Қоғам

Күл-қоқыс уақытында тасымалданбайды. Неге?

Ел аумағында екі ай бойына жалғасатын тазалық маусымының шымылдығы түрілгелі аптадан асты. Одан бері біраз шаруа істеліп, облысымыздың орталығы Өскемен қаласында бірқанша көшелерге (негізгілеріне) көрік бітіп қалғаны да рас. Алайда Астанадан бастау алған бұл игілікті істің біздің өңірде әлі де болса ақсаңқырап тұрғаны анық байқалады. Бұған біз өткен сенбі күні арнайы жүргізген рейд кезінде көз жеткіздік.

Күл-қоқыс уақытында тасымалданбайды. Неге?Иә, сырттан қараған адам Өскеменнің дәл қазіргі тазалығына мін таға алмайды. Өйткені, келімді-кетімді қонақтар жиі жүретін орталық даңғылдар күл-қоқыстан баяғыда-ақ арылған. Көшелердің бойларына көшеттер отырғызылып, гүлзарлар гүл егуге әзірленуде. Бірақ… Бірақ бұл бергі жағы. Арғы жағына үңілсеңіз, үстіңізден мұздай су құйып жібергендей тітіркеніп қаласыз. Жасыратын несі бар, Өскеменнің көзден тасалау аудандарындағы санитарлық жағдай көңіл көншітерлік емес. Ал енді саусағыңыздың саны жетсе, санай беріңіз.

Красин кенті. «Қазақстан» деген қас-қайған жазудың дәл түбіндегі елді мекен. Мұндағы жұрттың түгелге жуығы жеке тұрғын үйлерде тұрады. Бәлкім сондықтан да шығар күл-қоқыстың молдығымен «мақтана» алады бұл кенттің тұрғындары. Осы Красинге кіреберісте Әліби Жангелдин атындағы шағын ғана көшенің басталар тұсында қап-қап болып қатталып жатқан қоқысты көзіміз шалды.

– Бұл қыстан бері жатыр. Ешкім тазаламайды. Мына үйдің (қасымдағы үйді нұсқап) иесі жалғызбасты қария қайтыс болғалы осы жерге біреулер қалдықтарды үйіп кететінді шығарды. Екі-үш рет тазаладым да, бірақ ертеңінде тағы пайда болды. Бәрін істеп жүргендер – жақын маңдағылар. Қоқыс шығаруға ақша төлемеудің амалына көшіп, өзінің үйіндегі қалдықтарды целофан дорбалар мен қытайдың қаптарына салып әкеліп тастайды. Ұстап алмаған соң кімнен көресің, тазалық пен тәртіпті қадағалайтын тиісті орындар осының бәрін қадағаламай не бітіріп жүргенін білмеймін?! – деп кейіген Жангелдин көшесі, 32-ші үйдің тұрғыны Қайрат Қалибекұлы өзі тұратын кентте мұндай келеңсіздіктер көптеп кездесетінін айтты.

Мәселен, оның сөзіне сенсек, Пушкин көшесінің бас жағында (өртеніп кетуіне байланысты тұрғын үйдің нақты нөмірі белгісіз) тағы бір иесіз жер телімі бар екен. Бұрындары мұнда ішімдікке әуес отбасылар тұрыпты, кейіннен өрттің салдарынан тұрғын үй жермен-жексен болған. Тек қана қоршалған жер телімі қалған. Міне, осы қоршаудың іші толған қоқыс. Көзімізбен көрдік. Айналасындағы тұрғындар ақысыз қоқыс төгетін орынға айналдырып алыпты. Жаздың ыстығында ит-мысықтардың өлекселері мен тамақ қалдықтарының мұрын жарар иісі мүңкігенде, ол қолқаны атады.

Сол сияқты Красин кентінің оңтүстік-батысындағы гараждар мен қоймалар шоғырланған аймақта да іздеген адамға күл-қоқыс жетеді.

Одан бері, яғни, орталыққа қарай жүрсеңіз, жұртшылық «У-Ка вокзал» атап кеткен Өскемен теміржол бекетіне тірелесіз. Бекеттің маңайында бейберекет шашылған бөтелкелер мен әр жерде үйілген қоқыстар бірден назарға ілігеді. Теміржол демекші, қаламызға ат басын тіреген қонақтарды қарсы алатын Защита теміржол бекетінің алды, дәлірек айтқанда, алдындағы шағын саябақтың іші де жындар ойнақ салғандай шашылып жатыр. Бұны кім жинауға тиіс, қаланың коммуналдық қызметі ме, әлде, «Қазақстан теміржолына» қарасты аталмыш бекеттің басшылығы ма?! Алдағы уақытта екі тарап бір байламға келіп, мәселені шешпесе, басқасы басқа, қаланың қақпасы делінетін бекеттің берекесіз күйі облыс орталығына абырой әпермейді.

Тазалық тақырыбына өзек етуге лайық дүниелердің тағы бір парасы қаладағы №40 мектептің ауласы, Тәуелсіздік даңғылы №7 және №9/2 тұрғын үйлердің маңы, Питер Коммунарлары көшесі, 15-үйде орналасқан «Сударыня» дүкенінің алдыңғы жағы, авто-бекеттің айналасы, Белинский көшесінде орналасқан «№1 халыққа қызмет көрсету орталығы» ММ-нің жаны… Бұлардың бәрі қоқыс үйінділерінен әрең тыныстап, тұр. Қаланың коммуналдық шаруашылығы қай-да қарап отырғанын білмеймін, әйтеуір тұр-ғындардың, мекеме ұжымдарының еңбек-теніп жүріп жинаған қоқыстары желмен қайта шашылып жатыр. Осыдан соң халыққа «сенбілікке шығыңыздар» деп не беті-мізбен айтпақпыз?! Қып-қызыл еңбекпен жиналған күл-қоқысты неге уақытында тасымайды?

Оны айтамыз-ау, мына масқараны қараңыз! Қаланың қақ ортасында, дұрысы, Өзен бекеті аумағындағы темір қоршаудың іші тұрғындардың қоқыс төгетін орнына ай-налған. Тіпті, қалқайтып дәретхана тұрғызып қойғанын қайтерсіз. Бос бөтелкелер мен тұрмыстық қатты қалдықтардан көз сүрінеді. Арғы жағында жүз метр жерде «Бәйтерек» тұр жайқалып. Қарасаңыз, бір-біріне мүлдем кереғар құбылыстар.

– Өзімізден де бар. Осы қоқыстарды тастайтын басқа емес, өзіміз ғой. Ендеше, кімге өкпе артып, кімді кінәлаймыз? Десек те, қоршауды бұлай қойғаны дұрыс емес. Алып тастасын немесе орнына басқа бірдеңе істеу керек. Әйтпесе адамдар қалдықтарды төге береді. Қаңғыбастар да бұл маңнан шықпайды күндіз-түні. Қала басшылығы қадағалауы керек қой мұның бәрін, – дейді өзін Жеңісбек деп таныстырған орта жастан асқан қала тұрғыны.

Қалай десек те қаланың тазалығы ең бірінші кезекте өзіміз үшін қажет. Бұл орайдағы Өскеменнің тазалығы өзгелерге үлгі болуға тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі облыс орталығының санитарлық жағдайы сақадай-сай дей алмаймыз. Ендеше, жауапты орындарымыз бар, халық бар бәріміз жабылып Президенттің: «Әр адам тұрғылықты жерін таза ұстағаны жөн. Егер осы жарқырап тұрған шаһарымызды өзіміздің өміріміз әдемі болуы үшін таза күйінде ұстамасақ, онда кімге керек болады. Тазалық ұдайы жинастыратын жерде емес, тазалық ластамайтын жерде сақталады» деген сөзінен тәлім алғанымыз дұрыс шығар.

* * *

Семей қаласында жүргізіліп жатқан сенбілік шеткері жатқан аудандар үшін аса маңызды, себебі, «Юность» шағын ауданының тұрғындары балалар ойнайтын алаңды қоқыс үйетін алаңға айналдырып алған. Бұл жерге қай аулалардан қоқыстар шығарылып жатыр, оны анықтау мүмкін болмады. Тұрғындардың айтуынша, бұған кінәлі жекеменшік пәтер иелері кооперативі, бұл мекеме қоқысты шығару үшін ешқандай амал қолданбай отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетіне қарасты облыстық департаментінің Семей қаласы бойынша басқармасы бастығының орынбасары Қ.Тұрдыновтың ақпараты бойынша, үйілген қоқыстарды шығару үшін жұмыс қолы керек. Ол үшін тұрғындар арнайы келісімшартқа отырғандары жөн. Бірақ олар келісімшарт мәселесіне немқұрайлы қарап отырса керек. Дегенмен, сенбілік барысында осындай бірқатар фактілер анықталып, мұндай көріністермен күрес қарқынды жүргізілуде. Себебі, тиісті мекеме қызметкерлері 63 көшені қарап, тексеріп, тазалық жасау үшін 622 ескерту хатын ұсынған. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Александр Ершовтың мәлімдеуінше, жалпықалалық сенбілікке қатынасқан әр мекеме өз аулаларындағы, көшелеріндегі тазалық жұмыстарымен айналысқан. Сенбілікке қала бойынша 120 мыңға тарта адам, жүзден астам қоқыс тазалайтын, шығаратын арнайы техникалар жұмылдырылды. Сенбілікке негізінен студенттер тартылатындығы белгілі. Бірақ жастардың бұл сенбілікке мән бермей отырғандығын қала әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева баса айтып отыр.

– Мәселен, сенбілікке қыздар қысқа юбка, биік өкше туфли киіп келеді де, селтиіп бос қарап тұрады, – дейді әкімнің орынбасары Зәуреш Рамазанқызы ашына. – Қолдарына ұстап алған сыпыртқыларын әрі-бері бұлғап, ойнап тұрғандарды көріп, «Айналайын, неге келдің?» деп сұрасам, «Бізді мәжбүрлейді, содан кейін келдім» деп жауап береді. Оқу орындарының басшы-лары студенттерге түсіндірсе ғой, бұл жылына бір рет келетін ғана сенбілік, оның үстіне бұл еңбек тәрбиесі.

Шынында да барлық шараларға негізі-нен қала жастары жұмылдырылады. «Жас келсе – іске» демекші, алдағы уақытта сен-біліктерге жастар дайындықпен келіп, өз-дерін лайықты ұстап, жасы кішілерге үлгі-өнеге болады деген үміттеміз. Ал сенбілік бұл тек қана тазалық шарасы емес, салауатты өмір салты және туған жеріміздің патриоты болудың өзекті бір көрінісі.

* * *

Аягөз қаласындағы өткен сенбілікке бірыңғай мектеп оқушылары мен бірен-саран мекемелер ғана қатысты. Сенбілік лайықты деңгейде ұйымдастырылмады десе де болады.

«Қазпошта» АҚ мен аумақтық әлеуметтік көмек көрсету орталығы, сондай-ақ, «Аягөз жаңалықтары» газеті, халыққа қызмет көрсету орталығы мен мемлекеттік өтемақыларды төлеу мекемелері өздеріне бекітілген көшелерге тазарту жұмыстарын жүргізді.

Алайда сенбілік кезінде қаланың теміржол мекемелері өздеріне бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізбеді. Мүмкін Аягөз локомотив пайдалану (бас-тығы М.Шакенов) және жөндеу (директоры А.Искаков) деполары мекеме аумағын тазалаған да шығар. Бірақ оларға бекітілген көшеде тірі жан болмады.

Ә.Тәңірбергенов көшесіне жауапты 24-ші вагон депосынан да сенбілікке шыққан адамды байқамадық. Көше бойындағы үйілген қоқыс сол күйі жатыр. Көшенің 29-шы үй маңындағы жиналған қоқыстың жатқанына да бірталай уақыт болған сияқты. Оны елеп-ескерген коммуналдық шаруашылық қызметкерін көрмедік. Сенбі-лікке шығып, қаланың ажарын ашу – тек жауапты адамдардың міндеті ғана емес, әр қала тұрғынының азаматтық парызы. Жекеменшік нысан түріне қарамастан барлық қала тұрғыны жаппай сенбілікке шығып, өздерінің үйлерінің маңын, бекітіліп берілген аумақтарды тазалап, күл-қоқыстар мен тұрмыс қалдықтарын қала сыртындағы полигонға шығарулары керектігі қанша рет айтылса да, әзірге нәтиже шыға қойған жоқ.

Серік Әбілхан,
Раушан Нұғманбекова,
Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button