Қоғам

Кіл мықтылардың кіші Әлем чемпионаты басталды

Кіл мықтылардың кіші Әлем чемпионаты басталды

Шығыстың мәртебесін көтерген тағы бір халықаралық турнирдің жалауы желбіреді Өскеменде. Тағы бір дейтінім, әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи спорт кластерінің салынуымен дәрежесі жоғары спорттық жарыстар өңіріміздің бас қаласында жиі-жиі өткізілуде. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған облыс әкімінің жүлдесі үшін бокстан жасөспірімдер арасындағы турнирде алты елдің өкілдері бақ сынады.

Кіл мықтылардың кіші Әлем чемпионаты басталды

Аптаға созылатын аламанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов пен Серік Сәпиевтей мәртебелі меймандар қатысып, боксшыларға сәттілік тіледі.
– Әлемде екі жүзден астам мемлекет бар десек, соның ішінде байрақты бәсекелерде өзінің орнын ойып алатын елдер саусақпен санарлық. Қазақстан өзінің бокс мектебінің арқасында әлемдік бокс державасына айналды. Өйткені, өткен ғасырда Шоқыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Қонақбаев сынды таланттарымыз ел намысын қорғаса, олардың ізін Ермахан Ыбырайымов, Серік Сәпиевтей ұлттық батырларымыз жалғастырып, көк байрағымызды биікте желбіретті. Біз осы батырларымызға алғыс білдіруіміз керек. Бүгінгі өсіп келе жатқан жастарымыз алдыңғы ағаларының жеңісті жолын ары қарай жалғастыратынына сенім мол. Өйткені, бізде спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Айталық, облыста қазір жиырмадан астам бокс секциясы жұмыс істейді. Жетпістен астам жаттықтырушы еңбек етеді. Аталған спорт түрінен облысымызда Әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Енді Шығыстан Олимпиада чемпионы шықсын деген ниетпен осындай үлкен бокс мерекесін ұйымдастырдық. Көңіл бөлініп, қолдау көрсетілген жерде нәтиже болатыны сөзсіз. Олай болса жоғары жетістіктерге жете берейік, – деген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жарысқа қатысушылар мен оны тамашалауға келген құрметті қонақтарға облыс әкімінің атынан алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.
Жекпе-жек сарайындағы дүбірлі додада алты мемлекеттің: Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Ресейдің 2000-2001 жылдары туылған жүзден астам боксшысы бірнеше салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Айта кететін бір жайт, Ресей мен Өзбекстан құрамасының сапында бұл турнирге былтыр Санкт-Петербургте өткен Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері келіпті. Ал Қазақстан намысын Азия чемпиондары, Әлем чемпионатының жүлдегерлері қорғаса, Әзірбайжан көршіміз Әлем және Еуропа чемпионаттарында олжа салған мықтыларды жарысқа қосты. Соған қарағанда Өскемендегі бұл бәсекені бокстан кіші Әлем чемпионаты деуге болады.
– Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бірнеше мемлекеттің боксшыларын жинап, жоғары деңгейлі жарыс ұйымдастырып отырған облыстың басшылығына, денешынықтыру және спорт басқармасына, бокс федерациясына бүкіл спортшылар атынан алғысымды айтамын. Бұл турнир – жас өрендеріміз үшін үлкен мәртебе, мүмкіндік. Осы жарыста топ жарғандар алдағы уақытта өтетін «Азия балалары» ойындарына қатысуға мүмкіндік алады. Ұлттық құрамаға алынып, Қазақстанның атынан үлкен сындарда өнер көрсететін болады. Сондықтан барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Шын мықтылар жеңіске жетсін. Ал төрешілеріміз әділ бағасын берсін, – деп құттықтау сөзін айтқан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбыраймов еліміздің даңқты боксшыларының атынан спорттың дамуына үлкен үлес қосып жүрген облыс әкіміне арнап әкелген естелік сыйлықты орынбасары Жақсылық Омарға табыс етті.

Кіл мықтылардың кіші Әлем чемпионаты басталды

Алқалы топтың алдында ақ тілегін білдірген ұлтымыздың тағы бір талантты перзенті, Олимпиада чемпионы, «Бэл Баркер» кубогінің иегері Серік Сәпиев: – Өңір боксын дамытуға мұндай турнирлердің қосар үлесі зор. Спортшылар атынан жарысты ұйымдастырған облыс әкімдігіне, басқа да жауапты адамдарға алғыс айтамын, – деп түйді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button