Көлік жүргізушілерінің көзі ашылатын болды
Марқакөл ауылы мен Марқакөл көлінің арасын жалғап жатқан қара жолға қайла тиетін күн жақын. Әзірге Ақжайлау және Ұранхайка ауылдарының арасындағы 3,8 шақырым жолға асфальт төселмек. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың төрағалығымен өткен арнайы жиында жол қатынасына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Жалпы биылғы жаз жол жөндеушілер үшін қызу жұмысқа толы мезгіл болатын сыңайлы. Негізгі деген жолдарды уақтылы жөндеп, күтіп ұстау үшін бюджеттен 22,2 млрд. теңге бөлініп отыр. Аталған соманың бір бөлігіне Омбы-Майқапшағай тасжолының 125 шақырымы, Катонқарағай ауданына қарасты Өрел-Берел бағытындағы жолдың 16 шақырымы қайта жарақталмақ. Ал қытайлық ЭксимБанк қаржысына жалпы ұзындығы 131 шақырым жол реконструкциядан өтеді. Оның 102 шақырымы жолаушылар үшін ең бір азапты саналатын Өскемен-Қалбатау аралығындағы жолға тиесілі. Бұдан бөлек, Таскескен-Бақты бағытының 20 шақырымы, Омбы-Майқапшағай магистралінің тоғыз шақырымы бар.
Жоғарыда айтылған бюджет қаражатының 3,5 млрд. теңгесіне биыл 189 шақырым жол орташа жөндеу көреді. Оған Өскемен-Семей, Өскемен-Шемонаиха, Катонқарағай-Рахман қайнары, Айғыз-Баршатас бағытындағы жолдардың бүлінген бөліктері кірген. Сондай-ақ, жалпы ауданы 142 мың шаршы метр болатын шұңқыр-шұғанақтар бітелмек. Бұл аталған бағыттың барлығы – республикалық маңызға ие жолдар. Ал облыстық маңыздағы жолдардың дамуына жоғарыда аталған соманың 4,7 млрд. теңгесі жұмсалады. Биыл да бірінші кезекте туризмнің дамуына әсер ететін жолдарға басымдық беріліп отыр.
Шыбындыкөл мен Сібе көлдерінен кейінгі кезек Алтай Альпісі, Жидебай, Алакөл, Марқакөл сияқты көрікті мекендерге тиіпті. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мұсатаевтың айтуынша, Күршім ауданындағы Ақжайлау-Ұранхайка бағытындағы 3,8 шақырым жолға асфальт төселеді. Марқакөлге апарар жолды туристерге қолайлы ету жұмыстары алдағы уақытта әрі қарай жалғасын таппақ. Өскемен-Рахман қайнары бағытындағы Осинов асуын жанай өтетін айналма жолдың 16 шақырымы да биыл төселеді деген жоспар бар.
Қала көшелері кеңейтіледі
Жол жөндеу жұмыстары Семей мен Өскемен қалаларында да қарқын алады. Серік Ақтанов қос шаһардың ішкі көшелеріне түгелдей қиыршық тас аралас асфальт төселетінін атады.
-Астана, Алматы сияқты ірі қалалар бұл технологияға бірнеше жыл бұрын көшкен. Сол уақыт аралығында қиыршық тасты асфальт жауын-шашынға төзімді екенін көрсетті. Тіпті, қыс кезінде мұз сораптар да аз түзіледі екен, – деді ол.
Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асқар Жақсылықовтың айтуынша, жаңа тәсілмен төселетін асфальт әуелі Ахмер ауылы мен Ертістің «қалқыма көпірін» жалғайтын болады. Нәтижесінде 2,6 шақырымға созылып жатқан жол кеңейіп, төрт жолақты қозғалыс қалыптасуы тиіс. Сондай-ақ, Славский жағалауының Әуезов көшесінен Даңқ мемориалына дейінгі бөлігі, Жібек жолы көшесінің Сәтпаев даңғылынан Меновное ауылына дейінгі тұсы, Протозанов көшесінің Даңқ мемориалынан Үлбі көпіріне дейінгі аралығы кеңейтіледі. Сәтпаев даңғылы мен Қазақстан көшесін жалғап тұрған Ертіс көпірін сегіз жолаққа көшіру де биылғы жылдың еншісіне тиіп отыр. Бұл жолақтар Сәтпаев даңғылының бойымен Жібек жолы қиылысына дейін жалғаспақ. Даңғылдың К.Маркс көшесіне дейінгі бөлігі де қайта жарақталады. Бұл жұмыстар кезінде жол қозғалысы даңғылдың бір бөлігімен ғана өтеді деп жобаланып отыр. Сәтпаев даңғылы-Самар тасжолы-К.Маркс көшесі-Алматы тасжолы арасын тіке жалғау жобасы да биыл жұмысын бастауы мүмкін. Тәуелсіздік даңғылы мен Абай даңғылының түйісер тұсынан жерүсті жаяужолын салу жобасы да биыл жүзеге асуы тиіс. Осы аталған жобалар ойдағыдай іске асса, қала көшелерінде бір миллиард көлеміндегі қаржыға 19,1 шақырым жол жөнделеді деп күтілуде. Семей қаласында ішкі жолдарды күрделі және орташа жөндеуге 1,2 млрд. теңге, ағымдағы жөндеуге 200 теңге бөлінді.
Бір аптада бес мың текше метр су сорылды
Қарғын судың жолдарға да қауіп тудыратыны бар. Бұрнағы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, облыс аумағында 112 жол бөлігіне су жайылуы ықтимал. Ал 17 бөлікте қарғын су кесірінен жол қозғалысы жабылуы мүмкін. Оны болдырмау үшін аталмыш бөліктердің бәрінде қазірдің өзінде тәуліктік күзет пен патрульдеу ұйымдастырылған. Қар мөлшерден көп түскен 12 ауданда 12 арнайы бригада жасақталған.
Өскемен-Рахман қайнары бағытындағы жолдың 419 шақырымын қарғын су шайып кету қаупі бар. Аудандық әкімдік бұл бөлікті толық бақылауына алғанын айтып, апатқа жол берілмейтініне сендіріп отырса керек.
– Семей-Қайнар бағытындағы Мұқыр өзенінің көпірі де қарғын су қатты қысса, шыдас бермеуі мүмкін. Ол көпір тек жазда жөндеуден өтеді, – дейді «ҚазАвтоЖол» филиалының директоры Нұрланбек Өмірбаев.
Өскемен қаласының өзінде айналасы бір аптаның ішінде 5000 текше метр қар суы сорылыпты. Ахмер ауылының Қ.Нұрғалиев көшесіндегі бірнеше үйге су жайылу қаупі төніп, дер кезінде арнаға салынды. Бұл бағыттағы жұмыстарға тиісті қызмет өкілдерінен бөлек азаматтық қорғаныс мекемелері де қол ұшын созуға дайын.
Есімжан Нақтыбайұлы