Көкжайықтықтарды жолдың жайы алаңдатады
Көкпектіде Көкжайық деген ауыл бар. Шаруасын шалқытып дәулетін тасытып отырған бай ауыл. Бірақ, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын көкжайықтықтарды да алаңдататын мәселе бар. Ол – жол мәселесі.
Көкжайық ауылдық округінің әкімі Нұрбек Сүлейменовтің айтуынша, Үлкен Бөкен-Көкжайық тас жолы жөндеуді қажет етеді. Кезінде небәрі 27 шақырымдық осы тас жолды жөндеу қолға алынғанымен, аяқсыз қалған екен. 13 шақырым жолға жөндеу жүргізілгенімен, қалған 14 шақырымы бітпей қалыпты. Енді міне сол 14 шақырым жол Көкжайық ауылы тұрғындарының жүйкесін жұқартуда.
– Бұл жолмен тек Көжайық ауылының тұрғындары ғана емес, Ақ ой, Қара мойыл, Көкжайық, Тассай, Үлгілі малшы ауылдық округі, бұрынғы Қарағандыкөлдің тұрғындары ұдайы жүреді. Шамамен осы ауылдарда тұратын бес мың халықтың күні осы тас жолға қарап отыр. Өйткені, олар аудан орталығына, Семей мен Өскеменге ет тасиды. Ал жолдың сапасы болса, нашар, еш сын көтермейді. Әсіресе, көктемде қиын, езіліп, батпақ болып кетеді, – дейді Көкжайық ауылдық округінің әкімі Нұрбек Сүлейменов. Ауылда жиналыс бола қалса, ауыл тұрғындарының бірінші ауызға алатыны осы мәселе көрінеді. Ауыл әкімі осы мәселе шешімін тапса екен дейді. Иә, бұл жерде ауыл тұрғындарының да жан-айқайын түсінуге болады. Жолдың кесірінен көлігінің шашылып, қып-қызыл шығынға батқанды кім қалайды дейсіз. Оның үстіне қазір ешкім арзан көлік алмайды. Кемінде 5-10 миллион теңгенің көлігін тізгіндейді. Бірақ, сол көлік жолдың кесірінен жиі бұзылады екен.
Жалпы, Көкжайық ауылдық округінде 1780 халық тұрады. Көкжайықтың өзінде ғана 1221 тұрғын бар. Халықтың негізгі бөлігі шаруа қожалықтарда жұмыс істейді. Биыл 25 мың гектар жерге егін егіліпті. Бір жақсысы, былтырдан бері Ақтоған-Ворошилов тоғанын жөндеу жұмыстары қолға алыныпты. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 1,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Ауылдағы бірталай адамдар, жастар сонда еңбек етіп жүр. Екі каналдың бірінің ұзындығы 16, екіншісі 12 шақырымдай. Енді сол екі канал іске қосылса, суғармалы жерлердің аумағы ұлғайып, бір каналда 2077 гектар, екіншісінде 700 гектардай суғармалы жер іске қосылады. Ауыл әкімінің айтуынша, жұмыстар тамыздың аяғына дейін толық бітеді деп күтілуде екен. Сөйтіп, бұрын қараусыз жатқан каналдың бойына жан бітпек. Тіпті облыс басшысы ол каналдың бойына жарық та тартып беруге уәде етіпті.
– Жалпы біздің өңір тәуекелі жоғары аймақ. Жауын жауса, егін бар, жауын жаумаса, егін жоқ. Каналдар іске қосылса, егін тұрақты түрде суарылатын болады. Қазір біздің «Елім-ай», «Талап», «Рүстам» секілді шаруа қожалықтарымыз өте қуатты. Тіпті Америкадан мал әкеліп жатыр. 500 мың долларға тракторлар сатып алуда. Қазақстанда қандай замануи агротехнология бар, соның бәрі ауылда бар. Әрине, канал іске қосылса, олар өздері үшін жер суаратын қымбат құрылғылар қояды. Шамамен 3 мың гектар суғармалы жер болса, 10 мың гектардың егінін алады. Қазір 12 центнерден өнім алып жүрсе, суғармалы жерлер 30 центнерден өнім беруі мүмкін, – дейді Нұрбек Сүлейменов.
Ауылда ауыз су мәселесі де келесі жылы шешімін таппақ. Биыл су мәселесін шешу үшін аудандық бюджеттен үш ауылдық округке 54 миллион теңге бөлініпті. Жобалық сметалық құжаты жасалып жатыр. Су қоры, судың құрамы туралы зерттеулердің бәрі дайын тұр.
– Қазір 3-3,5 метрден су алып, ішіп отырмыз. Шынын айтқанда ол таза су емес. Тұзды болмағанымен, оның ішінде құмы, лайы болады дегендей. Егер 15-17 метр тереңдіктен таза су шықса, ауылда бауыр, өт аурулары азаяды деп ойлаймын, – дейді Көкжайық ауылдық округінің әкімі Н. Сүлейменов.
Көкжайықта көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатқан көрінеді. Биылдың өзінде 400 қарағай мен 7000 мың түп гүл егіліпті.
Мейрамтай Иманғали
Көкпекті ауданы