Қоғам

Күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз

Күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз


Аудан орталығы Ақсуат ауылының сыртындағы шағын ет комбинаты кезінде күніне 2000 бас қой, 1000-ға жуық ірі қараны бір тәулікте соятын. Қазір кетеуі кетіп, жүргенінен тұрғаны көп өндіріс ошағына айналды.

Ал кәсіпорынның кәріз жүйесі істен шыққалы бері арагідік мал сойғанда, малдың қан-жынын ашық далаға жіберетін болған. Оның үстіне жетпісінші жылдардың басында салынған тазартқыш шұңқырдың бетон қақпағы құлауға жақын.

Істің мән-жайын сұрап, аудандағы «Ақсуат мемлекеттік коммуналдық мекемесінің» басшысы Есет Қожахметке телефон шалған едік. Ол орынбасарына сілтеді. Орынбасардың айтуынша, ет комбинаты коммуналдық мекемеге бағынышты емес екен. Бұған аудан басшылығы аталған кәсіпорынның базасында ет зауытын салатын болып, Қытайдан инвесторлар тартпақ болған. Ол істің соңы сиырқұймышақтанып кетті.

Аудан орталығында 58 шақырым жерге кәріз жүйесі тартылған. Алайда жекеменшік секторы кәріз жүйесін толық пайдаланып отырған жоқ. Мәселен, өткен жылы Ақсуатта «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 275 үйге таза су жүйесі тартылғанымен, 35 үй ғана кәріз жүйесін пайдаланып отыр. Қалған үйлерден шыққан лас су күресінге құйылып жатыр. Аула ішіндегі күресін мәселесі де оңып тұрған жоқ. Тазалыққа жауапты мекемеге ақша төлегісі келмегендіктен, ауыл сыртына апарып төгеді. Айталық, біз айтып отырған ет комбинатының маңайындағы күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз.

– Күн ара тұрғындар тау қылып үйіп кететін қоқысты шығарудан жалықтық. Түсіндіріп те көрдік, айыппұл да салдық, нәтиже жоқ. Арнайы орынға апармайды, – дейді Есет Қожахмет.

Ақсуаттың сыртындағы күл-қоқыс төгуге арналған орынды да көрдік. Ол жерге шашылып төгілген қоқыс желдің айдауымен ауылға қайта кіріп жатыр. Жыл басында төрт ірі елді мекенде қоқыс төгетін полигон салынады делінген. Алайда, жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button