Қоғам

Көмір жеткізуді кешіктіріп жатыр

Көмір жеткізуді кешіктіріп жатыр


Облыс тұрғындарының көмірге қажеттілігінің 74 пайызы ғана қанағаттандырылған. Оның үстіне қара отынның сапасы сын көтермейді. Оның бағасы да қазір шырқап кеткен. Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында жылыту маусымына дайындық және облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асхат Букатовтың берген мәліметтеріне жүгінсек, шығысқазақстандықтардың қатты отынға барлық қажеттілігі 1 млн. 141 мың тонна болса, қазір оның 840 мың тоннасы жеткізілген, яғни қажеттілік 74 пайызға өтеліпті. Басқарма мамандары көмір беретін жерге күнделікті барып, жағдайды қадағалауда. Қазан айы туғалы отын алушылардың белсенділігі артқаны байқалады.

– Дегенмен проблемалар да жоқ емес, – деп ашығын айтты ол. – Бізде екі тасымалдаушы бар, екеуі де көмірді жеткізуді кешіктіріп жатыр. «Сейком» ЖШС қыркүйекте 97 ашық вагон немесе 6 мың тонна, 8 қазандағы жағдай бойынша 16 ашық вагон немесе 1093 тонна қара отынды жеткізген жоқ. «ВЭУС» ЖШС-нің өткен айдағы қарызы 7,5 мың тонна, ал осы айда бес ашық вагон немесе 350 тонна көмірді жеткізбеді.

Сонымен қатар тұрғындардан көмірдің сапасына шағым түскен. «Қатты отын топырақ және жыныспен араласқан» дейді тұтынушылар. Асхат Кенжебекұлы осыған орай «Қаражыра» АҚ-ның бас директорына хат жолданғанын айтты. Комиссия құрылып, акт жасалғаннан кейін, сапасыз көмірді ауыстыруға болады.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, ең қымбат көмір Үржар ауданында сатылады, бір тоннаның бағасы – 16700 теңге. Баға қымбаттығы жағынан екінші орында Күршім ауданы – 15 мың теңге. Үшінші орында – Риддер қаласы- 14,500 теңге. Көкпекті мен Катонқарағайда тоннасы 14 мыңнан, Зырянда 9100 теңгеге сатылады. Ең арзан көмір Семейде – тоннасы – 7400 теңге. Облыс орталығында көмірдің бағасы – 8800 теңгенің айналасында. Бұдан бөлек, тасымалдаушылар жеткізіп бергені үшін кемінде бес мың теңге сұрайды.

-Өткен жылы да осындай жағдай орын алғанын білеміз. Саудагерлер бағасы арзан аудандардан сатып алады да, мысалы, Зыряннан, Көкпекті мен Катонқарағайға апарып, жоғары бағамен саудалайды. Ауылдың шетіне келіп, «алсаң осы баға, алмасаң өзің біл» дейді. Жағдай алаңдаушылық тудырады, сол себепті қатаң бақылауға алу қажет, – деді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюк.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button