Қоғам

Күлсағат әженің наурыз көжесінен бүкіл ауыл дәм тататын

Күлсағат әженің наурыз көжесінен  бүкіл ауыл дәм тататын


103 жасқа келген Күлсағат Жаппарова әжеміз ұзын жолдың бойына орналасқан шағын ғана Шыңғожа ауылында тұрады. Жасы жүзден асқан қария 17 құрсақ көтерген, қазір соның 11-і тірі. Солардан 45 немере, 71 шөбере, 15 шөпшек көріп отырған бақытты жан.

Күншуаққа қойған сәкіде отырған ол кісі бізді көзін күннен қолымен көлегейлей қарсы алды:

-Ә- ә- әй, қай баласыңдар? Амандықпысың?

-Әже, былтыр осы Наурыз мерекесінің қарсаңында келіп сәлем беріп кеткен балаларыңбыз, «Дидар» газетіненбіз,- деуіміз мұң екен, бойын тіктеп, жаулығын түзеді. Әңгіме ауаны күнделікті күйкі тіршілікке ауысқан соң кейуана бір күрсініп алып:

-Е- е- ей, шырақтарым-ай, бір Алла, сосын осы Амандық ұлым мен Гүлнар келінімнің арқасында ғұмыр кешіп жатқан жайым бар, құлындарым. Аллаға шүкір, балаларымның бәрі де қарайласып тұрады. Тек осы екеуінің қолында тұрып жатқан соң осылар аузыма түсе береді де,- деп ризашылықпен күлімдеп қойды.

Қарт әженің барлық жағдайын жасап, асты-үстіне түсіп отырған перзенттеріне риза болдық.

-Әжеміз шынында да қартайып қалды ғой. Бұл кісілер заманның ойпыл-тойпыл кезеңінде өмір сүргендіктен, тағдырдың тауқыметін көп тартқан жандар,- дейді осындағы Шыңғожа батыр атындағы орта мектептің ұстазы, ұлы Амандық Жаппаров. -Бізге берген тәлім-тәрбиесінің арқасында өмір атты теңізде еркін жүзіп келе жатырмыз ғой. Бұл кісіге тән бір қасиет – өте ұқыпты, таза жан.

Шынында да егде тартып, еңкейсе де әженің үстіне қылау түсірмей келе жатқаны байқалады. Бұған әрине, келіні Гүлнардың да көмегі тиіп жатқаны анық.

-Бәрі ауылымыздың берекесі мен бірлігінің арқасы ғой, жыл сайын наурызкөже жасап, алтыбақан құрып, асыр салып жатады,- дейді келіні Гүлнар. – Апам әл-қуатының бар кезінде киіз басып, сырмақ ойып, құрақ көрпе тігуші еді. Бұл кісінің қолының ісмерлігі осы өңірге аян болатын. Оны айтасыз, қария ана жылы арғы беттен, Қытайдан келген жылдары үлкен қазанға наурызкөже жасап, бүкіл ауыл халқы келіп дәм тататын. Сол қазан әлі де бар. Қазір наурызкөже жасап, киіз басқанға шамасы келіңкіремейді, әрине. Бірақ жастарға наурызкөжені қалай жасау керек, сырмақты қалай ойып, киізді қалай басып, құрақ көрпені қалай тігу керек екенін үйретіп отырады. Рақмет, ауыл халқы бұл кісіні сыйлап, алдынан кесе-көлденең өтпейді. Бұрынғы әкіміміз Айдар Шайкенов қарттар күні арнайы келіп құттықтап кететін. Қазір Медет Түсіпов деген жаңа әкім келген ауылымызға. Ол кісі де қариямен амандасып, батасын алып кетер,- деп отырмыз.

Шынында да 100-ден асқан қарияны баптап, мәпелеп отырған Гүлнар Жаппароваға риза боласың. Амандық екеуінің қос құлыншағы Данияр мен Алиманның бір жетістікке жетіп жатуының бір себебі, кейуана берген алғыс батасының септігі болса керек. Амандық пен Гүлнардың тұңғыштары Данияр Жаппаров Ұлыбританиядан жоғары білім алып келген. Қазір Астанада француз компаниясында инженер болып қызмет етсе, Алиман Жаппарова Лев Гумилев атындағы Еуразия университетін қызыл дипломмен тәмамдаған. Бүгінде космонавтика саласына ден қойып жүрген көрінеді.

Міне, Тухметолла қарт пен Күлсағат әженің Амандық пен Гүлнардан тараған балаларының жеткен жетістіктері. Қалған он баладан тараған ұрпақтар жайында жазу болашақтың еншісінде. Күлсағат әже «Осының бәрін берген бір Алла» деп, шүкіршілік айтады.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button