Қоғам

Көңілдің гүлі, көздің нұры, өмірдің жыры

Көңілдің гүлі, көздің нұры, өмірдің жыры


Бүгін той! Облыс орталығының қай нүктесіне бармасаңыз да періштелерді көресіз. Олардың қуанышты үнін естисіз. …Айтпақшы, ол жерлерге жаяу барғаныңыз жөн. Себебі, көшеде кептеліс. Кептеліс болғанда да, айтары жоқ, сұмдық кептеліс. Автобустан аяғыңыз артық.

Күй құдіреті

– Бала деген – көңілдің гүлі, көздің нұры, өмірдің жыры. Халқымыз саналы ғұмырын ұрпағына арнап, бала тәрбиесіне айрықша назар аударған. Біз «Рухани жаңғыруды» осы бауыр етіміз – балалардан бастауға тиіспіз. Сонда келешегіміз – кемел, мақсатымыз айқын болмақ, – Өскеменнің орталық алаңына жиылған тойшыл қауымды облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы құттықтады.

Алаңға қаланың басты көшелерімен жүріп өткен мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының музыкалық оркестр мен ансамбльдер шеруі де таяп келеді. Ал шеруді «Үміт» балалар үйінің хореорграфиялық ансамблі мен облыс көлеміндегі бірнеше мектептің «Мұрагер» атты домбырашылар үйірмесі бастап келеді.

«Үміт» балалар үйінің бишілері бүгінде талай-талай белесті бағындырды. Топтық жарыс болсын, жекелей бишілер сыны болсын, қай-қайсынан да алдыңғы шепте көрініп жүр. Атай берсек, көп. Бір ғана Владислав Лоскутов есімді дарын иесіне тоқталайықшы, Францияда өткен «Мен сені сүйемін, Париж», Испанияда өткен «Ноla, Барселона», Ресейде өткен «Мәскеу, сен кереметсің» сынды халықаралық жарыстарда топ жарды. Жә, жә, осы да жетіп қалатын секілді. Әнеки, мың бұралған биімен-ақ өздері де мықтылығын дәлелдеп тұрған жоқ па.

Ал «Мұрагер» ансамбльдерінің жөні тіптен бөлек. Осы бағдарлама іске асқалы бері, төл өнеріміз төрге озды. Ықылымнан сыр шертетін күй тілі арқылы тарихымыздың да боямасыз өз үнін естіп отыр жас ұрпақ. Мектептердегі осы атаулы үйірмелердің жүлделерін жіпке тізбей-ақ қоялық. «Мұрагер» домбыра ансамблі бар» деген сөздің өзін үлкен жетістік деп қойыңыз.

…Пай, пай, шіркін, арқаны қоздырып, қаныңды қыздырады-ай мына күй. «Күйдің құдіреті-ай!» «Жібер аттың басын!» «Күмбірле, қайран домбыра!»

Сөз құдіреті

Бүгін той! Әне, періштелердің үні Ертіс жағалауынан да еседі.

– Өзенде су шашып ойнап жүр ме екен әлде?

– Жоқ, су емес. Құм!

– Құм?

– Иә, түрлі түсті құм бояулар.

– Алақай!

Ерке мен Әдемі, өздері айтқандай, құм атысып ойнаған достарын көріп жүгіре жөнелді.

– Достар, бүгін біздің мерекеміз ғой, солай емес пе? – деп сұрау тастады жүргізуші ортаға. – Ендеше көңілді өткерейік. Ортаға осынау мейрамды ұйымдастыруға ұйытқы болған Оқушылар шығармашылық сарайының өнерпаздарын шақырайық. Айнала билейік!

Иә, сахнаға көтерілген өнерлі балалар көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады. «Жалын», «Lime» сынды би топтары тіпті баурап әкетеді. Жанерке, Айым, Айша үшеуінің әнін айтсаңшы. Дауыстары қандай әсем!

Мерекелік шара көңілді өтті. Естіп-білгеніміздей, осыдан бір ай бұрын «Сөз құдіреті» атты мүмкіндігі шектеулі балалар арасында қалалық мәнерлеп оқу жарысы болған екен. Онда 5-6 жас, 7-10 жас, 11-15 жас және одан үлкен жастағы мектеп оқушылары өлең, поэма оқып сайысқа түсіпті. Міне, сол доданың жеңімпаздары да осы жерде марапатталды.

– Бас жүлде №19 мектептің оқушысы Данил Тыщенконың қанжығасында! – деп хабарлады жүргізуші.

Бірақ «концертіміз осымен аяқталды» деп айта алмады ол. Себебі, ешкім де алаңнан тарқамады. Би биге, ән әнге ұласты. Аспан асты қызылды-жасылды алуан түске боялды. Жарқыраған дүние, жадыраған жүздер, жарқын үндер…

Иә, бүгін той!

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button