Қоғам

Көкжотаның көкпаршылары көпке үлгі

Көкжотаның көкпаршылары көпке үлгі


Бірнеше жылдан бері небәрі жүзге тарта түтіні бар Көкжота ауылының көкпаршылары ауданды былай қойып, облыс әкімінің жүлдесі үшін өтетін халықтық ойындарда жүлделі орындарға таласып жүр. Былтыр олар жарыстың бас жүлдесін иеленсе, оның алдындағы жылдары екінші, үшінші орындарға табан тіреген болатын. Тіпті жергілікті жігіттің бірнешеуі облыс құрамасына қабылданып, бүгінде республикалық жарыстарда атой салып жүр.

Жақында біз Көкжота ауылында болып, ауылда тұрса да, бүкіл ауданның намысын абыроймен қорғап жүрген атан жілікті, апайтөс көкпаршылармен жолыққан едік.

Көкжоталық көкпаршыларды өз ісінің майталман шебері, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын Дархан Рәпеков жастайынан баптаған екен. Көкпар – қауіпті, екінің бірінін қолынан келе бермейтін ұлттық спорт түрі. Амал бар ма, аудан көкпарын өрге сүйреген, өзінің мол тәжірибесін жерлестерімен бөлісуден жалықпаған Дархан Рәпеков арамыздан ерте кетті. Оның ұлы, ауылда мал дәрігері болып қызмет ететін Дарын Ахмадиев әке ұлағатын бойына сіңіре білді. Дарынның інісі Еламан да – аудан құрама командасының белді мүшесі. Қазір команданы тәжірибелі маман Қанат Биқатов баптауда.

Қанат Қалибекұлы ашық-жарқын, сөзге шебер азамат екен, көкейіміздегі сауалды айтпай-ақ түсініп, атқарып жатқан істерімен таныстыра жөнелді.

– Алғашқыда, яғни, 2007 жылы Көкжотада ат спорты клубы құрылды. Екі жылдан кейін мені клуб директоры қызметіне тағайындады. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Ат спорт клубында көкпаршыларды дайындадық, ат баптадық. Жалпы, көкпарға қазақи аттар жарамсыз. Таза қанды ағылшын тұлпары болмаса, көкпарға шаба алмайсыз. Қаржы тапшылығы салдарынан осыдан үш жыл бұрын клуб жабылып қалды. Өткен жылы ауданға жаңа әкім келді. Ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятын Асхат Смайылов аудандағы ат спорты клубының неге жабылып қалғанын анықтауды тапсырып, нәтижесінде төл спортымыздың бойына қайта қан жүгірді. Әкім қажетті қаржыны тауып берді. Сөйтіп ат спорты мектебі жұмысын қайта бастады, – дейді Қанат Биқатов.

Қанаттың айтуынша, көкпарға шабатын аттар жылдам, тізгінді тартқан кезде иесінің не ойы бар екенін түсінетін ақылды, шеңберге жақындаған сәтте кілт оңға не солға бұрылатын таза қанды ағылшын тұқымды тұлпарлар болғаны жөн. Жергілікті биемен будандастырылған ағылшан тұқымды көкпар аттарының бағасы арзан емес. Ең кемі 800 мың теңге тұрады, ал қымбаттары бір жарым миллион теңгеге жетеді. Мәселен, Кавказдан келген «Шырақ» атты тұлпар – кесек болса да, шалт қимылдайтын, ым-ишараны түсінетін жануар. Үлкен Нарыннан жеткізілген «Нарын», Ресейден келген «Домбыра» аттары да – көкпарға жарамды сәйгүліктер. Аудан намысын абыроймен қорғап жүрген көкжоталық Дарын мен Еламан Ахмадиев, Кенжебек Нұрсапанов, Дархан мен Жарқын Жанбосин, жасы 47-де болса да түсіне көкпар ғана енетін Бейбіт Ерданинов, бапкер Қанат Биқатов сияқты жергілікті жігіттердің мақсаты – алдағы уақытта елішілік додаларда да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер көрсету.

– Оңтүстіктегі Түркістан, Жамбыл облыстарының көкпаршылары сегіз ай бойы көкпар тартады. Ол жақта күн қатты ыстық, демек қазір олар демалыста. Ал біз болсақ дайындықты бір сәтке де бәсеңдеткен жоқпыз. Көкпарға шабатын аттар бабында болғаны дұрыс. Аптасына бір рет, кейде екі рет муляжбен көкпар тартамыз. Оның салмағы 25 келі. Оңтүстікте көкпар спортына ерекше көңіл бөлінеді. Қаржы да мол. Ал Шығыста көкпар спортына Тарбағатай, Ұлан, Көкпекті аудандары ғана мықтап көңіл бөлуде. Аудан әкімі Асхат Смайыловтың қолдауымен бірнеше жігітіміз жалақы ала бастады. Қазір бюджетіміз екі есе артып, 10 миллион теңгеге жетті. Мұның ішінде атты баптауға, жемшөп алуға қажетті қаражат бар. Ернар Кәкімов деген студент көкпар тарта бастады, 5-сыныпта оқитын Бекайдар, Бекболат деген балалар да көкпарға қызығушылық танытуда. Кім білсін, бәлкім, болашақта бұл жастардан ұлттық спортты өрге сүйрейтін азаматтар шығып қалар, – дейді Қанат ініміз.
Міне, шағын ғана Көкжота ауылының көкпар тартқан арманшыл азаматтарының ұлттық спортқа қосып жүрген үлестері осындай.

Оңдасын Елубай

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button