Күлдір-күлдір кісінеп, жылқы жылы да келіп жетті
Жағымды жаңалықтары мен жақсылықтарға толы Жылан жылы да жылыстап, тарих күнтізбесіне дүниені дүбірге бөлеп, күлдір-күлдір кісінеген Жылқы жылы да келіп жетті.
Жылқы малы дегенде бар ғұмыры осы бір қасиетті Қамбар ата тұқымымен тығыз байланысқан, тіпті, біте қайнасып кеткен қазағымның шығарға жаны бөлек. Төрткүл дүниені мекендеген сан мыңдаған ұлттар мен ұлыстардың арасында жылқы малын дәл қазақтай әспеттей білген, оның бойындағы қасиетін тап басып танып, ақындары жырына қосса, батырлары тұлпар мініп, жауға шапқан ұлт жоқ болар, сірә.
Біз бүгін сол қасиетті жылқы малы жайында, оның сан-алуан қасиеттері мен ерекшеліктері, түрлері мен сын-сипаты, бағы мен бабы туралы әңгімелемекпіз. Жалпы, бұл жайында әр жылдарда, түрлі жанрда қалам тартқан қаламгерлер аз емес.
Солардың бірегейі – есімі елімізге танымал атбегі әрі саятшы, басқа атақ-дәрежесі мен марапаттарын тізбелемегенде кешегі кеңес дәуіріндегі Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері, Мақаншы ауданының тумасы, жерлесіміз Әзімхан ақсақал.
Әзағаң ұзақ жылдар партия қызметінде жүрсе де, ат баптау, құс салу, сондай-ақ, ит жүгірту секілді ұлтымыздың ұлық дәстүрлері жайында өмірлік тәжірибесі мен естіп-білген, оқыған-тоқығандарын жадына түйе жүріп, Алматыдағы «Шартарап» бас-пасынан кітап етіп шығарыпты. Шағын кітапшаның танымдылығы ерекше. Дархан даламызды дүбірлетіп Жылқы жылы келіп жатқанда, сол жылқы жайындағы Әзімхан Сәдуақасұлының ой-толғамдарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Серілердің серігіне айналған
Ат жалында өскен қазақ жылқының сын-сипаты мен бағым-күтімін, бабын ерекше білген. Атты жанындай жақсы көргендіктен, әсіресе, текті тұқымнан тараған сәйгүліктерді жел тигізбей, күн тигізбей үйге кіргізіп те баққан. Баласын «құлыным» деп еркелетудің өзі жылқыға деген, оның төліне деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісі.
Қай заманда болмасын жылқы баласы серілердің серігіне айналып, небір өлең-жырларға арқау болған. Оған Ақан серінің «Құлагері» мен «Маңмаңгерін», Біржан салдың «Телқоңыры» мен «Айбозым», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» немесе «Ақбақай» әндерін жатқызуға болады. Кешегі ел қорғаған батыр бабаларымыз да, бейбіт замандағы ел аралаған сал-серілер де өздерінің қанатына айналған арғымақтарымен жеке қалғанда адамша тілдесіп, сырын айтып, мұңын шаққан.
– Желкілдеген жалы бар,
Желден жүйрік жануар.
Сені баққан адамның,
Маңдайының бағы бар – деген жыр жолдарының жылқы баласына деген сүйіспеншіліктен туғандығына да еш күмән болмаса керек.
Жүйрік аттың сыртқы сынына ерекше мән бердік
Бәйге атын тану, сынау, баптау – үлкен ғылым. Ат сынаушылар жылқының жүйрік немесе жабы болатынын құлын кезінен сынап білген. Үйде отырып, сырттағы аттың аяқ алысынан-ақ оның қандай мал екендігін ажырата білген сыншылар да болыпты.
Ертеде Әбілғазы деген сыншы ханға союға алып келген бір құнанды «Уа, жамағат! Мен мал танысам, мына жануардан шашасына шаң жұқпайтын жүйрік шығады» деп жұртты иландырып, сойдырмай қойған көрінеді. Кейін сол құнаннан айтқанындай алдына қара салмас дүлдүл шыққан деседі. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады.
Жүйрік ат жылқының шетін ала, оқшау тұрады. Үйірдің ортасына әсте кірмейді. Егер жылқының жайылымы таулы жер болса, өр жағында жүреді. Елеңдеп алысқа қарап, маңдайына өз көлеңкесін түсірмей, үнемі күнге беттеп жайылады. Күн батар сәтте жайылмай, батып бара жатқан күнмен қоштасқандай күнбатысқа қарап, селтиіп ұзақ тұратыны бар.
Жүйрік аттың сыртқы сынына ерекше мән беріп қарау қажет. Байқағаныңызда құлағы жалына басылмай артық шығып тұрып, кекілі сұйық әрі көзге түспеген, үстіңгі ернінен астыңғы еріні ұзын, алдыңғы тұяғынан артқы тұяғы үлкен, жанына адам жақындағанда көз алмай тесіліп қарайтын болса – жүйріктіктің белгісі. Жылқыны ізіне қарап сынауға да болады. Шауып бара жатқан немесе шапшаң жүрген аттың артқы тұяғы алдыңғысының ізінің үстіне дөп түсіп жатқан болса, жүйрікке тән қасиет. Ал егер артқы тұяғының ізі айқын болуымен қатар, артқы тұяқтың ізі алдыңғы тұяқтан асып түсіп немесе жетпей қалып жатса, ол шабандықтың белгісі. Жүйріктің көзі отты, қызыл келеді. Көзі қызыл дегенде қарашығы емес, көз еті қанталап қызарып тұрады. Жақынға әсте қарамайды. Көз қарасы байыпты әрі салмақты, сосын көзінің шарасы кең болса, жүйрікке біткен бітім.
Жасына қарай
қалай аталады?
Қазақ халқы төрт түліктің ішінде әсіресе, жылқы малының жас ерекшелігіне де аса мән берген. Малдың жасы қайсыбір ауызекі әңгімелерде бір жасар, екі жасар немесе үш-төрт жасар деп айтылғанымен, негізінен өзіндік атауларымен аталатын болған. Айталық, құлын – бес-алты айға дейінгі жылқы төлі. Жабағы – алты айдан бір жасқа дейінгі жылқы төлі. Тай – бір жастан асқан, екі жасқа толмаған (еркек, ұрғашы) жылқы төлі. Құнан – екі жасқа толып, үш жасқа аяқ басқан еркек жылқы. Байтал – екі жас пен үш жас аралығындағы құлындамаған ұрғашы жылқы. Дөнен – төрт жасар еркек жылқы. Сойтал – төрт жасқа шығар ұрғашы жылқы. Бесті – бес жасар еркек жылқы. Айғыр – үйірге түсетін аталық жылқы. Сәурік – жаңадан үйірге алынған жас айғыр. Саяқ – піштірілген тай, құнан, дөнен. Үйірге қосылмай өз алдына бөлек, саяқ жүреді. Қысырақ – үйірге жаңадан қосылған, әлі құлындамаған жас бие. Құлық – тұмса құлындаған жас бие. Бие – аналық жылқы. Қосаба – көп жасаған мама бие. Мама бие – үйірдегі кексе, өзінен өрбіген ұрпағы көп сақа бие. Саба бие – көп құлындаған бие. Ту бие – бірер жыл құлындамаған семіз бие. Бедеу бие – өмірі құлындамаған бие. Наз бедеу – әсем жүрісті, көрікті жарау бие. Ат – ақталған жылқы. Қазанат – дене бітімі ірі, шымыр, мүсінді, құйма тұяқ, ұзақ жолға шыдамды ат. Сәйгүлік – шашасына шаң жұқпаған жүйрік жылқы. Саңлақ – ұшқыр, жүйрік жылқы. Күйсіз-күлік (күлік жүйрік) – бапсыз-ақ, арнайы жаратпай-ақ, бәйгеден озып келетін жүйрік. Арғымақ – дене бітімі аса келісті, сұлу сымбатты, жүрдек, асыл тұқымды жылқы. Тұлпар – асыл тұқымды, аса төзімді, белді, жүйрік, батырлар мінген жылқы. Жабы – қазақ жылқысының байырғы тұқымы. Тумыш – арғымақ пен қазақы жылқының буданы. Қарабайыр – арғымақ пен жабының буданы. Пырақ – аңызда айтылатын қанатты ат. Дүлдүл – 1. Аңыз бойынша Мұхаммед Пайғамбар мінген қасиетті жылқының атауы, кейде Әзірет Әлі мінген ат деп те түсіндіріледі. 2.Ерекше жүйрік, айтулы тұлпар. Суын – аңызда айтылатын су жылқысы – деп жалғаса береді.
Бұл – жылқы малының қасиеттері мен ерекшеліктерінің, жас атауларының бір парасы ғана.
Ендеше, табалдырығымыздан аттаған Жылқы жылы табысты, арғымақтарыңыз шабысты болсын!
Әзірлеген – Серік Құсанбаев