Қоғам

Көмір таситын вагондар жетпей жатыр

Көмір таситын вагондар жетпей жатыр
Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов «Қаражыра» ЖШС-не арнайы барып қайтты. «Қаражыра» ЖШС-нің бас директоры Марғұлан Мақышевтың айтуынша, көмір қоры бар болғанмен, соңғы екі айда оны таситын вагондар мүлде жетпей жатыр.
– Маусым айына дейін біз көмір жеткізуде тоқтаусыз жұмыс істеген едік, – деді бас директор Марғұлан Мақышев, – тек соңғы екі айда жылдық жоспардан едәуір қала бастадық. Егер өткен жылы 7 млн. тонна көмір шығаруымыз керек болса, биыл ол көрсеткіш 8 млн. тонна шамасында деп белгіленген. Соңғы екі айда вагон жетіспеушілігі салдарынан көмірді жеткізе алмай жатырмыз. Жылдық көрсеткішті де орындай алмай қаламыз ба деп отырмыз. Біз бұл жөнінде «Қазақстан теміржолы» басшылығына да айттық. Сонымен, жұмыс үдетіп, қыркүйектің 1-іне дейін олқылықтардың орнын толтырамыз деп ойлаймыз.
Директордың маркетинг жөніндегі орынбасары Әсет Сыдықовтың айтуынша, қазір қоймада 100 мың тонна көмір дайын тұр. Көмір қазуда техникалар жеткілікті, себебі, инвестициялық бағдарлама арқылы 9 миллиард теңгеге алты БелАЗ және Hitachi экскаваторлары сатылып алынған. Биылғы 7 ай ішінде вагон жетіспеушілігіне қарамастан 3 миллион 843 мың тонна көмір тиелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 860 мың тоннаға артық.
– Иә, өткен жылдың қысында Семей қаласы ғана емес, Қазақстан бойынша көмір жетпей қалды, – деді Әсет Сыдықов. – Майқұба, Сарыадыр тұстарында көмір шығару жұмыстары біраз кешеуілдеді. Банктегі мәселелерге орай көптеген кедергілер де шықты. Сөйтіп, Солтүстік Қазақстан және Орталық Қазақстан аймақтарында көмір тапшылығы туындады. Біз сол кездері 200 мың тонна деп жоспарлаған коммуналдық шаруашылыққа арналған көмірді 800 тоннаға артық тиеуге мәжбүр болдық. Өткен жылдың оқиғаларынан сабақ ала отырып, облыс бойынша жұмыс штабы құрылды. Сол штаб белгілеген жоспарлар бойынша біз қазір жұмыс істеп жатырмыз.
Алдағы уақытта көмірді аудан, қалаларға жеткізетін кәсіпкерлер бағаны өсірсе, олар айыппұл төлейтін болмақ. Бұл мәселемен монополияға қарсы комитет айналыспақшы. Энергетика басқармасының мәліметі бойынша Қаражырадан көмір шығарылғанда тоннасы 6200 теңге болып белгіленген. Өскеменде көмір бағасы тоннасына 8800 теңге, әлеуметтік баға – 8300 теңге, ал Семейдегі пункттерде – 7400 теңге.
Осы тамыз айынан бастап «Қаражыра» көмір қойнауынан облыстың тұрмыстық қысқа қажеттігі үшін қара алтынды тиеу 68 мың тоннаға жеткізілмек. Бұл тәулігіне деп есептесек, 40 вагон көмір, тең жартысы Өскемен қаласының қажеттілігіне кетеді.
Көмір таситын вагондар жетпей жатыр
«Семей бойынша биыл қыста көмір жетіспеушілігі орын алмайды» деді қала әкімі Ермак Сәлімов. Десек те, жыл сайын көмір бағасының қымбаттауы көрініс беруде.
– Тұрғындар қыста үйлерін жылыту үшін көмірді кімнен сатып алатындықтарына өздері таңдау жасайды, – деді қала әкімі, – көмір бағасы нарық жағдайында біраз көтерілетіні рас. Бірақ біз тұрғындарға жағдай жасауымыз керек. Халыққа көмірді тиімді бағада жеткізіп беретін кәсіпкерлер де атсалысса дейміз. Тағы бір мәселе, осы уақытқа дейін көмір тасып, жеткізіп жүргендер кімдер, соларды анықтау керек. Алып-сатарлар көмірді тиеп алып, тым қымбатқа сатып отырса, бұл дұрыс емес. Есебін беру кезінде 14 ауылдық округті аралап шықтым. Бірде-бір адам көмірді осылай аламыз деп жөнін айтып, алдыма келмеді.
Иә, соңғы кездері Қарағанды, Павлодар облыстарынан да келіп, көмірді әкетіп жатқандар бар екен.
– Біз өткен жылы көмір жетпей қалған кезде байқағанымыз, көмір тиеуге келген әрбір бесінші көлік Павлодар облысынан болып шықты, десек те Павлодарда біз сияқты көмір өндіретін сегіз өндіріс орны бар, – дейді «Қаражыра» АҚ бас директоры Марғұлан Мақышев, – олардың көмірді өздерінен емес, бізге келіп тиеп әкетулеріне бір себеп бар сияқты. Талдықорған, Алматы, Қарағандыдан да жүк көліктері жиі келіп жатты.
Дегенмен, олардың Семейдің арзан көмірін тиеп алысымен қай бағада сататындығын ешкім тексеріп жатпаса керек. 2016 жылы «Қаражыра» АҚ 5,9 млн. тонна, 2017 жылы 6,8 млн тонна көмір өндірген. Жыл сайын көрсеткіш артып отыр. Сұраныс та өте жоғары. Жоба бойынша тәулігіне 17 мың тонна көмір тиеу керек болса, қыстың суық кездері бұл 23 мың тоннаға жетеді екен. «Қаражыра» серіктестігі Шығыс Қазақстан, Жезқазған, Алматы облыстарының ірі энергетикалық кәсіпорындарын көмірмен қамтиды. Сондай-ақ Қостанай, Петропавл, Ақтөбе облыстарының кәсіпорындарына да жеткізіледі. Сондай-ақ көмір көлемінің ең көбі Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының коммуналдық тұрмысына жұмсалады, бұл жылына 1 млн. тонна екен. Облыстың Тарбағатай, Үржар сияқты кейбір аудандарына жеткізілетін көмір бағасының құны едәуір қымбат болса керек. Алдағы уақытта бұл баға мәселесі де назарға алынатын болды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button