Қоғам

Көмекке келер көршің бар

Көмекке келер көршің бар


Желе-жортып желтоқсан да келіп қалды. Қытымыр қыстың қарсаңында өңіріміздің жол қызметкерлері жылдағы дағдымен сақтық шараларын пысықтап алу мақсатында ресейлік әріптестерімен тізе қосып оқу-жаттығу жиынын өткізді.

– Шекаралы өңір болғандықтан, біз Ресей жолшыларымен бірлесіп жұмыс атқарамыз. Арнайы оқу-жаттығулар былтыр Омбы қаласының маңында өткен. Биыл облысымызда өткізуге қам жасадық. Жол қатынасының қыс мезгілінде қиындайтыны анық қой, сонда осы жұмыстың нәтижесін көреміз бұйыртса, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов.

Алғашқы күні қыс тоқсанына арналып жоспар құрылды. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар талқыланды. Ал екінші күні Өскемен-Шемонайха-Ресей тасжолының бойында бірлескен арнайы оқу-жаттығу жиыны жүргізілді. Онда төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, жол қызметкерлері, медицина саласының өкілдері және басқа да жауапты орындар өздерін сыннан бір өткізіп, дайындықтарын пысықтап алды.

Ресей Көлік министрлігі «Росавтодор» Федералды жол агенттігінің басшысы Роман Старовойт екі жақтап қолға алған істің ілгері басатынын айта келе:

– Бізге екі елдің Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин нұсқау берді. Нәтижесінде, міне, жұмыла кірісіп, қиындыққа тап болған жолаушыларды құтқару бойынша дайындығымызды пысықтап, арнайы оқу-жаттығу өткізуге бекіндік. Ісіміз жемісті болатынына былтыр көзіміз жеткен, – деп нақтылады.

Оның айтуынша, қыстыгүні қатты боран болғанда немесе қар қалың түскенде, әсіресе шекаралық аймақтарда көліктер жолда қалып қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Мінеки, сондай төтенше жағдайлар туындай қалса, екі елдің оқиға орнына жақын тұрған техникалары бір-біріне көмектесуге дайын болады. Бірлесіп оқу-жаттығу өткізудегі түпкі мақсат та сол – жолаушылардың бас амандығы.

Мұндай оқу-жаттығу жиындары ендігі жерде дәстүрге айналып, келесі жылдары Павлодар немесе Ресеймен шекаралас басқа да облыстарда жалғасын табатынын айтады, Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев.

Аталмыш жиында жол сапасын жақсарту мәселесі де сөз болды.

– Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара сызығы 7,5 мың шақырымды құрайды. Шекара бойында 19 өткізу-бақылау бекеті орналасқан болса, соның бесеуі күрделі жөндеуден өтті. Төртеуінде жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Ал қалғандарының жобалық құжаттамасы әзірленуде, олар 2018 жылдан бастап қолға алынады, – деді Мереке Пішембаев.

Жасын Қалибек

Осы айдарда

Back to top button