Қоғам

Күлік мінген көктем-қыз…

Күлік мінген көктем-қыз...
Эссе

Біздің өңірге күлдір-күлдір кісінеген күлік мініп, сыңғыр-сыңғыр сырлы күлкісімен Наурыз-ару келді. Арудың ерке лебіне еліткен ақ бас Алтайдың алты айырығынан «тер» кетті. Қыс бойы ақ көрпенің астында жатқан қырқа-белдер төсін күнге сүйдіріп, жамылғысын дар-дар айырып жатыр. Қыз қылығына шыдамаған Ақпан-шалдың аяғы көктен келді. Көктем келді!
Шығыстың шыңылтыр аязынан әбден-ақ зәбір көрген Ертіс-ана да қыз күлкісінен қуат алып, құбылып сала берді. Ақ шәлі жамылған келіншек-талдардың өзі еңсесін тіктей қалып, қыз лебіне еліте бұрала билеп тұр. Тіпті, кейбір сезімшіл «келіншектер» қыс бойы балтырын сыздатқан суықтың мынау бір аянышты кеспіріне «ернін шығара» бастапты. Ертең олардың осы «еріндерінен» жаздың жасыл желегі жайқалады.
Қыз тұрған жерде сыз тұрмайтыны белгілі. Дарқан дала да, дарақы қала да у-шу, дыр-думан, той. Беткейлерден берекесіз аққан қар сулары Көктем-арудың оралғанына қуанып, жер бетінен сүйінші сұраған баладай, құлдилап шауып келеді. Ал сылқым бұлақтар сыбдыр-сыбдыр сырласып, Ертіс-ананың ауылына келе жатыр…
Күн де көңілді, алты ай бойы түнге кеткен есесін алып, дәл бүгін терезесін теңестірді. Хош. Ару көркін айтып тауыса алмайтын шығармыз. Бұл ару жыл сайын келіп, көз мейірін қандырады. Біздің айтпағымыз, арудың тақымындағы күлігі. Жылқы десе ішіп отырған асын жерге қоя салып қарайтын қазақ халқының қылығы да ғажап. Өйтпей қайтсін, талай ғасырдан бері жан серігіне айналған жануары он екі жылдан кейін сағындырып, оралып тұрса.
Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Қазақ жылқыны бір кісідей аялады, құрметтеді. Оған дәлел көп, мысалы, торқалы тойында, алты алашқа сауын айтқан асында аттың өнерін өрелі ерлерімен қатар сынады. Белі бекем, тұяғы бүтін аттармен көкпар тартты, жасындай жарқылдаған желтабандармен қыз қуды, теңселте шауып, теңге ілді. Жаңа туған сәбиіне сетерлеп тай сайлап, қадірлі атының қу басын да мама ағаштың басына ілді. Міне, мұның барлығы жылқыға деген бір ұлттың асқақ құрметі!
Ал жылқы қазаққа не берді? Қазақтың дарқан даласының ұлы шекарасын болат тұяғымен сызып берді. Аттың жалын жастық қылған баһадүр бабалар тұлпарының тұяғы тиген жердің барлығын меншігіне алды. Ұрпағына мұра етті. Бұған аты аңызға айналған батырлардың есімімен бірге аталатын Тайбурыл, Қубас, Көкдөнен, Ақтабандар… куә.
Кейбір ғалымдар «көшпенділер жылқыны қола дәуірінен бастап, қолға үйреткен» деп болжам жасайды. Ендеше, қола дәуірінен бастап қолдасқан иесіне жылқы жылы не берген екен? Өткенге зер салайық.
Арыға бармай-ақ, жылқының алдыңғы екі өткеліне ой жүгіртейікші. 1990 жылы жануардың жанарынан қазақтың жарқын болашағы көрінді. Нақтырақ айтсақ, 25 қазанда Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы декларация қабылдады, сондай-ақ, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақ КСР-інің Президенті болып сайланды. Міне, бұл жарқын болашақтың бастауы емей немене?!
Тізбелей берсек, бұл жылдардағы қуаныштар жетерлік. 2002 жылы арысын айтсақ, бүткіл қазақ елінің, берісін айтсақ, Астананың мақтанышына айналған Бәйтерек бой көтергені белгілі. Бұл – көп жақсылықтың бірі ғана. Қысқасы, тарихқа көз жіберсек, 1930 жылғы қолдан жасалған ашаршылықты айтпағанда, жылқы жылы қазаққа қырын қарап көрмепті. Биылғы Наурыз-ару мініп келген жануар да қазаққа тек жақсылық сыйлары хақ! Жал-құйрығың төгіліп, шаба бер жануарым!

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button