бұлақ». Тек мұндағы бұлақтар рухани шөліңді ғана қандырады. Қазақтың төл өнері мен қолөнерінің жиырма бірінші ғасырды қалай игергенін көргіңіз келсе, «Құланшы» атты заманауи өнер мұражайына кіріңіз. Ал Алтайдың қойнауы мен Есік бойынан, Үржар мен Шілікті жазығынан табылған алтын адамдарды көруді армандап жүрсеңіз, бағалы металдар музейіне барғаныңыз абзал. Шақшақ Жәнібектен ұстаз Ыбырайға дейінгі Алаш ардақтыларының арқада қалдырған ізі Торғай мұражайында сайрап тұр. Жауынгер бабалардың даңқты жолы Әскери-тарихи музейде көркем кестеленген. Ұлттық музей, Әзірет Сұлтан және Нұр Астана мешіттері, Опера және балет театры, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Думан» ойын-сауық отауы, Ханшатырдағы «мәңгі жасыл» жағажай осының бәрі рухани түлетіп қана қоймай, таным көкжиегіңді кеңейтеді. Кім болғаныңды түйсінесің, кім екеніңді түсінесің, кім боларыңды тұспалдайсың.
Амбициялар мен ізгі ниеттер мекені
Бұл күнде астаналық болу – арман. Астаналық жұрт күн сайын әлемдік деңгейдегі түрлі дүбірдің куәсі болып жүр. Бір кездері жас буын Алматыға арман қуып барған болса, қазіргі толқын Астанаға амбициялар жетегімен ағылуда. Азат ойлы кәсіпкер болғың келе ме, академиялық білімі бар өнер майталманы атануды армандадың ба, жоқ әлде, мемлекеттік мінбердің төрін көздедің бе, Астана соның бәріне төте дәліз. Тек амбицияң да, арманың да ел мүддесімен үйлессе болғаны. Назарбаев зияткерлік мектебі, Назарбаев университеті, Еуразия ұлттық университеті, «Astana Business Campus» сынды ошақтар білімдінің өрісін кеңейте бермек.
Астана астана болғалы төрінде алты бірдей ірі шара өтіпті. Соның ең басында Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті тұр. 2010 жылы өткен бұл шараға 38 мемлекеттің басшысы қатысты. Қысқы Азия ойындары, УЕФА конгресі, Еуразия экономикалық форумы, Дәстүрлі және әлемдік дін көшбасшыларының съезі, Дүниежүзілік универсиада, бұл Елордада өткен дүбірлі оқиғалардың шоқтығы биік дегендері ғана. Әйтпесе, Астана ізгі ниетті ұрандар мен мәмілегерлік басқосулардың ошағына айналғалы қашан! Өзі мұнайлы ел бола тұра «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен баламалы энергия көздерін ЭКСПО көрмесі арқылы насихаттап жатқаны міне. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мүдделердің ымыра тапқанын да әлем жұрты Астанада көрді. Гүл сататын дүкендердің мәліметі бойынша елордада күніне 1590 гүл шоғы сатылады екен. Осыдан кейін Астананы ізгі ниеттер мекені демей көріңіз.
Астана жайындағы 11 дерек
Жалпы, Астана жайында қызықты деректер көп. Астана – жастар қаласы. Қаладағы ер адамдардың орташа жасы – 27,5 болса, әйелдердің орташа жасы – 25,3 жас. Әлемдегі ең биік шатыр пішінді ғимарат – Ханшатыр мен ең алып шар пішінді құрылыс – Сфера да Астанада орналасқан. 17 жылдың ішінде Астана аумағына бір миллион түп көшет егіліпті. Бұл әр тұрғынға бір жас көшеттен келеді деген сөз. Астанада жылына шамамен 1100 отбасы тіркеледі екен. Ал гүлзарларға жыл сайын сегіз миллион гүл отырғызылады. Соңғы 20 жылдың деректеріне қарағанда, шаһардағы жылдық ауа температурасы әр 10 жыл сайын 0,3 гардусқа жылынып келеді. Бұл ғаламдық жылыну қарқынынан да жылдам. Мұнда ірілі-ұсақты 111 субұрқақ бар. Ал қаланың келбетін тамақтана отырып тамашалағыңыз келсе, «Пекин Палас» қонақүйіндегі айналмалы мейрамханаға бас сұғыңыз. Әлемнің 18 еліндегі 22 қала Астанамен бауырластық орнатқан. Елбасыдан бөлек, Оңтүстік Корея, Грекия және Молдова елдерінің бір кездегі Президенттері Астананың Құрметті азаматы атағын иемденген.
Астана – ЭКСПО көрмесі өткен әлемдегі 35-қала. Иә, Астанаға ЭКСПО керуені келді. Өңгергені – алтын да, жақұт та емес, асыл идея. 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым Астана төрінде «Болашақтың энергиясын» ұсынуда. Қазақтың «отыз күн ойын, қырық күн тойын» дейтін тіркесі соңы баянды аяқталатын ертігелерде айтылмайтын ба еді? Сол ертегі бүгін шындыққа айналғандай. Бұл той отыз емес, тоқсан күнге ұласпақ. Қазақтың тойы ас ішіп, аяқ босатумен бітпейтіні, астарында үлкен мән, мүдде жататыны белгілі. Астана төріндегі ЭКСПО көрмесі де осы дәстүрден айныған жоқ. Оның ашылуына ғана 17 елдің президенттері мен Үкімет басшылары қатысты. Бәрі де бірауыздан көрменің ұйымдастырылу деңгейіне оң баға беріп, тілеулестік ниеттерін танытып жатты. Ал халықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсен Астанаға қонақ болу, оның мінберінен сөз алу өзі үшін үлкен мәртебе екенін атады.
– Қазақстан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі арқылы жаһанның назарын өзіне аударды. Өйткені, көрменің тақырыбы өте өзекті деуге негіз бар. «Болашақтың энергиясы» – жасыл энергия тақырыбы дамыған мемлекеттерді ғана емес, дамушы елдерді де қызықтырып отырғанын осы шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысуға өтініш білдіргенінен байқаймыз. Мен үшін Қазақстан астанасында басталған осынау көрмеге қатысу зор мәртебе, – деді С.Кристенсен.
Астана – азат қала. Астана – абат қала. Астана – адамзатшыл қала. Ең бастысы, күн дидарлы елімнің ай дидарлы ордасы.
Есімжан Нақтыбайұлы