Қоғам

Көлік жөндеу орталықтарын көбейткелі отыр

Көлік жөндеу орталықтарын көбейткелі отыр


Бұл орталықтың ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Самат Амангелдінің Ақсуаттағы шеберханасы жұмысының сапасымен, жылдам атқарылуымен көлік жүргізушілердің көңілінен шығып отыр.

Самат бауырымыз – негізінен мал маманы. Семей университетін тәмамдаған. Алдымыздан жарқылдап шыққан ақ жарқын жігіт бірден әңгімесін бастады.

-Жастайымыздан ауылда мал бағып өскен қазақтың баласымын ғой, төрт түлік малдың қыр-сырын бір кісідей білемін. Іске мамандығым бойынша кіріспек болғам. Байқап қарасам, ауылда бұл іспен айналысатындардың қатары көп екен. Болашақ кәсібіме лайықты шағын ғимаратым болған соң, көлік жөндеуге көңілім ауа берді, –дейді ол.

Қара жұмыспен шынығып өскен, әрі ісіне ықтиятты Самат жаңа кәсіпті бастамас бұрын ірі қалалардағы техникалық орталықтардың жұмыстарымен танысып, біраз тәжірибе жинақтап, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына жобасын ұсынып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті. 2,5 млн. теңге қаржы алып, іске кіріседі.

Бизнесті бастау қашан да қиын, көп адам жүрексінеді. Қолынан іс келетініне, шаруасының шатқаяқтамай, дөңгелеп кетеріне күмәнмен қарайды. Ал Самат көп ойланып-толғанған жоқ. Бастаған ісі аз уақыттың ішінде автокөлік иелерінің көңілінен шықты. Аудан тұрғындары ғана емес, келімді-кетімді жолаушылар да осы орталықтың қызметіне жүгінетін болды. Шетел көліктерінің барлық түрлерін диагностикалық бақылаудан өткізу қызметі де жүзеге асырыла бастады. Бұрын ол ірі кенттер мен қалаларда ғана көрсетілетін еді. Саматтың шалғай ауылдарда қат саналатын автокөліктердің қосалқы бөлшектері мен құрал-саймандарын сататын арнайы дүкені де бар. Май айырбастау бекеті де осында орналасқан. Жүргізушілер орталықтың қызметіне үнемі ризашылықтарын білдіруде. Мұнда арнайы мамандығы бар екі адам жұмыс істейді.

Самат Амангелді алдағы уақытта аудандағы күре жолдың бойында орналасқан ірі елді мекендерде де осындай шағын орталықтар ашуды көздеп отыр. Ол осы мақсатпен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына бизнес – жобасын өткізіп те қойыпты.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button