КӨМІР КЕНІШТЕРІНДЕ ҚАНША ҚОР ҚАЛДЫ?
Алты ай қыста от жағып, үй жылыту үшін облыс халқына 1млн. 135 мың тонна көмір қажет. Қазір бұл қажеттіліктің 720 мың тоннасы жеткізіліп, ел қысқы отынмен 65-70 пайыз қамтылды. Аймақта кеніштерден өндіріліп жатқан көмірді жұртқа жеткізіп берумен 34 дайындау-бөлу пункті айналысып жатыр.
ҚЫМБАТ ОТЫННЫҢ КӨПТІГІНЕН НЕ ПАЙДА
Облыстық энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ринат Болатханның түсіндіргеніндей бүгінгі күні өңірдің көмір нарығындағы жағдай тұрақты. Көмір тапшылығы жоқ, кеніштерден тасымалданып жатқан отын қоры жеткілікті.
Қазір Қаражыра кенішінен көмірдің тоннасы 3 мың 200 теңгеден сатылып жатыр. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бұл биылға бекітілген нақты баға, өзгермейді.
Көмірді аса көп қажет ететін Өскемен мен Семей қаласының тұрғындары қыс бойы 235-250 мың тонна көмір жағады. Облыс орталығында халыққа көмір сатып отырған «ВЭУС» ЖШС-нің Защита мен Сол жағалау ауданының Самар тас жолы бойындағы қоймаларында көмір тоқтаусыз сатылып жатыр. «ВЭУС»-тың Аягөз, Зырян, Шемонайха, Глубокое аудандары мен қала маңындағы Предгорное ауылындағы көмір қоймаларынан да күні бойы сатылып келеді. Қыркүйек айынан бері ол қоймалардан 140 мың тонна көмір сатылған.
Тас көмірге деген тапшылық жоқ болғанымен, облыста оның бағасы 15-20 пайызға қымбаттап кеткен. Энергетика министрлігі көмірдің бұлайша қымбаттауына ең алдымен теміржол тасымалы қызметі бағасының көтерілуі әсерін тигізді деген түсініктеме таратты. Ал облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметі бойынша, қазір (бір апта бұрын. авт.) облыста көмірдің орташа бағасы 10 мың 389 теңге, ал Өскемен қаласында 8 мың 50 теңге болып тұр. Жергілікті жердегі ТҮКШ бөлімдері мен аудан әкімдіктерінің облыстық басқармаға беріп отырған соңғы мәліметтеріне қарасақ, осы күні көмір барлық аудандарда қолжетімді бағаға, тіпті арзанға сатылып жатыр. Мәліметте: Зайсан ауданында көмірдің тоннасы – 10мың 500, Күршім ауданында – 13 мың, Катонқарағай ауданында 12 мың 500 теңге деп көрсетілген. Оған қарап отырып тұрғындардың көмір бағасының қымбаттап кеткені туралы айтып, жазып жатқаны жалған ба деп қаласың. Үржар ауданындағы көмір бағасының құны ғана шындыққа жақын болып шықты – 16 мың теңге.
-Облыста көмірмен қамтамасыз етуге байланысты ешқандай мәселе жоқ. Өскемен қаласы, Зырян, Аягөз, Глубокое, Шемонайха аудандары бойынша көмірді қоймаға тасымалдап, бөлуші-«ВЭУС» толайым сатып алу кәсіпорны басшысымен, Қаражыра көмір кеніші, «ҚТЖ» АҚ өкілдерімен, қалалық әкімдікпен бірлесе жиын өткіздік. «ВЭУС» ЖШС Қаражыра кенішіне көмір тасымалдау көлемін 20 вагонға көбейтуге тапсырыс беріп отыр. Яғни, бұрын тәулігіне орта есеппен 54 вагон көмір жеткізіліп тұрса, енді ол 74 вагонға көбеймек. Жолда 100 вагон көмір келе жатыр. Ол көмір аптаның аяғында келеді. Иә, «ВЭУС» қоймаларының алдында ұзын сонар кезекке тұрған көліктердің көптігін көріп отырмыз. Бірақ бұл көмір тапшылығын білдірмейді. Күзде жапа – тармағай көмір сатып алуға ұмтылған халық бұл дүрбелеңді қолдан туғызып отыр. Былтырғымен салыстырғанда биыл көмірдің мөлшері 122 пайызға көп. Қаражыраның көмірін дайындап, жеткізумен айналысатын 33 субъекті бар. Бәрі де өз аймақтарын көмірмен қамтып отыр. Өскемен қаласы, Зырян, Шемонайха, Глубокое аудандарындағы көмір қоймаларына көмір і 24 сағат бойы келіп жатыр. «Қазақстан темір жолында» да көмір тасымалының жағдайы күнделікті бақылауда,-дейді облыста көмір тапшылығы жоқ екенін айтқан басқарма басшысының орынбасары Ринат Болатхан.
Өскемен қаласы бойынша әлеуметтік көмір 7 600 теңгеден сатылып жатыр. Бұл топқа жататын тұрғындарға 2017-2018 жылдардың қыс мерзіміне 35 мың тонна көмір қарастырылған. Соғыс ардагерлері, көпбалалы ааналар, зейнеткерлер мен мүгедектерге жеңілдікпен берілетін көмірді қажет ететіндердің тізімі жасалып, көмір тасымалданып, жеткізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 35 мың тоннаның 20 мың тоннасы жеткізілген. Көмірдің бөлінуіне Ауған соғысына қатысушылардың ұйымы бақылау жүргізіп отыр.
ЖАҒДАЙДЫ РЕТТЕУ – ЖЕРГІЛІКТІ ӘКІМДІКТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ
Кейбір жергілікті әкімдіктегілердің жауырды жаба тоқып, жоғарыға берген өз ақпарларында көмір бағасының көтерілмегенін көрсетіп баққысы келгенімен, көмір күтіп жүрген халыққа одан не қайыр? Өскеменде 8 мың 50 теңгеге ауылға екі еселеніп, 16 мың теңге болып жетіп жатқан көмірге, көмір нарығына бақылау жүргізіп, реттейтін, оның қымбаттамауына тосқауыл қоятын біреу бар ма?
-Былтыр басқарма көмірдің кеніштен шығып, қоймаға түскеніне, одан әрі қарай тасымалданып, ауылға жеткеніне дейінгі бағасына талдау жасады. Қаражырадан қаншаға сатылды, қай жерге қандай бағамен жеткізілді? Көмірдің жылжу сызбасын жасадық. Былтыр облыс орталығында көмір 7 мың 200 теңге болған. Талдау нәтижесінде көмір құнының ауылға дейін 20-25 пайызға өсіп кеткендігі анықталды. Әр аудан әкімдігі, жергілікті әкімшілік көмір бағасының ауылға жеткенше бұлайша көтеріліп, қымбаттап кетпеуіне тосқауыл қойып, нарықтағы жағдайды реттеудің тетіктерін тауып, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізу керек. Былтыр мысалы, Көкпекті, Тарбағатай аудандарының әкімдіктері меморандумдарға қол қойып, халыққа жақсы жағдай туғызды. Бұл бағытта аудан әкімдіктері Өскемен қаласы әкімдігінің атқарып отырған іс-шараларын назарға алса, -дейді Ринат Болатхан.
ҚАРАЖЫРАНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ ЖҮЗДЕГЕН ЖЫЛҒА ЖЕТЕРЛІК
Сонымен, көмір қалай қымбаттап кетті? Кім кінәлі? Облыс әкімінің тапсырмасына орай қазір табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті, тұтынушылар құқығын қорғау департаменті өңірдегі көмір нарығына тексеру жүргізіп, осы сауалдардың жауабын іздеп жатыр.
Сала мамандары көмір қоймаларға жыл он екі ай бойы келіп отыратынын, сондықтан халық көмірді жаппай күзде, қыс есіктен енер шақта, емес одан ертерек, уақыттың кең шағында жазда алып қоюы қажет екенін ескертеді.
Қара алтынға бағаланып отырған таскөмір елімізде негізінен Қарағанды мен Павлодар облыстарында өндіріліп жатқаны белгілі. Біздің облыста көмір өндіріп жатқан үш көмір кеніші: Қаражыра, Кендірлік, Алакөл қазба орындарының кеніштері жұмыс істеп тұр. «ВостКазНедра» аймақаралық департаменті мамандары бүгінде өңірдегі аса ірі кеніш – Семей маңындағы Қаражыра кенішінде 890 миллион 684 мың тонна көмір қоры бар екенін есептеп отыр. Бұл қор шамамен алдағы 154 жыл бойы пайдалануға жетеді. Былтыр мұнда аса ірі көлемде, 4 миллион 900 мың тонна көмір өндірілген. Қызуы мол, сапасы айтарлықтай жоғары көмір өндіріп отырған бұл кеніште өткен алты айдың есебі бойынша 962 жұмысшы еңбек етіп жатыр.
– «Кварц» компаниясы пайдаланып отырған Зайсан ауданындағы 1994 жылы ашылған «Кендірлік» кенішінің көмір қоры 12 миллион 631 мың тонна көлемінде. Өткен жылы «Кендірлік» кенішінен 55 мың тонна көмір алынған. Аймақтағы ең шағын кеніш- Үржар ауданының Алакөл маңындағы көмір кенішінің қоры 4,922,7 мың тонна көлемінде. Еліміздің қазба байлықтары картасында 1959 жылдан бері пайда болған бұл кеніштің көмірін де халық пайдаланып келеді. Облыс көлемінде жұмыс істеп жатқан табиғат пайдаланушы субъектілер арасында әзірге бұл нысандардан басқа жерлерде көмір өндіріп жатқандар жоқ, -дейді «ВостКазНедра» аймақаралық департаменті мемлекеттік баланс және геологиялық қорлар бөлімінің басшысы Динара Рахимова.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ