Қоғам

Үкіметтік емес ұйымдар нәтижелі жұмыс атқарып жүр

Үкіметтік емес ұйымдар нәтижелі жұмыс атқарып жүр


Кеше Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бас корпусында «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: болашағымыз – бірлікте» атты үкіметтік емес ұйымдардың облыстық форумы болып өтті. Республикалық азаматтық форумның қарсаңында өткізіліп отырған шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, аймақтағы үкіметтік емес ұйым басшылары, қоғамдық және мемлекеттік ұйым өкілдері қатысты.

Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы әріптестік қатынастарды нығайту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты.Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ әлеуметтік саланы дамытуда, аймақтардағы өзекті мәселелерді шешуде ҮЕҰ жетекшірөл атқаратындығын үнемі айтып отырады.
Ағымдағы жылы облыста қоғамдық бiрлестiктердің әлеуметтік жобаларды іске асыруына 321,6 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қала және аудан әкімдіктері, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, ішкі саясат, денсаулық сақтау, дін істері жөніндегі басқармалар 67 жобаны іске асыруда.

Қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, өзекті мәселелерді шешу, келісім мен тұрақтылықты сақтау бойынша ҮЕҰ-дың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы сияқты үлкен ауқымды мәселелер семинар-тренинг күнінің бірінші жартысында талқыланды.Түстен кейін үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, қоғамдық кеңес басшылары қатысқан пленарлық отырыс өткізілді.

Отырыс модераторы «ШҚО Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Олег Чернышов форум жұмысына қатысуға биыл алғашқы рет қала мен аудандарқоғамдық кеңестерінің төрағалары шақырылып отырғанын жеткізді.Оның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдардың облыстық форумы республикалық азаматтық форум қарсаңында өткізіліп отыр және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын, облыстық басқармалар мен департаменттердің, қалалар мен аудандар ішкі саясат бөлімдерінің өкілдерін біріктіреді.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар алдымен жиналғандарды алда келе жатқан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.

–Мемлекет басшысы үкіметтік емес сектордың дамуына ерекше мән беріп, осы салаға қаржы бөлдіртіп келеді. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдардың қоғам өмірінде алатын орны айрықша. Шығыс Қазақстан осы сала бойынша елімізде көш басынан көрінуде. Биыл өңірде бюджет көлемі 30 пайызға қысқарғанына қарамастан, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру 25 пайызға ұлғайды. Ал қазіргі қоғамдық кеңестер ең алдымен қанатқақты жоба ретінде біздің өңірде іске кірісіп, жақсы нәтиже көрсеткен-ді. Форум аясында бүгін түрлі алаңдарда сіздер өзара пікір алмастыңыздар, тәжірибелеріңізбен бөлістіңіздер. Осы тұрғыдан алғанда жылда дәстүрлі түрде өтетін осы келелі басқосудың тиімділігі аса зор. Келер жылы елімізде «ЭКСПО» көрмесі өтеді, бұл халықаралық деңгейдегі ауқымды шараға да үкіметтік емес сектордың қосар үлесі зор болмақ. Мұнымен қоса, жұмыссыздықпен, деструктивті діни ағымдармен күрес бағытында да атқарушы билік пен азаматтық қоғам институттары бірлесе күш жұмылдырып, жұмыс істеуі тиіс, – деген Жақсылық Омар алда тұрған ортақ маңызды мәселелерді саралап өтті. Олар – қоғамдық кеңестер жұмысын ширату, қоғамдық бақылау тегершіктерін жетілдіру, осы саладағы тың жобаларды қолға алу.

Сонымен қатар, жиында шетелдік қорлармен ынтымақтастық саласында, сырт елдерден келетін гранттарды игеру бағытында негізгі басымдықұлтаралық келісім мен ішкі тұрақтылықты сақтау болу керек екені де айтылды. Бұл орайда азаматтық институттар құқық қорғау органдарымен және ішкі саясат басқармасымен тығыз жұмыс істеуі керек.

Жиында облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментінің жаңа басшысы Бақтияр Камалов қазіргі зааманның өзекті мәселесі – сыбайлас жемқорлықты жою үшін үкіметтік емес ұйымдармен түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырып отырғандарын атап көрсетті. Арнайы ақпараттық топтар құрылып, жоспарлар жасалған. Олардың құрамында азаматтық сектор өкілдері бар.

–Қоғамның қолдауынсыз аталмыш бағыттағы жұмыстың нәтижесі шамалы. Сонымен бірге, қоғамдық ұйымдар кәсіби мемлекеттік басқару аппаратының қалыптасуына және оның сапасын арттыруға көп септігін тигізе алады, – деп ой білдірді департамент басшысы.

«Феникс» даму және бейімделу орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нәзигүл Ахметжанова өздері атқарып жатқан жобалардың тиімділігіне тоқталды. Олар тек мемлекеттік тапсырысқа ғана арқа сүйемей, басқа көздерден де қаржы тартып отыр. Бірлестік басшысы өз тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік тапсырысты сапалы орындауға мән беру керектігін баса айтты. Семей қаласынан келген «Жастар салауатты өмір салты үшін» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерсін Құдияров та өз жұмыстарын баяндап өтті. Айталық, олар жастар ұйымдары өкілдерімен және жергілікті полициямен, пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп заңсыз қоқыс тастау орындарын жоюмен айналысқан. Бұл іс қоғамдағы шиеленісті төмендетуге септігін тигізіпті.
Аймақ белсенділері тәуелсіздік жылдарындағы атқарылған жұмысты талқылап, алға қойған мақсаттарымен бөлісті. Форумның бірінші бөлімінде қатысушылар семинар барысында қоғамдық кеңестің жұмысын талқылай отырып, мемлекеттік мекемелер және БАҚ өкілдерімен бірлесе жұмыс атқару бойынша пікір бөлісіп, тәжірибе алмасты. Айтылған ұсыныстар мен жаңа идеялар республикалық азаматтық форумында ұсынылмақ.

–1-желтоқсанға дейін тиісті басқарламалармен бірлесе отырып, басым жобаларды, мемлекеттік тапсырыстарды белгілеп, анықтап алу керек. Мәселен, мектептерге үштілділікті енгізудің, «ЭКСПО» көрмесін өткізудің мән-маңызын халыққа жете барынша түсіндіру қажет деп санаймын. Сіздер тұрғындармен жиі кездесесіздер, сол себепті бұл бағытта көп көмек көрсете аласыздар. Біз осы мерейтойлы жылды лайықты аяқтауымыз қажет. Бар мәселелерді білеміз, қалай шешу керек екені де белгілі, тек бірлесе еңбек етуіміз керек.Жалпы алғанда облыстағы үкіметтік емес ұйымдар жұмысының нәтижесі көңіл көншітеді, – деп түйіндеді жиынды облыс әкімінің орынбасары. Жақсылық Омар сонымен қатар, «үкіметтік емес ұйым» деген тіркесті «коммерциялық емес ұйым» деп өзгерту туралы өз ойын білдірді. Себебі, «үкіметтік емес» дегендікейбіреулер үкіметке қарсы, яғни,оппозициялық деп түсінеді.

Форум соңындаөңірдің белсенді үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілер марапатталды, олардың қатарында «Исток» бірлестігінің төрайымы Людмила Михайлова, «Антарес А» қорының төрағасы Виктор Дак, қоғамды дамытуды ақпараттық қолдау қорынның жетекшісі Ольга Свириденко, «Феникс» орталығының төрайымы Нәзигүл Ахметжанова және тағы басқалар бар. Жиында сондай-ақ, 25-қарашада Астана қаласында өтетін республикалық азаматтық форум делегаттарының тізімі бекітілді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button