Көкжал Барақ батырдың тойы қалай өтті?
«Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күр-күр еткен Күршім бар…» деп қарасөздің қарагері Жүсіпбек Аймауытов бейнелеген Күршім өңірінде ұлан-асыр той болды. Қалың найманның бір бұтағы – өтейлер батыр бабасы Көкжарлы Көкжал Бараққа ескерткіш тұрғызып, 315 жылдығын дүркіретіп атап өтті.
Ерлік пен ел бірлігін жырға қосты
Көптен күткен мерекені аудан жұртшылығы, барша қонақтар аса бір ынталы ықыласпен қарсы алды. Шұрқырасқан жүздесулер, асыға күткен дос-жаран мен туыс-туғанды қарсы алған қуанышты тұрғындар түс ауа Күршім аудандық Мәдениет үйінің алдында тоқайласты. Мұнда Көкжарлы Көкжал Барақ батыр тақырыбына арналған ғылыми-практикалық конференция шымылдық түрді. Алқалы жиынды «Нұр Отан» партиясы Күршім аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибіхан Нұрымова ашып, баяндама жасау үшін сөзді алдымен Барақ батырдың ұрпағы, Теректібұлақ орта мектебінің жоғары санатты ұстазы, тарих пәнінің мұғалімі Танаш Қайырбаевқа берді. «Барақ батыр ерлігі – ұрпаққа өнеге» деген тақырыпта баяндама жасаған Танаш Мәлгаждарұлы кең толғап, өткенге шолулар жасай келе, әйгілі батырдың өмірінен мазмұнды да мағыналы естеліктер тірілтті. Оның тұшымды баяндамасын тыңдарман қауым жоғары бағалады.
«Барақ батыр – дипломат» атты баяндамасымен жұрт назарын аударған бүгінде Өскеменде тұратын Күршім ауданының Құрметті азаматы, «Барақ батыр» қорының құрылтайшысы Төлеген Кінәсілов те баба тарихынан жақсы хабардар екендігін дәлелдеп шықты. Ол өз сөзінде батыр бабаның ел тыныштығы жолында жүргізген келісімдері мен алысты болжай біліп, бейбітшілік үшін жасаған қадамдарына кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ, конференцияда еліміздің білім беру саласының үздігі, зейнеткер ұстаз, Күршім ауданының Құрметті азаматы Советхан Қалиғожин өзінің «Көжал Барақ» атты дастанынан үзінді оқып, Б.Нұрымова «Ұлы Дала елі» партиялық жобасы – ұлтты ұйыстырып, елдікке бастар жол» атты баяндама жасады.
Бұл төңіректе көптен бері айтыс өтпегендіктен, күршімдіктер өнердің осы бір тамаша жанрын шынымен-ақ сағынып қалған екен. Оған аудандық Мәдениет үйінің 300 орындық залында инешаншар жердің болмағаны мен үш жарым сағатқа созылған сөз сайысында бірде-бір адамның тырп етпегендігі, жыр бәсекесіне ықыластың өте күшті болғандығы айғақ. Сондай-ақ, айтысты залдың қос қапталында тік түрегеп тұрып тыңдаған жұрттың қарасы қаншама. Соған орай ақындардың да тамаша өнер үлгісін көрсетіп, айтысқұмар қауымның айызын қандырғанын айтпай кетудің жөні жоқ.
Сөйтіп, Көкжарлы Көкжал Барақ батырдың тойында оны әспеттеп, абыройын арттыра түсуге атсалысқан 12 ақын хал-қадірлерінше сайысты. Бұл жолғы сөз барымтасына түскендердің көпшілігінің есімдері көзі қарақты тыңдарман қауымға белгісіз болғанымен, олардың көркем әуендері, ұтқыр жырлары елдің құлағында қалды, демек, енді талайға дейін олардың көп көңілінде шалқып, ұмытылмай жүретіндері сөзсіз.
Сайысқа түскен зайсандық Ардабек Ақбаба мен Монғолияның Баян Өлгей қаласынан ат арытып жеткен Ерлан Дәулетұлының, семейлік Серік Қуанған мен басқаларының өнерлері тыңдаған жұртты тәнті етті. Сондай-ақ, керекулік Оңғар Қабденов пен өскемендік Гүлнұр Зұлқаршынның, семейлік Манарбек Сатыбалды мен тарбағатайлық Дәурен Сембаевтың, сонау Қызылордадан келген Мейірбек Сұлтанхан мен өскемендік Есенбол Нақтыбайұлының айтыстары көптің ықыласына бөленіп, «па, шіркін!» дегізгені шындық. Сөйтсе де, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, жарыс болған соң жеңімпаздың болатыны ақиқат. Бірінші турдан соң жүлдеден үміткер ақындардың есімдері ешкім айтпай-ақ белгілі болып қалған еді.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов төрағалық жасаған, құрамында белгілі ақындар Мұрат Тастағанов, Хасен Зәкәрия, Серік Құсанбаев және облыстық «Ертіс-концерт» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының әдіскері, еліміздің мәдениет қайраткері, мәдениет саласының үздігі Нұрсағила Жанаева бар қазылар алқасы жыр сайысына барынша әділ төрелік жасады. Оны айтысқа куә болған үлкен-кішінің барлығы бірауыздан айтып, қапысыз жасалған шешімге ризалық білдіріп жатты.
Нәтижесінде осы айтыстың бас жүлдесі – 500 мың теңге ақшалай сыйлықты шашасына шаң жұқтырмаған қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан даусыз жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынға лайық деп танылған баянөлгейлік Ерлан Дәулетұлы 300 мың теңге сыйлықты қоржынына салды. Екінші орынға тігілген 200 мың теңгені семейлік Манарбек Сатыбалды иеленіп, үшінші орынға белгіленген 70 мың теңгелік екі сыйлықты керекулік Оңғар Қабденов пен тарбағатайлық Дәурен Сембаев өзара бөлісті. Ал жүлделі орындарға қол жеткізе алмаған ақындарға 40 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Тыныштықты күзетіп тұр Барақ батыр
Келесі күні таңертең қалың бұқара Күршім ауылына кіреберістегі биік төбенің басына қарай ағылды. Бұл жерде Көкжарлы Көкжал Барақ батыр ескерткішінің ашылу салтанаты болды. Әуелі кешегі жаугершілік заманды көпшіліктің көз алдына әкелген көрініс көрсетілді. Рухты әндер шырқалып, жалынды жыр шумақтары төгілді. Аудан әкімі Сейсенғазы Чукаев, Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев және батырдың ұрпақтары жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, ақжарма тілектерін ақтарды.
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай республика көлемінде көптеген шаралар өткізілуде. Соның бірі – Күршім ауданында ашылып отырған Барақ батыр ескерткіші. Қазақ тарихында елеулі орны бар, жаугершілік заманда елімізді қорғаған әйгілі батырдың ұрпақтары бүгінде баба рухына тағзым етіп, ескерткіш тұрғызды. Дүбірлі той өткізуде. Мұның бәрі болашақ ұрпақты отансүйгіштік пен ауызбіршілікке тәрбиелеп, бай тарихымызды насихаттауға септігін тигізеді, – деп атап өткен аудан басшысы жауапты міндетті атқаруда жұдырықтай жұмылған күршімдіктерге және осы өңірдің бүгінде басқа жақта тұрып жатқан тумаларына шексіз алғысын білдірді.
Еңселі ескерткіштің тұсаукесерінен кейін батырдың рухына бағышталып Күршім ауылындағы мейрамханалар мен Сарыөлең ауылының шетінде тігілген жиырмаға жуық киіз үйде ас беріліп, құран-хатым оқылды. Әдейілеп сойылған бірнеше бас ту бие мен атан өгіздің, құнан қойдың семіз еті табақ-табақ тартылып, шара толы тіл үйірер қымыз-шұбат бұлақ болып ақты. Ән айтылып, күй ойнады. Ауылдың аңқылдаған ақпейілді адамдары арқа-жарқа қауышып, бір-біріне «той құтты болсын!» айтудан шаршамады. Ақшаңқан үйлерге бас сұғып, ақ дастарқаннан дәм татпай кеткен әй ешкім болмады. Бұл той көпшілікке арналып жасалғандықтан, ел ішіндегі еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін елеусіз қалған жоқ. Бәрі де өздеріне лайықты құрмет-қошеметке бөленді.
Балуан белдестірген, жүйрік жарыстырған, қыз қуып, теңге ілген, көкпар тартқан ұлттық ойындарымыз да осы Сарыөлеңдегі бәйгетөбеде өтті. Берісі ауданның, облыстың ауылдарынан, арысы сонау Алматыдан келген бәйге аттары, балуандар «жүзден жүйрік, мыңнан мықтыны» анықтады. Төл ойындарымызға шөліркеп қалған ауылдағы ағайындар барлық өнер көрсетушілерге қошеметін аянып қалмады. Қолдан келгенше қолдау білдіріп, қолпаштап отырды. Жалпы жорғасы бар, 15 және 25 шақырымдық бәйгелері бар барлық ат жарыстарына жиыны 150-ге жуық жүйрік қатысты. Үш қашықтықтағы бәйгенің бас жүлделеріне үш темір тұлпар тігілген соң бабы мен бағын сынауға ниет білдіргендер тіптен көбейген сияқты.
Бәйгесін жанкүйеріне беріп кетті
Әуелі атан жілікті, апайтөс балуандар бозкілемге шығып, күреске сусаған қалың жұртты тартысты белдесулерімен таңдай қақтырды. Ашық аспан астында төселген кілемнің үстінде атой салған алыптардың айқасы көрермендердің делебесін қоздырып, арқаландырып жіберді. Балуандардың әрбір әдісі мен шалт қимылына елітіп, ентелеген жанкүйерлер рас, жандары күйгенше қолдау көрсетті бәріне. Төлеген ақын Айбергенов айтқандай «Күреске деген адалдығы сезіліп тұрса, жығылған балуанға да бәйге беруге» дайын еді күршімдіктер. Бірақ жарыс болған соң ережеге бағынып, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтау керек. Көпшіліктің қанын қыздырған, жан алысып, жан беріскен белдесулер нәтижесінде үшінші орынға тігілген 200 мың теңге ақшалай сыйлық сонау Сарыарқаның төрінен келген Мереке Тұрашовқа бұйырды. Екінші орын алғаны үшін өскемендік Талғат Әміренов 300 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал түйе балуан атағы мен 500 мың теңге бәйгені қазақ күресінің көшін өрге сүйреген белгілі балуандардың бірі, 2014 жылғы «Қазақстан барысы» семейлік Мұхит Тұрсынов иеленді.
Осы арада айта кетерлік бір жайт болды. Ақмола облысынан келген қола медаль иегері Мереке Тұрашов өзінің 200 мың теңге ақшалай сыйлығын бозкілем шетінде мүгедек арбада отырып әкесімен бірге күресті бастан-аяқ жан-тәнімен беріле тамашалаған мүмкіндігі шектеулі балаға ұстатқан жомарттығы көптің көңілін босатып, «бәрекелді!» дегізді.
Атшабардың шаңын аспанға көтеріп, болат тұяқтарымен қара жердің төсін қасыған 32 қылқұйрық 15 шақырымдық қашықтықты сүт пісірім уақытқа жеткізбей еңсерді. Көмбеге бірінші болып тарбағатайлық Қайрат Құнсафинның аты келді. Оған «Барақ батыр» қоры тіккен «Лада гранта» автокөлігінің кілті табыс етілді. Екінші келген аттың иесі зыряндық Николай Шаперов плазмалық үлкен теледидарға ие болды. Ал жүлделі үшінші орынды катонқарағайлық Амангелді Құсайытовтың жүйрігі алды. Оған әдемі қазақы ер сыйға тартылды.
25 шақырымдық қашықтыққа шабатын аттар – жергілікті және асыл тұқымды арғымақтар болып екіге бөлініп бақ сынады. Жергілікті жабы жылқылардың арасынан аламанда Күршім ауданы Қайнар ауылының аты қара үзіп келді. Тұлпардың иесі Дәулетхан Биекенов кәсіпкерлер О.Тынбаев, М.Жақыпов, М.Саудагеров тіккен «Лада гранта» көлігін тақымға басты. Мәре сызығын екінші болып сарыөлеңдік Ерік Сексенбаевтың аты кессе, үздік үштікті ұландық Сейілхан Мейірбаевтың сәйгүлігі түйіндеді.
Таза қанды аттардың 25 шақырымдық бәйгесінде қаройлық (Күршім ауданы) Жомарт Сайболатовтың аты аламанның алдын бермей келді. Оған Е.Сексенбаев, Н.Қасымханов сынды атымтай азаматтар тіккен «Лада приора» автокөлігі табыс етілді. Екінші орын алғаны үшін 400 мың теңге ақшалай сыйлыққа семейлік Саят Ықыласов қол жеткізсе, үшінші орынның 200 мың теңге сыйақысы Күршім ауданының Қайыңды ауылында қалды.
22 ат бақ сынаған жеті шақырымдық жорға жарыс та аса қызықты өтті. Нәтижесінде күршімдік кәсіпкер Нұрлан Қасымхановтың жорғасы қара үзіп келіп, 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші болып көмбеге Евгений Чибисов мінген тұлпар келсе, оның ізін ала шабандоз Думан Қанапиянов өтті. Бұл екеуі де қомақты ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Көкпардан бірінші орынға тігілген 150 мың теңге ақшалай сыйлықты Көкпекті ауданы Көкжота ауылының командасы жеңіп алса, екінші орын үшін берілетін 100 мың теңге сыйақы күршімдік көкпаршыларға бұйырды. Үшінші орынды бастаушылық (Көкпекті) шабандоздар қанағат тұтты.
Сондай-ақ, қыз қуу сайысында тамаша өнер көрсеткен Еркеназ Айтышева мен Кенжебек Нұрсапанов жұбы үздік шығып, 40 мың теңге жүлдені иеленді. Жандос Рахметоллаев пен Ботагөз Қанапиянова жұбы екінші орынға лайық деп танылды.
Теңге алудан бірінші орынды және 50 мың теңге сыйақыны Мұрат Көксауов иеленді. Екінші орынның 30 мың теңге жүлдесі Ерасыл Ахметовтің қанжығасына байланды. Үшінші орын алған Алмас Дәулетов 20 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Батыр ұрпақтары барын салды
Осы айтулы мерекеге Күршім өңірінің көптеген азаматтары өз үлестерін қосты. Мәселен, бәйге мен көкпар өткен Сарыөлең ауылының түлегі, арқалы азамат Ерік Сексенбаев көп жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы табиғи бәйгетөбені барлық талапқа сай жөндеп, келешекте пайдалану үшін қажетті жұмыстар атқарды.
– Грейдермен неше мәрте қырнағанымызбен, тастақ жердің үшкір, қырлы көк тасы шыға берді, – дейді Ерік Уатқанұлы. – Мұның өзі аттардың тұяғын талқандап, аяғын жарақаттайтыны сөзсіз еді. Біз ат айнала шабатын табан жолды қазып алып тастап, қалыңдығы 30 сантиметрдей құм төседік. Осы құм төсеу, қажетті аумақтарды қоршау үшін бір жарым миллион теңгеден артық қаражат жұмсалды. Мәселен, құм тасығанда қытайдың «ХОВА» жүк машинасымен 230 рейс жасауға тура келді.
«ОблШығысЖол» кәсіпорнының директоры Әділбек Маткаримовпен қаржы қосып, көкпарды өткізуге мұрындық болғаны үшін Ерік Уатқанұлына көкпаршылардың бәрі шынайы алғыстарын айтып жатты. Мұның өзі тұп-тура бір млн. теңгеге түскен болатын.
Жалпы, осынау тойдың жоғары деңгейде өтуіне Күршімнің қарапайым тұрғындарынан бастап қалтасында қаражаты бар барлық тумалары барынша қолдау көрсетті. Соның арқасында Көкжарлы Көкжал Барақ батыр тойының шығыны 20 млн. теңгеге жетіп жығылды. Оның бәрі – меценаттардың, жомарт жандардың жинаған ақшасы. Елбасының қазына қаржысын үнемдеп жұмсау, мақсатсыз шашпау жөніндегі тапсырмасына құлақ асқан батыр ұрпақтары барлық шығынды өздері көтеріп алды. Бюджеттен бір тиын алынған жоқ. Тарихи тұлғаға тағзым еткен бұл мереке тамам жұрттың көңілін серпілтіп, рухын көтеріп қана қоймай, елдің ауызбіршілігін көрсетті, берекеге беріктігін дәлелдеді. Өткенін құрметтеп, келешек ұрпаққа өнегелі тәрбие беруді мұрат тұтқан халқымыздың қанға сіңді қашанғы қасиеті осы жолы да анық сезілді.
Хасен Зәкәрия,
Серік Әбілхан
Суреттерді түсірген – Манап Мұрзатаев