Күллі ел «Сарыарқа» күйін тыңдады
Кеше өскемендік бір топ домбырашы «Сарыарқа» күйін тартты. Құрманғазының әйгілі туындысы 12-желтоқсан күні, сағат 12.00-де еліміздің барлық қалаларында бір мезетте шертілгенін де естеріңізге сала кетейік.
Ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінде өткен флешмобқа 25 күйші қатысты. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай іріктелген 25 күйші облыс орталығындағы ең айтулы өнерпаздар. Олар облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Ертіс концерт» мекемесінің домбырашылары.
«25 жұлдызды күн» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шарада «Сарыарқа» күйімен қатар, «Әлқисса», «Адай», «Балбырауын» күйлері де орындалды. Көрермендер домбырашыларға дем беріп, қошемет білдірді. Домбырашылардың санымен қатар, жастары да тәуелсіздігімізбен сәйкес келіпті. Күйшілердің барлығы да 25 жаста.
— «Ұлы дала Елі Тәуелсіздіктің 25 негізі» жоспарына сәйкес домбырашылар флэшмобын өткізуге жиналған едік. Біздің қатарымызға өзге де өнер ошақтары мен үйірмелердің мүшелері қосылды. Осындай флешмобтар ұйымдастыру арқылы ұлттық аспапты насихаттасақ дейміз. Домбырашыларды жастарына қарай, шеберліктеріне қарай іріктеп алдық. Бүгін бір мезетте бүкіл қазақ даласында «Сарыарқа» күйі орындалып жатыр, ұлттық рух деген осы емес пе, – дейді күйшілер тобының жетекшісі Шалқар Рысханов.
Дарын Нұрсапаров