Қоғам

Көлдерімен көрікті өңір

Көлдерімен көрікті өңір


Кейінгі жылдары Ұлан ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Бұл өлкеге саяхаттап келуші туристердің саны да уақыт өткен сайын көбейе түсуде.

Аталған саладағы атқарылатын шаруалардың да ауқымы кеңейіп, үлесі артып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінгі таңда ауданда 18 туристік нысан жұмыс істейді. Сонымен қоса, жаңа демалыс базалары мен қонақтарды қабылдау орындарын ашу жұмыстары тиянақты түрде жүргізілуде. Ұлан ауданы табиғаты жағынан өте көрікті, өзен-көлдері, жайқалған орманы мен таулары кез келген адамның жанарын арбайды. Осындай мүмкіндікті пайдалану үшін аудан әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен кешенді бағдарламалар жасалып, болашақта атқарылар жұмыстарға қомақты қаржы қарастырылған.

Өткен жылы Дубығалы көлінде жалпы құны 35,6 млн. теңге болатын 86 орындық «Окуньки» кемпинг-мейманханасы салынып, құны 16,4 млн. теңге болатын «Қараша» демалыс базасының құрылысы мен абаттандыру жұмыстары аяқталды. Жалпы бұл жерге келушілер саны да жыл сайын көбеймесе, азайған жоқ. Өйткені бұл демалыс орны облыс орталығына жақын орналасқандықтан жаз айларында мұнда көбінесе ұстаздар, мектеп оқушылары және басқа да қарапайым адамдар келіп демалады. Аудан әкімінің айтуы бойынша, алдағы уақытта бұл жерлерге апаратын жолды жөндеу жұмыстары қолға алынады. Сібенің төртінші көлі – Қоржынкөлде «Жібек жолы» мейрамхана кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаның құны 2 млрд. теңге шамасында. Қазіргі күні осы қаржының 200 млн. теңгесі игерілген. Бұл жұмыстар 2025 жылға қарай аяқталады. Бүгінгі күні онда 50 орындық қонақүй, жаздық және қыстық күркелер, судағы демалыс күркелері, санитарлық торап, жуынатын, киім ауыстыратын орындар, кинотеатр іске қосылып, арқанжол орнатылған.
Сонымен қоса 120 орындық заманауи үлгідегі шағын мейрамхана құрылысы жүргізілуде.

Жалпы Ұлан жері – өзен-суларға өте бай өлке. Соның бірі – Шалқар көлі. Сібенің үшінші көлі аталатын Шалқарда ресми түрде «Сибины» дайвинг орталығы өткен жылы ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл жерде су түбіне сүңгуді үйретеді. Оған қажетті жабдықтар сол жерде жалға беріледі. Одан басқа да қызметтердің кең түрі ұсынылған. Дайвинг орталықтың ашылу құрметіне «Diving Fest -2018» фестивалі өткізілген. Биыл ол жерде 40 орындық тағы бір орталықтың құрылысы басталады. Қазір сметалық құжаттары әзірленуде. Жобаны іске асыру мерзімі 2021 жылға дейін жоспарланған. Оған 10 млн. теңге қаржы жұмсалмақ.

– Ағымдағы жылы «Елдос» шаруа қожалығының бастамасымен Аблакетка су қоймасында спорттық-әуесқой балық аулау клубын ашу көзделген. Әрбір демалыс орнында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалған, сонымен қатар көлде балық аулауға мүмкінідік бар, – дейді Ұлан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерлан Шораяқов.

Иә, таудың таза ауасы мен көркем көрінісі экотуристерді қызықтырмай қоймайды. Мұнда табиғаттың сұлулығынан ләззат алып қана қоймай, көрікті жерлермен жаяу серуендеуге де болады.

Садыр көлі маңында 100 адамға шақталған демалыс базасының құрылысы жүргізіледі болашақта. Бұл жобаның құны 40 млн. теңгеге бағаланып отыр. Оны жүзеге асыру мерзімі 2019-2021 жылдардың еншісінде. Шыбындыкөл және Дубығалы көлдеріне баратын асфальт жол салу жоспарланған. Қазір осы мәселеге қатысты құжаттар әзірлену үстінде.

Жалпы, Шығыс Қазақстанның әсем табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны көзбен көру керек. Сонда ғана көңіліңіз тояды.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі біздің өңірге келген жұмыс сапарларының бірінде: «Шығыс – еліміздің інжу-маржаны» деген еді. Расында бұл өңірдің кез келген мақтауға, мақтануға тұрарлық. Ендеше демалыс үшін сонау шетелге ат сабылтпай қолда барды бағалай білсек, ұтпасақ ұтылмаймыз. Туризм дамыса, көптеген жаңа жұмыс орны ашылып, өңіріміздің экономикасы да қарқынды дамып, өсіп-өркендейтіні сөзсіз.

Мира Мырзағали

Осы айдарда

Back to top button