Қоғам

Көліктерін тәркілеуге дейін бармақ

Көліктерін тәркілеуге дейін бармақ


Шығыс Қазақстанда заңсыз жолаушы тасымалымен күрес күшейтілетін болады. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында өткен арнайы жиын барысында белгілі болды.

Айта кетейік, құзырлы мекемелер өкілдерінен бөлек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы мен кәсіпкерлік саласы қызметкерлері кәсіподағының басшылығы қатысқан басқосу аясында тиісті келісімшарт пен меморандумға қол қойылды.

Негізі мұндай келісімшарттың жасалуына жолаушы тасымалымен ресми түрде айналысатын кәсіпкерлердің шағымдары түрткі болған.

– Әлбетте, біз ешкімді қорқытайық деп отырған жоқпыз. Біздің мақсатымыз басқа – бүгінге дейін жолаушы тасымалымен заңсыз айналысып келген жерлестерімізді кәсіптерін ресмилендіруге шақыру. Бәріміз де жолаушылар тасымалы саласында адал бәсекелестік болғанын қалаймыз, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.

Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс биылғы маусым айында басталып кеткенін айтқан жөн. Аймақта заңсыз жолаушы тасымалымен күрес жүргізу мақсатында жедел штаб құрылып, оның құрамына облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, көлік прокуратурасы, жергілікті полиция қызметі, көлік бақылау инспекциясы, мемлекеттік кірістер басқармасы, әкімдіктер мен «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері кірген болатын. Алайда, осыған дейін штабтың жұмысы былайша айтқанда, қағаз жүзінде ғана болып келсе, енді олар нақты іске көшіпті. Жиын барысында тараптар тиісті келісімшарт пен меморандумға қол қойды.

Аталмыш құжаттар негізінде бірыңғай үйлестіру штабы құрылып, арнайы топтар аудан-қалаларға рейдтермен шығатын болады.

– Әкімшілік кодекстің 463 бабы бойынша заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысып келген кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Бұған қоса олардың көліктері тәркіленетін болады, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев.

Кездесу барысында белгілі болғандай, нысанаға ең алдымен заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысатын автобус иелері ілікпек. Демек, аудандар мен қалаларға жеңіл көлікпен жолаушы тасымалдайтын «жеке кәсіпкерлерге» шаруасын ресмилендіруге әлі де уақыт бар деген сөз.

– Ұсталғандардың бәріне бірден айыппұл салғанымыз да дұрыс болмас. Сондықтан алдымен мұндай кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізбекпіз. Ал одан тиісті нәтиже шықпаған жағдайда, бұл іспен құқық қорғау органдары айналысатын болады, – дейді Игорь Шацкий.

Жиынға қатысушылар бәрінен бұрын кәсібін заңдастырған тұлғалардың жұмысшылары зейнетақымен қамтылып, құқықтары қорғалатынына кепілдік берілетінін алға тартып отыр.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button