Руханият

Күміс сағат қайда екен?!

                               Күміс сағат қайда екен?!

Еліміз егемендігін алып, еңсесін енді тіктеген шақта Алматыдан ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы Елбасының қолдауымен ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін болды деген қуанышты хабар жетті. Ырымшыл қазақ егемендігіміз ұлы тоймен басталатын болды деп күллі әлемге сауын айтып, әбігер болды да қалды.

Жүрекадырдағы жүздесу

                               Күміс сағат қайда екен?!

1994 жылдың сарша тамызы болатын. Ақын тойының қарсаңындағы дайындықтың тағы бір ізгілікті ісі – Абайдың ақын шәкірттері мен оның айналасын жан-жақты зерттеу. Осы мақсатта республикалық «Қазақстан» телеарнасымен бірлескен, құрамында Алматыдан арнайы келген белгілі таспагер В.Дубровин, белгілі әнші Шәкерімнің ән мұрасын зерттеп жүрген Келденбай Өлмесеков, Абайдың қорық- мұражайының бас директоры, белгілі абайтанушы – ғалым Төкен Ибрагимов және жергілікті ақпарат құралдарының өкілдері бар экспедиция құрылып, жолға шықтық. Мақсат-бағдарымыз – Абайдың ақын шәкірттеріне байланысты тың деректер жинау, жергілікті шежірешілер мен тарихи орындарды таспаға түсіріп, арнайы телефильм жасау. Сапарымыз аңыздар елі Аягөз өңірінен басталды. Кешегі он жеті ақынның шыққан жері – осы. Сол тарихи тұлғалардың көзі тірі ұрпақтары бұл өңірде әлі де бар. Десе де XVII ғасырда өмір сүрген найманның сыбан руынан шыққан, кешегі Тәшкенттің бегі болған нар дауысты Нарынбайдан тараған қу дауысты Құттыбай би, Байғара би, Ақтайлақ би, Ақтайлақтың ұрпағы, ұлы Абайдың ақын шәкірті Әріп Тәңірбергеновтің шежіресін Аягөздің басында тұратын белгілі шежіреші Қабылахмет Шәкеров ақсақалдан артық білетін ешкім жоқ болатын. Қабылахмет ақсақал «Сарыарқа» елді мекенінде жатқан билердің қорымының басында екі сағаттан аса құнды, бұрын-соңды естімеген тың деректер айтты. Тарихи өлке Аягөзден екінші күні таң бозынан аттанып, Жүрекадырдың тұсында жатқан тағы бір тарихи қорым Барақ батырдың кесенесіне аялдадық. Тарихта біз білетін жеті Барақ болса, тарихшылардың пайымдауынша, бұл – Солтабайдың Барағы. Аға сұлтан Құнанбаймен замандас, дәмдес болған деседі. Дерек көздеріне сүйенсек, Барақ батырды қастықпен үзеңгісіне у жағып өлтіріпті. Ғасырдың куәсі болған сол ескерткіш сырын бүгіп әлі тұр. Осы жерден аса алыс емес, тағы бір қорым төбешіктер жатыр. Ол кешегі Сабырбай, Жанақ, Түбектер жерленген жайдақ төбе. Бірақ ешқайсысының басына ешқандай белгі қойылмаған. Жүрекадырдың дәл желкесінде тұрған пирамида тәріздес күмбезді зират Абайдың ақын шәкірті Әріп Тәңірбергеновтың кесенесі екен. Ақынның кіндік қаны тамған жері «Жыланды» қыстауының етегінде тұр. Әріптің шығармашылығын, артында қалған мол мұрасын зерттеп, толықтай жазып қалдырған – белгілі абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамедханов. Ал Әріппен араласқан, оның шығармашылығын жете білетін, біз көрген көзі тірі әулие Шәкір ата ғана еді. Міне, сол қасиетті қарияның ауылына да аялдадық. Есік алдындағы үлкен ағаш кесектің үстінде күмістей сақалын қау басқан шүйкедей ғана әулие отыр. Көлік келіп тоқтағанда бетін қолымен күннен көлегейлеп, әрбіреуімізге түс тоқтата қарап барып, алдынан шыққан Төкен ағаға: «О, көк ми! Ыбраев, сенбісің?» деді. Асылы ақын ата өзіне жақын жандарды осылай еркелетіп, «Көк, ми» деп айтатын болса керек. Дастарқан басына жайғасқан соң, «Әй, көк ми, қайдан келесің?» деп, тағы бір қағыта сөйледі атамыз. Осылай қағыта сөйлеп өзінің ырқына ілесе алғанда ғана ықылас білдіретін қашанғы әдеті болатын. Мен де Шәкір атамен 4-5 рет дастарқандас болғам, аз да болса мінезіне қанық болып қалған едім. Қыбын таппасаң, ес ақылыңды шығарады, ыңғайына келмесең, қуып шығуы да мүмкін. Ал оның тілін табатын Төкен мен Келденбай ғана арамызда. Дастарқан басында сапардың жайын түсіндіргенде шиқылдап күліп жіберді, онысы келісім беріп, ыңғай танытқаны.

Мың жолдан асатын асыл мұралар алтын қорға қалай жазылды?

                               Күміс сағат қайда екен?!

Төкен аға әңгімені кешегі өз қолымен қазақ поэзиясының алтын қорына енгізген Сабырбайдың, Дулаттың, Жанақтың Түбектің жырларын жазып берген асыл мұралардың қалай жазылғанынан бастады. Ақын өмірінің жалынды жылдарын теперішпен өткізген. Турашыл ақынның уытты өлеңдері жоғарыға жақпады, қуғын-сүргіннен көз ашпады, итжеккенге талай айдалды. Қарақан басын қорғалап, Алматы маңында күнкөрістің қамымен жүргенде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Ұлттық Ғылым академиясының әдебиет қорына жоғарыда айтқан ақындардың асыл мұраларын жатқа айтатын Шәкірді арнайы әкеліп, жоғары қаламақы қойдырып, ақынның жатқа айтуымен 1000 жолдан астам асыл мұраны жаздырып алыпты. Мұндай баға жетпес асыл қазыналар басқа халықтарда жоқтың қасы. Ақын осы жолы да сол бір жауһар жырлардың қалай келгенін бір сағаттан аса айтқанда осындай зерделі қарияның тоқсаннан асса да ойлау, еске сақтау қабілетінің жүйріктігіне қайран қалдым.
Таспаға түсіріп отырған соң ақынның ойын бөлгім келмесе де, жастығым болар шыдамым таусылып, сұрақты төтесінен қойдым.
– Ата, мүлдем ұмыт болған мына жырларды қайдан жаттап үлгердіңіз, еске сақтау қабілетіңіздің жақсы болғаны ғой деймін.
Атам да шиқылдап бір күліп алып, төтесінен жауап берді:
«О, көк ми, оның жартысы Шәкір ғой» дегені бар емес пе. Ұлы Абай поэзиясының мөлдір қайнарынан сусындап, тұнығын түгел жаттап өскен ақын болған соң, әрине солай болған да шығар. Әр нәрседен сақ отыратын атамыз көзін сәл сығырайтып: «Әй, көк ми, Ыбраев, мына көккөзді қайдан тауып алғансың, шпион емес пе?» – деді дастарқанның бір бұрышында тығылып жазып отырған таспагерге одырая қарап. Онысы таспаға түсірме дегені. Сол тарихи таспаның көшірмесі менде әлі сақтаулы. Итжеккенге үш барып, түбіттей түтілсе де, шарболаттай шыңдалған атам да сол баяғы сақтығынан айнымаған екен. Осыны сезді ме қырсық – қыңыр сөздерді айтып, әңгімеміз Байғарадан Ақтайлақ бастатқан он жеті ақынның шығармашылығы мен Әріп ақынның жайына келгенде атам тас-талқан бола қалды. Іштей жақсы басталған дүние бүлінді-ау деген қаупім де болмай қалған жоқ. Осы бір сәттен соң, дастарқанның арғы шетінде отырған Келденбай домбырасын қолына алып баяулатып қана, Шәкірдің жүректі лүпіл қақтыратын әуезді әнін тарта жөнелді. Ол эпик ақын ғана емес, алуан сазды күйлер мен әндердің иесі болатын. Атамыздың әнін насихаттап орындаушы абайлық әнші Амангелді Жікеновтің орындауындағы көптеген әндері алтын қорға да енген-ді. Шатақ шалдың шәлкем – шалыс мінезін білетін Келденбай оң жамбасына келетін атамның «Дәмежан» әнін аңыратып қоя берді. Асқақ ән, кең тынысты дауыс, жүректегі шерді қозғағандай. «Дәмежан» Шәкірдің жастығының аңсары болатын. Басын қалтылдатып кәрі қырандай қомданды. Дегенмен үн-түнсіз өз бөлмесіне кіріп кетті. Атамыздың айрықша ермегі зергерлік болатын, қолынан келмейтіні жоқ, домбырасын да өз қолымен жасаған. Төсегінің қасындағы темір төстіктің қасына келіп отырғанда Төкен аға Әріп ақын жайлы қаузай бастады, сол-ақ екен жастығына шынтақтап жатып алды.

Әріп екеуі Семейдің Приходская школасында бірге оқыпты

Ақынның Әріпті білмеуі тіптен мүмкін емес, екеуі де Семейдің Приходская школында орысша білім алған. Жас айырмасы болмаса, шығармашылығын жақсы біледі. Әріп дүниеден қайтқан жылы 22 жастағы Шәкірдің жоқтау өлеңінде:
Шөктің бе бес Байыстың шөңгел нары,
Қайғыңа ортақ болды жас пен кәрі.
Ғылымнан он екі пән хабардар боп,
Кеудеңе түсіп еді күн дидары.
…Өнерге қолың создың бала жастан,
Қорытқан құрыштай боп қара тастан.
…Батыс пенен Шығысқа қанат жайып,
Бүркеген надандықтың бетін ашқан, деп жазды.
Атамыз темір төстігін бір ұрып қойып әңгімесін бастады.
– Біздің үйде әкемнің Самарқаннан әкелген күміс сағаты болатын, сол сағат сынып қалып, мына «Жыландыда» тұратын ұстаға апардым. Оны сындырған тағы осы Шәкір ғой, бір аптадан кейін кел деген соң бардым, «әлі дайын емес» деді. Күмілжіп атымның үзеңгісіне аяғымды сала бергенім сол еді, көлеңкеде отырған бір шал қолын бұлғап шақырды.
– Әй, сен Әбенннің баласысың ба?
– Иә.
– Ендеше, тыңда, сенің сағатыңды ұстадан Әріп ақын аттай қалап алып кетті, сағатың сонда, – деді. Күміс баулы, күміс сағат шынында келісті еді, сыртында әдемі ою-өрнегі болатын. Алақандай 4-5 үйдің ішіндегі қызыл тастан салынған қызыл үйге келдім, алдымнан дәу қара қатын шыға келді, қатыны шығар деп ойладым. Шәкір атам осылай қыңыр сөйлемесе әсте отыра алмайтын. Қой сойып, қонақ қылды, ертеңінде үйге келдім деп, күміс сағатты алған – алмағанын айтпастан сырттағы өзі отыратын үлкен ағаш кесектің үстіне отырып, жота жаққа ұзақ қарап, «қара күзде келерсіңдер» деп күңк етті. Күн еңкеймей Жидебайға жетіп, Кеңгірбай бабаның кесенесін түсіріп, «Оспан» көлінің басында Келденбайдың екі әніне бейнебаян жасап, таң алдында Семейге келдік.
Қараша қаздар қайтып, қарашаның ызғары да келіп жетті.
Жаңылмасам, сенбі күні болатын. Түс ауа Келденбай телефон шалды, атамыздан айырылып қалыппыз…
Дархан даламыздың Алатаудай алыбы, мұхиттай терең шексіз мол кені өмірден өтіпті. Өмірден алпыс жыл соққы көрсе де, өмірге деген адалдығын ешқандай пұлға, атақ пен мансапқа айырбастамай, асыл сөзден жаңылмаған ерен қайраттың иесі, өзі меңзеген қара күзде мәңгілік сапарға аттаныпты.
Күміс сағат жайлы хикаятты да өзімен бірге әкетті.
Жұмбақ жан еді ғой, Атам!

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button