Көлембай көкеміздің көңіл күнделігінен

Абай ауданында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер-ақсақал Көлембай Әлімбеков – туған жер тарихын ерекше қадірлейтін жандардың бірі. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деп әсіресе халық ақыны Шәкір Әбенов туралы жиірек әңгіме толғағанды ұнатады. «Мен Шәкір атамның інісімін, нақты айтсам Әбен қажының туған інісі Еңсеханның немересімін», – деп өзін таныстырып жататын ақкөңіл Көлембай ағаның ой түбінде үнемі алты Алаштың абыз ақсақалы Шәкірге деген сағынышы жатқанын байқауға болады. Біз Көлембай ағамен сәті түскенде сұхбаттасқан едік.
«Ойыма сақтағаным тотқа айналды…»
– Көлембай аға, сіздің Шәкір Әбенов туралы айтқандарыңыз расымен де көзбен көріп, құлақпен естігендеріңіз ғой. Себебі, сіз қасында жүрдіңіз. Ел арасында «Шәкір былай депті, Шәкір сонда солай деп айтқан екен», – деген сөздер қалған. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Шыны керек, мен Шәкір атамның өнегелі сөз үлгісін, жиындарда айтылған кестелі сөз, өрнекті ой-толғауларын, табиғи құбылыстарды танудағы ерекшелігін, әлем сырын білудегі ойшылдығын және даналығын жеткізу жағынан мүлде жалаңашпын. Аз да болса көз талдырып институтта оқыған Маркстың «Капиталын» тәлкек еткенде, «изм»-дердің бәрі қысқа мерзімде өшеді, Лениннің ең басты қателігінің бірі – дінге қарсы келгені өте қате», – дегеніне алпыс жасқа келгенше күдікпен қарап едім. Бірақ, Шәкірдің айтқаны келді. Ақыры міне, қасымда Шәкір атам жоқ. Десе де, атамнан көргенімді, құлағыммен естігенімді, айтқандарын, сондай-ақ ел ортасында сөзге тоқтап, оның құрметтелгенін, аға ұрпақтардың өзіме айтқандарын бөрттірмей оқырман қауымға жетпіс жастың орта белінен асқан шақта осы «Дидар» газеті арқылы әңгімелеп беруді жөн санадым.
Атамның еңбек жолына баға беруге бойым да, ойым да жетпейді. Тек өзім көрген, құлағыммен естіген, абайлап емес, талай шоқ басқанын, талай басына шоқпар тигенін, көрген кедергі, өткен өткелдерін кейінгі ұрпақ білсе деп ойладым. Ойыма сақтағаным тотқа айналды, көңілде қоныс тапқаны тас боп қатты, оның үстіне бірен-саран бітеу білгіштердің айдар тағып, айтқан «қаңқу» сөздері жан азабына қамайды. «Тобықты Шәкірге ананы-мынаны істедім» дегені төбемнен қи ойғандай мазамды алды.
– Шәкір Әбенов мені «мырза» деп атайтын деп едіңіз. Неге сіз «мырза» аталдыңыз?
– Иә, ол рас. Атам Шәкір мені «мырза» дейтін. «Ей, м ырза! Мен көрде жатсам да тыныш жатпаймын, мазаңды алам», – деуші еді. Мұнысы да рас болды. 1994 жылы күзде дүние салды. Осы уақытқа дейін күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайтын болды. Талай-талай, мүлде ойыңа келмейтін жайлар жөнінде айтқандары дәл болғанын жақсы білемін. Көбінесе айтатын: «Менің жанымда бір керемет күш еріп жүреді, табиғаттың тылсым сыры» дейтін. Арнасын іздеген судай күндер жылжып, сан жылдар өтсе де, атамның айтқандары еске түсуін тоқтатпайды.
Бірде мен: «Ата мені неге мырза дейсіз?» деп сұрадым өзінен. Алған жауабым: «Бірталай уақыт өткен соң, сұрағыңа жауапты өзің табасың. Мырзалығың жара боп белгі береді. Мырзалығыңды сөкпе және оған өкпелеме. Өткенге өкпелеп, өкініш ер-тоқымын арқалама. Бұл табиғи жай. Немесе бұл ездің шаруасы. Ер! Тағдыр дауылы қалай соқса да, тепсе де, бұған жерге қонбайтын қырандай тура қарап, кірпікті қақпай, талмай, төзімділік көрсетуіңмен бағаланады. Талсаң-таусылғаның. Боқ дүниеге үңіле қарап, үзіп алу үшін, амалын тауып, қимылын қақпанға айналдырып, терсіз, сасық пиғылмен, алуан түрлі аламан әдіс, қулық, ұрлықпен олжаланған дүниеге мастанудың қажеті жоқ. Мас болып есіріп, еліріп, өзін желпіштейтін жандардың қолдауын көріп, қоқиланып, қуыс кеуде, бітеу білгіш боп отырған отырысымен, жүріс-тұрысымен, бойынан барлық жақсылық атаулының сәулесін шашқандай боп, «Сіз» деген сөзді ұмытып, «Сендер», – деп бос әңгімені жосылтатын жаннан без, аулақ жүр. Қандай болсаң да, маңайыңдағы адамдар күмән-күдіксіз сөзіңе сенетін болсын. Ол үшін өмірде өтірік айтпа!» деген өсиеті ойыма түсіп отыр. Мені «мырза» дегені бауырым деп еркелеткені деп ойлаймын.
Полковник пен «Шатақ шалдың» дайындығы
– Шәкір Әбенов туралы сізге көп адам естелік айтады деп отырсыз ғой. Соның бір-екеуін мысалға келтірсеңіз.
– Бір күні кітапханада отырған едім. Бұрын көрмеген, жас мөлшері 70-тің табалдырығын аттаған бір адам, «Көлеке!» – деп, иығыма қолын қойды. Амандық-саулық сұрасқан соң ол кісі, «Біреулерден естіген соң, осы жерде жолығып қалармын» деп келіп едім, сені сырттай білемін. Келген шаруам, бір адамға орынсыз өкпелегенімді айтпақшымын. «Сен Әбенов Шәкірдің немерелес інісі емессің бе?» деп сұрады. Мен «иә» дедім басымды шұлғып.
– 1947 жыл. Ол кезде мен Обком комсомолдамын. Бастығым шақырып алып: бүгіннен бастап саған тапсырма бар. Қазір обкомның бірінші хатшысында халық ақыны Шәкір Әбенов отыр. Таяу арада қалаға орталық комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов келеді. Сол кісінің келу сапарына байланысты қалада жиын болады. Осы жиында Шәкір ән айтып, сөз сөйлейді. Жанында боласың. Елдің айтуына қарағанда өте шатақ шал. Кез келген уақытта менімен байланысып тұр, – деді бастығым.
Содан алғаш рет атаңды көрдім. Қолында таяғы бар, ақсайды екен. Қонақ үйге орналастырдым. «Шатақ шал», – дегенді естігеннен соң үнемі жанында болдым. Бұл менің есте қалатындай жақсы күндерім болып басталды. Бірақ жұмыстан босап қала жаздағанымды айтайын. Ұлтына қарамай, танымайтын адамы жоқ. Кездескен адамның атаңның әңгімесіне күлмей кеткені жоқ. Жатқан үйінде бірдеме жаза ма деп, қаламсап, қарындаш, қағаз әкеп бердім. Бұлар орнынан қозғалған жоқ. Күткен күн де келді. Атаң сақал-мұртын алып, сол кездегі аңсаған әдеміліктің көркімен киініп, паркке келдік. Қонақ үйден шығарда бастығыма «Бәрі ойдағыдай!» – деп хабар бердім.
Паркте күнделікті отыратын жер емес, шеттеу бір жерге отырып, сәлден соң маған: – Сен 15-20 минуттай осы маңда жүре тұр. Мен домбырамен айтатынымды мақамына келтіріп, ыңылдап жаттығу жасап алайын – дегені. Мен алыстамай сырт жүрсем де, үнемі атаңа қарап жүрдім. Домбырасын қолына алып отырды. Біраздан соң қасына келсем, ұйықтап отырғандай көрінді. «Ата», -деп иығына қолымды салсам, мүлде мас.
– Бұныңыз не? – дегеніме: «Шөлдеп кеттім», – деген жауап алдым. Не болғанымды, не боларымды білмей, үкідей ұшып бастыққа келдім. Бастық менің айтқанымды аяғына дейін тыңдамай, бастығына кетті. Жоғары-төмен жүгірген адамдардың аяғының сартылдағаны төбемнен ұрғандай болды. Бәріне кінәлі боп мен қалдым. Сондағы жәйім, атаңа деген өкпе теңіз толқынындай болып еді.
Ал қарағым, Көлембай! «Үлкен басшының алдында ән айтпаймын», – деп қалай айтсын атаң. Алдында 58-статьямен сотталған, халық жауы болып, реніші де бар. Осы қарекеті «айтпаудың амалын» тапқаны емес пе? Бұдан соң атаңмен 1958 жылы жолықтым. Өзімді таныстырғанда: «Маңдайыңды әкелші», – деп маңдайымнан сүйді. «Саған обал жасадым», – деді атаң.
«Бұл менің адам баласына жасаған алғашқы қиянатым. Басқадай, екінші бір вариант та ойластырған болатынмын. Оған бөгет жасаған ағашқа байланған ақ шүберек пен бөтелке «мен мұндамын» деп тұрып алды емес пе?» дегені. Ал бауырым осыны өзіңе айту міндетім деп санадым. Бұны айтқан – КГБ полковнигі Қазыхан Исаев. Міне, осы сияқты адамдар көп келіп, небір естеліктер айтады.
– Дегенмен, Шәкір Әбенов ән салса, жырласа, айтысса, ол кезде атамыздың талантына қызықпайтын қазақ жоқ. Осы жайлы не айтасыз?
– Көп жылдар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, одан аудандық атқару комитетінің төрағасы, райкомның бірінші хатшысы болған, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің кавалері Рымқан Ғабдуллин аға тебіреніп, былай деп еске алып, өзіме айтқан еді:
– Соғыстан соңғы жылдары айналдырған екі жылдың ішінде Шәкірдің есімі елге қайтадан кеңінен тарап кетті. Ұлы Абайдың 100 жылдық тойында бүкіл СССР-дің басқа мемлекеттен шақырылған қонақтарының алдында бас жүлдені жеңіп алды.
Атасы Жамбылды жоқтағанын маған былай айтты. – Дәм тартып Алматыға барып, бір шаруам боп, Мұхтарға (Әуезовке.ред.) жолықтым. Мені көргенде қуана қарсы алды. Жаңа ғана хабар келді. Жамбыл емханада дүниеден қайтыпты. Жамбылды жоқтап 100 шумақ өлең жазып бересің бе? – деді.
– Жазам. Маған жеке бір бөлме, екі машинка, екі қыз және аздаған ақша бер, – депті атаң.
– Ертеңінде жоқтау дайын болды. Мұхтар қуанғаннан: – Екі машинканы өзің ал. Анда-санда жазғандарыңды машинкаға бастырып отыр, – деген тапсырмасын да берді. Бұл екі машинканың бірі қазір Шәкір атамның музейінде, бірі Сапар Байжановтың үйінде тұр. Көлембай, Шәкір атаңның сол жоқтауды бірнеше рет айтқанын естідім.
Қор болған, қолды болған есіл еңбек…
– Атаңның адуынды, уытты өлеңдері, сол кездегі шолақ белсенділердің оғаш қылықтарын, кеңес дәуірінің қытымыр-қиғаш, қулық мінездерін, аумалы-төкпелі заманның ала құйын толқындарына тосыннан айтып тастайтын әдеті болған. Кездескен жандардың бәрі «Ал бірдеңе айтып жіберші» деп қадалып тұрып алатын. «Жақсының артынан сөз ереді» демей ме.
Біраз уақыт өткен соң ел ортасында «Шәкір былай депті» деген сөздер де шықты.

Мен Рымқан ағаның сөзін бөліп, былай дедім: «1962 жылы Алматыда Шәкір атамның жанында 40 күн болдым. «Таңшебер-Жапал» поэмасы жарыққа шықты. Бір жазушының «Волга» машинасымен қаланың сыртындағы бір складтан 30 кітап алдық. Бірінші Алматыға келіп, бір ескі досына кітапты жазып берді.
– Мен саған айттым ғой, «Кітабым шығады, соның бір данасын саған беремін» деп, айтқанымды орындадым – деді.
Кешке атам тамақ ішкен соң жатып қалды. Үйдің иесі паравоз жүргізеді екен. Ленин ордені бар. Соғысқа броньмен бармай қалыпты. Содан Шәкір демаламын деп жатып қалғанда, үй иесінің айтқаны:
– 1945 жылы Жамбыл қайтыс болды. Жұмыстан түске таман үйге келсем, жеңгең: «Үйге екі рет милициялар келді, Шәкірді іздеп жүр» дегені. Шәкірді көршімнің жеңіл машинасымен зорға таптым. Жанында өзі құралпас төрт кісі бар, әңгімелесіп отыр екен. Біреуін танып, жеке шығарып, былай дедім: «Шәкірдің бір жақыны қатты ауырып, өмірден қайтты, сіз жолдасыңызды тез алып кетіңіз, мына машинаның шоферымен көп іздедім» деп ем, дегеніме көніп, олар шығып кетті. Сол бетінде Шәкір атаңды вокзалға апарып, өзім жүргізетін паравозға әкеліп, тамағын алып бердім. «Түнгі сағат 11-ге таман жүреміз. Ешқайда шықпа. Менің паравозымды ешкім тексермейді» дедім. Жолай Түлкібас станциясына түсіріп кеттім. Содан соң міне, 1962-ші жылы кездесіп отырмыз, – деді.
– Бұл адам Шәкірді милициялар іздегенде осылай құтқарса керек. Мұхтар Әуезовке сұраған жоқтауын шығарып берген соң, үйіне қайтарда болған уақиға сияқты. Сол адам, аты-жөні есімде қалмапты. Арқат ауылынан сияқты еді. Сол жақта тұратын бір-екі адамды сұрады, тегі Ақымбет.
– Шәкір Әбеновтің өзі қандай естеліктер айтушы еді сізге?
– Шәкір атам: – 1947 жылы Семей қаласына Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің келуі маған пәле боп жабысты, – дейтін.
– Қалаға шақырып жатыр! – деген соң, көп ойланбастан бардым. Артынан ағаттық жасап алғанымды білдім. Сол кезде бір мода болды емес пе, «Дөкей» сендер жаққа баруды топшылап отыр, қолайсыз жағдайдың үстінен түсіп қалма» деген. Өзімше топшылап, «Ескі тапталған соқпақтың бірі шығар» деген оймен келмейтін шығар деп келісе салғам. Ақымақтың ақылы таяқ тигеннен кейін келмей ме? Бұл асқан шеберлікпен жасалған жоспар екенін түрмеге келген соң біле бастадым, – деп еді.
Төлеу Көбдіков деген ақынға әріптестері айтыс алдында:
– Шәкір ағаңа бір тілек айтпайсың ба? – деп қолқа салады. Сонда Төкең іркілместен:
Семейде менен басқа тоғыз ақын,
Бәрі де сөз маржанын ағызатын.
Абайдан Әбенұлы Шәкір отыр,
Барлығынан алымды, нағыз ақын, – деген екен.
Тоғыз ақын дегені, Әріп Тәңірбергенов, Есенсары, Нұрлыбек, Нұрғали, Рақымбай, Жақсылық, Кәкім.
Ол кезде бүгінгі Қарағанды облысының бірнеше ауданы, Павлодар, Өскемен Семейге қарайтын. Бірталай уақыт өткен соң Төлеу Көбдіков пен Нұрлыбек Баймұратов айтысады.
– Бірдеңе деп жібермейсің бе? – деп айтыс алдында сұрағанда Шәкір:
– Бәйгеге керайғырды қосып тұрмыз,
«Алдынан келе ме?» деп тосып тұрмыз.
Жаздай сұлы көрмеген күн қақты еді,
«Сүрініп кете ме?!» деп шошып тұрмыз – деген екен.
– Орыс патшасы тақтан түсіп, Қызыл империя үстемдік жасамақшы болғанда ұлтымыздың барлық зиялылары жеке автономия, дербес ел болуды армандап, олардың идеясын мен бітеудей қолдап, идеяларын насихаттадым. Әкем Әбен қажының Құнанбайдың бейнесі бар алтын монетасын алақанымда ұстап Үржарға бардым. Одан Алматыға Сәкен Сейфуллинге жолығып, артынан Жүсіпбек Аймауытовты Шымкенттен көрдім. Ахмет, Мағжан, Міржақып, тағы басқаларына жолығып, олардың идеясын насихаттап жалғастырдым. Қызыл империя күшейіп, ес бермей бара жатқанда, ұлтымыздың сан ғасырлар бойы саф алтындай сақталып келе жатқан салт-дәстүрлері ұмытылып кетпеу үшін, оны еңбегімде көрсетіп жарыққа шығардым. Бұдан соң бүкіл өмірін елге арнап, көбі осы құрбан болғандардың айтқан, жазғандарын ғылым академиясына тапсырдым. Абайдың бейнесін анық білу үшін Тұрағұлды іздеп барып жолығып, талай мағлұматтар жинадым. Түрмеге кететінімді сезіп, көптеген жазбаларымды Қанша Ғаппасқызы қарындасыма тықтырып қойып едім, тыққан еңбектерімді біреу ұрлап кетіпті.
Әсіресе, Абай туралы жазған-жиғаным, «Еспенбет» деген поэмам жоғалып кетті. Тіпті ғылыми академиясынан өзімнің жинақтаған еңбегімді (К.С. деген) біреу қолхатпен алып, қайтадан тапсырмапты.
Міне, Шәкір атамның маған айтқан естеліктері осы. Бірақ Шәкір ренжіп айтқан «К.С» деген, сол күйі жұмбақ боп қалды. Оны айтпай кетті.
Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова
Семей.