Қоғам

Көмірді әлеуметтік бағамен саудалайды

Көмірді әлеуметтік бағамен саудалайды


Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев пен «Қаражыра ЛТД» ЖШС директоры Марғұлан Мақышев қаладағы тұрмысы төмен отбасылар үшін көмірді әлеуметтік бағамен жеткізу туралы меморандумға қол қойды.

Естеріңізге сала кетейік, Өскемен қаласы әкімдігі мен «Қаражыра ЛТД» ЖШС арасындағы мұндай келісім-шарт 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Биыл көмір кенішінің басшысы Марғұлан Мақышев қаладағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін 30 000 тонна көмірді жеңілдетілген бағамен саудалайды. Қазір көмірдің нарықтағы бағасы – 7500 болса, әлеуметтік бағасы – 7050 теңге. Шаһар басшысы Ерлан Аймұқашевтың айтуынша, өткен жылы қаланың 8250 тұрғыны қолжетімді бағадағы көмірмен қамтамасыз етілген.

– Бүгінде «Қаражыра» ЖШС Елбасының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі тапсырмасын орындады қағаз жүзінде емес, нақты іспен дәлелдеп отыр. Жүздеген өскемендіктер бүгінде қара отынды әлеуметтік бағамен алуға қол жеткізді. Алдағы уақытта біз көмірді жеткізумен айналысатын автокөлік қызметінің бағасын төмендетуді қолға алмақпыз, – деді Ерлан Аймұқашев.

Сегіз жыл ішінде «Қаражыра ЛТД» ЖШС директоры қайырымдылық шарасы ретінде қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүгедектер, көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар үшін 100 мың тонна көмірді тегін таратқан. Осы уақыт аралығында 45 000 адамға 20 млн. теңгенің көмірін нарық бағасынан 450-500 теңгеге арзан бағада саудалаған.

– Көмірдің алғашқы партиясын тамыз айының 15-сіне дейін алу қажет. Одан кейін жылыту маусымына дайындық басталған кезде бағасы қымбаттап кетеді. Оның өзіндік себептері бар. Біз бағаны бақы¬лау¬да ұстағанмен, өңірдің жол қатынасы, өзге де себептерге байланысты оның құнының жоғарылайтыны рас, – дейді Марғұлан Мақышев.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button