Көлігіңізді өзіңіз жуып алыңыз
Жақында Өскеменде «Мой сам» деп аталатын көлік жуу орны ашылды. Оның басқа бәсекелестерінен ерекшелігі сол – темір тұлпарларын иелері өздері жуып алады. Ақысын төлеп, әрине.
Ашылғанына бір аптадай болған көлік жуу орнының қандай ерекшелігі бар? Әрине, бастысы бұл облыс орталығында ашылған өзіне-өзі қызмет ету арқылы жұмыс істейтін алғашқы көлік жуу орны болып табылады. Сондай-ақ, мұндағы қызмет ақысы 250-500 теңгенің аралығында, яғни, қаладағы ең төмен баға. Төленетін ақы мөлшері көліктің көлеміне және пайдаланушының өзіне байланысты. Мәселен, адам көлігін неғұрлым тез жуса, төлейтін ақшасы соғұрлым аз болмақ. Автожуу иесінің айтуына қарағанда, мұнда бірінші рет келген адам уақытты қалай дұрыс үнемдеу керегін білмегендіктен, ақшасын көбірек жұмсайды. Сондықтан, біреулер 250 немесе 400 теңге шығындаса, ал басқалар үшін қызмет ақысы 500 теңгеге жетуі мүмкін. Сонымен қатар, темір тұлпар иесі жуудан кейін төлемді кассаға емес арнайы аппаратқа тапсырады. Бұл аппарат уақытты бақылап тұратындықтан, сәйкесінше бағасы да анықталады. Әзірге мұндай аппаратпен жабдықталған көлік жуу орны Өскеменде жалғыз. Бәсекелестері жоқ.
Уақыт пен ақша үнемдеу мүмкіндігі өскемендіктердің қызығушылығын туғызғанға ұқсайды. Мұны көлігін жууға келген адамдардың көптігінен байқауға болады. Ашылғанына аз уақыт өтсе де, мұнда күніне 30-40 мәшине келеді.
– Бұл идеяны мен Астанадан көріп келдім. Біздің қаламызға дәл осындай дүние жетіспейді деп ойладым. Әзірше, жұмыс істеу уақыты таңертеңгі 8.00-ден басталып түн ортасына дейін созылады. Алдағы уақытта тәулік бойы қызмет көрсету жоспарда бар. Сондай-ақ, осы бағыттағы бизнесімді ары қарай жетілдіріп, тың бастамалар тауып, жүзеге асыру ойымда бар, – дейді «Мой сам» көлік жуу орнының иесі Ілияс Асанов.
Айта кетсек, елімізде алғаш рет ашылған өзіне-өзі қызмет етуге болатын көлік жуу орны, бұл – Алматы қаласындағы «H2O». Сондай-ақ, бұл көлік жуу түрі Еуропа мен Америкада кең таралса, ТМД елдерінде енді ғана қолға алынуда.
Гүлжан Естаева