Қоғам

Көл жағасындағы көрікті мекен

Көл жағасындағы көрікті мекен


Шипалы Алакөлдің жағасына орналасқан Қабанбай ауылдық округі (бұрынғы Жарбұлақ) кейінгі жылдары адам танымастай өзгерді. Көл жағасының заман талабына сай қайта салынуы, елді мекенді де жасартып, жаңғыртты.

Төрт жарым мыңдай тұрғыны бар округте екі орта мектеп, саз мектебінің филиалы, аурухана, пошта, байланыс торабы орын тепкен. Сонымен қатар біраз жылдар бұрын іске қосылған «Алакөл-Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Алакөл судан құтқару» станциясы, өрт сөндіру пункті, малдәрігерлік топ, телемұнара, тасқыннан қорғау (мекемесі) және энергетиктер жұмыс істейді.

Өзіміз бір жазда бірнеше рет барып келетін дәрумен көлдің жағасына орын тепкен көрікті елді мекеннің әкімі Қалихан Нұрымбетовпен әңгімелесіп, ауылдың қазіргі хал-ахуалы жайында сұраған едік.

-Елді мекен жыл санап өзгеріп келе жатқандығын өздеріңіз көріп-біліп жүрсіздер. Қабанбай ауылдық округі бойынша 2016 жылға жоспарланған қаржы 20 млн. 611 мың теңге болса, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен, 16 млн. 877 мыңы, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында берілген 3 млн 534 мың 800 теңге толық игерілді. Барлық бөлінген қаржы мақсатты жұмсалды.

2017 жылға жоспарланған қаржы – 20 млн. 854 мың теңге. Бұл бөлінген қаржы да толығымен игерілуге жақын. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде «ТБО Қабанбай» полигоны салынып, жүзеге асырылды. Жаңа мектепке дейінгі жолға асфальт төселді. Сондай-ақ Б.Майлин орта мектеп-балабақшасының есік-терезелері ауыстырылып, жылу қазандығы жаңартылды. Бұл – былтырғы атқарылған жұмыстар. Егер биылғы жылдың осы кезеңіне дейін айтатын болсақ, орталық көше абаттандырылып, орталық стадион жөндеуден өтті. Басқа да ел-жұртқа керекті, маңызды істер жүзеге асты. Қабанбай ауылдық округінде ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Мал басы жылдан-жылға өсіп келеді. Бүгінгі күндері округ бойынша 63 шаруа қожалығы бар. Бұл қожалықтар тек мал өсірумен және оны сатумен айналысады.

Қабанбай-Жалаңашкөл аралығындағы 60 шақырым өңірге қыстамалар орналасқан. Егер мысал ретінде келтіретін болсақ, осы жылы ірі қара 4968 бас болып, қой мен ешкі 20556-ға, сонымен қатар жылқы 1634-ке жеткен екен. Былтыр мал басының қыстық мал азығымен қамтамасыз ету үшін ауыл тұрғындары шамамен 9100 тонна шөп дайындаған. Елді мекенге асыл тұқымды бұқалар әкелініп, ірі қара малын асылдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
«Қараапа» шаруа қожалығының иесі Асқар Қожаев 30 аналық сиырын қазақтың ақбас бұқасымен, «Айдын» шаруашылығының жетекшісі Айдын Байтұғысов 30 аналық сиырын әулиекөл бұқасымен асылдандыруда. Мұнымен қатар, «Қараапа» қожалығы 50 бас ірі қараға бордақылау алаңын ашып, бүгіндері жұмысын тұрақты жүргізуде. Қазір округте 2 кооператив құрылған. Соның бірі – мал союмен, бордақылаумен және сатумен айналысады. Қабанбай округінің алып жатқан аумағы 54196 гектар. Елді мекенде суармалы алқап жоқ десек те болады. Мемлекеттен несие алу мен шаруашылықты дамыту, өсіріп-өркендету жаңа үрдіске айналған.

2016 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Олжабай» шаруа қожалығы 13 млн. 100 мың теңге несие алып, 69 бас мал сатып алды. Сол сияқты, «Құлан» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Бақытжан Абылғазинов 57 бас мал сатып алуға 14 млн. 040 мың теңге несие алды. «Шынар» шаруа қожалығы 304 мал басын алу үшін 7 млн. 950 мың теңге несие алды. Округке мемлекет тарапынан ірі қара малын селекциялық асылдандыруға берілген субсидия мөлшері 2 млн. 832 мың теңге болса, оның ішінде, «Ардақ» шаруа қожалығы 514 мың теңге, «Құмғанбай» шаруа қожалығы 450 мың теңге, «Олжабай» қожалығы 1 млн. 764 мың теңге және «Бауыржан» шаруашылығы 104 мың теңге субсидия алды.

Осы округтің тұрғындары көктем басталысымен шипалы суға келіп, демалушыларға әрі ем қабылдаушыларға қызмет көрсетеді. Ауыл тұтасымен бұл уақытта еңбекпен қамтамасыз етіледі. Бұл да болса осы елді мекендегі ел-жұрттың тұрмысын, әл-ауқатын көтеруіне айтарлықтай көмек.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button