Көлік құрастырудың көш басында келеді

Осыдан 15 жыл бұрын Тәуелсіздік күні қарсаңында «Азия Авто» кәсіпорны өз жұмысын бастаған еді.
Содан бері зауыт 128 мыңнан астам жеңіл көлік шығарыпты. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында құрастырылатын бес жеңіл автокөліктің төртеуі Өскеменде жасалады. Отандық көлік мінгісі келетіндердің үштен екісі «Азия Авто» өнімін таңдайды. Елдегі жеңіл көлік өндірісінің 72 пайызы өскемендік зауытқа тиесілі. Осы жылдар ішінде өндірісті дамытуға салған инвестицияның жиынтық көлемі 40 млрд. теңгеден асқан.
23 модель ұсынып отыр
«Қазақстанда жасалған» белгісімен құрастырылған ең алғашқы отандық көлік жол талғамайтын «Нива» еді. 2002 жылдың тоғызыншы желтоқсанында аталмыш көліктің сериялық шығарылымы іске қосылған болатын. Бүгінгі Lada 4X4 автокөлігін сол «Нивалардың» жетілген «ұрпағы» деуге болады. «Азия Авто» ұсынатын көліктердің ішінде сұранысқа ие ең көп марка да осы Lada 4X4 көлігі. Жыл басынан бері Қазақстанда жасалып сатылған әрбір төрт көліктің біреуі осы «Нива» болған. Биыл бұл көліктер Қытай нарығына жол тартты. Яғни, отандық көліктердің экспорт тарихы да «Нива» көліктерінен басталады.
Бұл зауыттың дамып, өркендеуі Елбасының ұдайы назарында. 2003 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық «Ниваның» тізгінін ұстап (суретте), тыңнан түрен салған зауыт ұжымына ақ жол тілеген еді. Содан бері облысқа жасаған әрбір сапарында Елбасы «Азия Авто» зауытына бас сұқпай кетпейді.
Өскемендік зауыт өндіріс аясын кеңейту үшін ресейлік «АвтоВАЗ»-бен еншілесті. Соның арқасында 2005 жылы Skoda Auto еуропалық концерні зауыттың технологиялық серіктесі атанды. Осыдан кейін-ақ әлемдік деңгейдегі үздіктер «Азия Авто» зауытымен қанаттасып жұмыс істеуге ойланбай келісетін болды. 2007 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Chevrolet маркалы автокөлік өндірісін іске қосты. Бұл да зауыт үшін тарихи күн болатын. Үш жыл өткен соң «Азия Авто» серіктестерінің қатарына кореялық KIA Motors концерні қосылды. Бұл кәсіпорын бүгінгі таңда танымалдылығы жөнінен әлемдегі төртінші өндіруші саналады. Ал Renault-Nissan-Mitsubishi альянсының ресейлік «АвтоВАЗ»-бен серіктес атануы өскемендік зауытқа да үлкен мүмкіндіктер ашып отыр.
Зауыт өзінің электромобильдерін сонау 2004 жылы-ақ шығара бастаған. Дебюттік модель ретінде KIA Soul EV кроссовері таңдап алынды. Ал биыл «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Lada Vesta бестселлерінің электрлі және газбен жүретін нұсқалары ұсынылды.
Бүгінгі күні зауыт ұзын саны 23 модель ұсынып отыр. Нью-Йорк, Париж, Женева сынды ірі қалалардағы дәстүрлі халықаралық автошоуларға белсенді қатысуының арқасында технологиялық серіктестерден жаңа ұсыныстар келіп түсуде. Тек 2017 жылдың ішінде зауыт Сhevrolet Aveo, KIA Optima, KIA Cerato, Skoda Rapid, Skoda Octavia, KIA Sportage, KIA Soul, Chevrolet Captiva, Skoda Superb және KIA Quoris модельдерінің жаңартылған үлгідегі өндірісін игерді.
Келер жылы зауыт KIA Rio жаңартылған седанын, KIA Stinger фастбэгін, KIA Sorento мен Skoda Kodiaq кроссоверлерін, сондай-ақ, «әмбебап» шанақтағы Lada Vesta-SW және SW Cross модельдерін ұсынбақшы.

«Азия Авто» Қазақстан көлемінде еңбек өнімділігі бойынша даусыз көшбасшы саналады. Зауыттың бір ғана жұмысшысы жылына 24 млн. теңгенің өнімін өндіреді. Бұл сан Қазақстан экономикасының орташа көрсеткішінен бес есеге артық.
2017 жылы өскемендік «Нивалардың» Қытай нарығына жөнелтілгенін жоғарыда айттық. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің ықпалымен іске асқан бұл бастама сәтті жалғасын тауып, мыңдаған отандық автокөлік Қытайда өз иелерін тапты. Саладағы эскпорттың 83 пайызы «Азия Автоның» үлесінде. Қытайдан бөлек, Түрікменстан, Қырғызстан және Біріккен Араб Әмірліктеріне де сынамалы партиялар жөнелтілді.
Цифрлы өндіріс
«Азия Авто» саладағы инновациялық технологиялардан қалыс қалмауға күш салып келеді. Сол арқылы экономиканы цифрландыру туралы Елбасы тапсырмасын орындауға да қомақты үлес қосып отыр. Биыл кәсіпорын Connected car және Big Data технологияларын өндіріске енгізуге кірісті. Енді Өскеменде құрастырылған «ақылды көліктерді» смартфонның көмегімен қашықтықтан-ақ басқаруға болады. «Телематикалық жүйе» ұялы қосымшаның көмегімен автокөліктің техникалық күйін қашықтықтан бақылауға, қозғалтқышты іске қосуға, жылдамдықты, автокөліктің сыртқы және ішкі температурасын қадағалауға, сигнал беруге және басқа да көптеген командаларды орындауға мүмкіндік береді.
15 жылдың ішінде осындай биіктерді бағындырған кәсіпорын алдағы уақытта тұтас автоөндіріс кластерін қалыптастырмақ. Соның арқасында жылына толық циклді режимде 120 мың автокөлік шығаруды көздеп отыр.
– Қазақстан тарихындағы ең ірі автоөндірістік кешеннің құрылысы 523 гектар аумақты қамтиды. Бұл алаңда автокөліктерді дәнекерлеу, сырлау, жинау, автобөлшектер шығару жолға қойылып, өнімді бастан-аяқ тексеретін технопарк те орын тебуі тиіс, – дейді «Азия Авто» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин.

«Бипэк Авто-Азия Авто» холдингі бұл жобаға 62 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсады. Бұл қаражатқа өндірістік цехтар салынып, тұтас инфрақұрылым төселуде. Жаңа зауыт толық қуатына енген шақта онда 12 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Экономикалық зерттеулер институты жоба іске асқан жағдайда республикалық жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімі 1,1 млрд. АҚШ долларына артады деген болжау айтуда.
Бүгінде «Бипэк Авто-Азия Авто» компаниялар тобы Ресейдің 11 қаласында сервистік-сату желісін ашты. Яғни, көрші елдің Өскеменге жақын өңірлері «Азия Автоның» қызметін тұтынатын болады. Болашақта біздің көліктерді Ресей қалаларында сату жолға қойылады.
– Осыдан 15 жыл бұрын Президенттің тікелей қолдауымен осы зауытты іске қосқан едік. Барлығын нөлден бастадық. Өйткені, Қазақстан аумағында көлік құрастыратын жалғыз кәсіпорын біз едік. Қазір ел ішінде көлік құрастыратын жеті алаң бар. Бірақ көшбасшылық тізгін әлі де біздің қолда. Болашақта тек құрастырып қана қоймай, барлық бөлшектерді өзіміз жасамақпыз. 2014-2016 жылдар сала үшін өте ауыр кезең болды. Бұл тығырықтан біз өндірісті цифрландыру жетістіктерін пайдалана отырып шықтық. Қытайға алғашқы экспорттық өнім жөнелттік. Соның арқасында 2017 жылы өндіріс көлемі 2014-2016 жылдардың 24 айындағы көрсеткіштен екі есеге артты. 2018 жылы зауыттың қара жұмысына жегілетін арнайы техникалар өндірмекпіз. Оны өзіміздің конструкторлар жобалап, жасаған, – дейді А.Балушкин.
Есімжан Нақтыбайұлы