КӨЛІГІ МЕН МҮЛКІНЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ

104 мыңнан астам өскемендіктер мен 3 326 мекеме, мектеп, өзге де нысандарды жыл он екі ай ыстық сумен, жеті ай бойы жылумен қамтамасыз етіп отырған «Өскемен жылу жүйелері» АҚ қызмет көрсету сапасын арттыру үшін, биыл да бірнеше учаскедегі жылу жүйелері құбырларын ағымдық және күрделі жөндеуден өткізбек.
Жылу, ыстық су жеткізіп тұрған Өскемендегі 400 шақырым магистральдар мен ішкі құбырлардың жыл сайын сегіз шақырымнан астам бөлігі жөнделіп, жаңартылып келеді. Биыл қаланың Әуезов, Потанин, Леваневский көшелеріндегі жылу құбырлары, жылу бөлу қазандық жабдықтары жөндеуден өтпек.
Шығыстағы бас шаһар тұрғындарының жылу, ыстық су қызметтеріне көңілдері әбден толады. Өскеменнің үйлеріне жылу әлі күнге дейін беріліп жатыр, жылу беру 29-30 сәуірге дейін созылмақ. Алайда көріп жатқан игіліктің ақысын төлемей отырған пәтер иелері әлі де баршылық. Өскемен жылу жүйелері қызметін пайдаланушы тұрғындардың 80 пайызы қызмет ақысын уақытында төлеп келе жатса, кәсіпорынға коммуналдық төлемақыны төрт айдан бір жылға дейінгі уақыт бойы төлемей жүрген үш мыңнан астам пәтер иелері бар. Жылу мен ыстық су ақысын төлемегендеріне жылдан астам уақыт өткен абоненттер саны 1 323-ке жеткен. Жауапсыз тұтынушылармен күресуде түрлі тәсілдер қолданылып жатыр. Рейдтер, түсіндіру шаралары жүргізіліп, құлақ аспағандар сотқа да берілуде. Былтыр төлемақы бойынша бір жылдан астам уақыт бойы есеп айырыспағандардың, сот шешімін орындамағандардың 422-сін шетелге шығаруды шектеу туралы қаулы шығарылып, 562 сінің көлігі пен мүлкін пайдалануға тиым салынған.
2018 жылы жылыту маусымы кезінде сыртқы ауаның орташа температурасы -4,7 градус болып, белгіленген қалыпты нормадан (-7,5 градус) төмен болғанына байланысты Өскемен жылу жүйелері желтоқсанда өз тұтынушыларымен есеп айырысып, 62 млн. теңгеден астам төлемақыны кері қайтарып берді.
«Өскемен жылу жүйелері» АҚ- ның өткен жылғы қызметі туралы тұтынушылар алдында есеп берген кәсіпорын басшылығы төлемақыны комиссия алымынсыз төлейтін терминалдар ашу, тұтынушыларға қолайлы сервистік қызмет түрлерін көрсету тәрізді қолжетімді қызметтер түрін кеңінен енгізіп жатқандығын баяндады.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ