Руханият

Классикалық музыка әуеледі

Облыстық драма театрында әдемі классикалық музыка кеші өтті. Залға жиналған қауымға Азамат Жылтыркөзов, Тимур Урманчеев, Динара Базарбаева-Сахаман, Мурат Нарбеков секілді еліміздің үздік вокалистері мен музыканттары  өз өнерін ұсынды. 

Аталған концерт «Дегдар» гуманитарлық  қорының «Времен связующая нить» қайырымдылық жобасы аясында 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне,  бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған аға ұрпақ өкілдеріне, жағдайы төмен жандарға, жетім және мүгедек адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету. Аға буын мен кейінгі буын арасын жалғастырып,  алтын көпір болу. Осынау жоба аясында жыл сайын еліміздің ең үздік вокалистері мен музыканттары  облыс орталықтары мен шағын қалаларды аралап, тегін концерт беріп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі таңда осынау жоба 57 қалада жүзеге асырылып, әртістер 89 тегін концерт берген. Оны  40 мыңнан астам адам тамашалаған.

Бұл жолғы концерт те өте жоғары деңгейде өтті. Залға жиналған қауымның ішінде  жасы үлкен қариялар мен студенттер де бар.  Есімі елге кеңінен таныс пианист, «Құрмет» орденінің иегері Тимур Урманчеев өз сөзінде Өскеменге бұл жобамен мұның алдында да талай келгендерін  атап  өтті. Бірақ ол кезде концерт Металлургтер мәдениет сарайында өткен болатын. Ал бұл жолы облыстық драма театрында өнер көрсетудің сәті түскеніне қуанышты екенін жеткізді.

Жалпы, ұйымдастырушылардың айтуынша, «Времен связующая нить»  – республика халқының қолдауына ие болған қоғамдық маңызы бар жоба. Ұйымдастырушылардың атына   қала әкімдіктері мен ардагерлер кеңесінен алғыс хаттар, шақыртулар жиі түсетін көрінеді. Әр жылдары осынау қайырымдылық жобасына   Қазақстанның халық әртісі Гаухар Мырзабекова мен ол жетекшілік етіп отырған «Қазақстан камератасы» мемлекеттік камералық оркестрі, «Астана опера» театрының солистері Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев, Альфия Каримова, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Андрей Трегубенко, Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, ресейлік виолончелист және дирижер Денис Шаповалов және т.б. өнер көрсеткен.

Бұл жолы да қазақстандық орындаушылар көпшілікке әдемі музыкалық кеш сыйлады. Әсіресе виолончелист Мурат Нарбеков, скрипкашы Динара Базарбаева-Сахаман және пианист Тимур Урманчеевтан құралған трио қазақ әні «Япурайды» орындағанда, залдағы тыңдарман сілтідей тына қалды. Баритон Азамат Жылтыркөзовтің орындауындағы ариялар мен романстар да естіген адамның құлақ құрышын қандырды.

– Бүгінгі концертке келгеніме ерекше ризамын. Музыка – адам жанының емшісі ғой. Қиялыңа қанат бітіреді. Бүгін мен сондай бақыттымын, – дейді өскемендік тұрғын Раиса Садырова.

Сондай-ақ осынау жоба аясында Шемонайха ауданындағы «Зевакин арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесіне материалдық көмек көрсетілгенін де айта кеткіміз келеді.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button