Руханият

Көктей берсін өлең орман, ектім мен де бір шыбығын

Көктей берсін өлең орман, ектім мен де бір шыбығын

Бекбақыт Мұхамадиұлы 1946 жылы 17 қарашада Сауыр тауының Сарышоқы өңірінде өмір есігін ашқан. 1953 жылдан 1959 жылға дейін Жеменей ауданының бастауыш орталау мектебін тауысып, 1960 жылы Іле ауылшаруашылық техникумына оқуға қабылданған. 1964 жылы қызметке қатысып, әр түрлі қызметтерде бола жүріп 2002 жылы Жеменей ауданы Топтерек ауылдық өкімет қызметінен зейнетке шығып, 2004 жылы тарихи отаны Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылына көшіп келіп орын тепкен. Тырнақ алды туындысы 1970 жылы «Ахау, арман сәулешім» ән тексімен сазгер Сайламхан Мұстахиұлының домбырамен сүйемелдеуінде сахнада орындады. Осы әнді Өкен Таңсыханұлы гитараның сүйемелдеуінде орындап, сол үшін бірінші дәрежелі әнші атағына ие болған. Автордың «Сауыр ұлымын» атты өлеңі 1980 жылы «Алтай аймағы» газетінде жарық көріп, содан бері әртүрлі газет-журналдарда үздіксіз басылып келеді. Зайсанға келгеннен кейін «Достық» газетінде «Атамекен», «Аңсау», «Орындалмаған арман», т.б. өлеңдері жарық көрген. 2010 жылы «Зайсаным – менің сырласым» кітабында «Шаңырақ» деген толғаумен көрініп, 2012 жылы «Елдігім менің ерлігім» жинағын шығарған.

КИЕЛІ ЖЕР

Арымсың әсем қала – Өскеменім,
Өзіңді аңсап өзге елде өскен едім.
Тәуелсіздік таңының шұғыласын,
Жүректің түкпіріне кестеледің.
Шығыстың шырайы сен – Өскеменім,
Ежелден тау сағалап өскен елім.
Қазақтың шаңырағын тік көтеріп,
Кең жайды керегесін көшкен елің.
Армысың, ақын туған киелі жер,
Абай мен Әуезовты сүйеді ел.
Бейбітшілік бесігі – Семей десе,
Бар қазақ алтын басын ие білер.
Армысың, атамекен ақын – Семей,
Балайды сетеріне тіл мен көмей.
Құнанбай ауылына келген кезде,
Қандай жан тұра алады сәлем бермей.
Армысың, ата қоныс – асыл қалам,
Туыңды тік көтерген батыр балаң.
Атомның атқылаған кесірінен,
Қанша жыл жапа шекті жасыл далаң!
Күн сайын гүлдендірдің қала көркін,
Жас ұрпақ орындайды Баба сертін.
Еске алсақ өткен күннің өкінішін,
Тартып жүр қаншама ұрпақ дене дертін!
Әлемге әйгілеген «Алаш» атын,
Болашақты болжағыш парасатың.
Өзіңнен өміршеңдік күш аламын,
Арманның асуынан ары асатын.
Қамалған тар қапасқа боздағым-ау,
Жүректің шер мен жырын қозғадың-ау.
Алаштың арыстарын қырғи қырып,
Айырылып ботасынан боздадың-ау.
Қазақпыз Алаш десе атқа қонған,
Бермеген ер намысын жатқа қолдан.
Бейбіт күн жетелей бер жеңістерге,
Кұдайым құдіретіңмен сақта жолдан.
Кіндіктің қаны тамған киелі жер,
Кең жайған керегесін түйелілер.
Өскелең өміршеңдік парасатты,
Көңілдің түкпіріне түйеді ер.

САУЫРДАН – САРЫАРҚАҒА

Сапарлайын Сауырдан Сарыарқаға,
Уақыт аялдауға қарата ма.
Ақ Орда Астанаға сәлем берем,
Өтелмеген борышым бар арқада.

Жол бұраң, уақыт жүйрік, төтелейін
Көк дөнен жете алмаса жетер ойым.
Құттықтап Астананың туған күнін
Жырыммен үкілейін өнер тойын.

Сарыарқа, саяң биік Бәйтерегім,
Тойлай бер қуанышты, байтақ елім.
Егеменді қазағым, еңсең биік,
Баянды бостандықтың айт өлеңін.

Тарихтың талғамынан бастау алған,
Қадірле бақытыңды басқа қонған.
Өмірде бұдан артық бақыт бар ма?
Алысқа жетелейді асқақ арман.

Жеңісі желтоқсанның ерен ерлік,
Үлгі бар рухыңда үйренерлік.
Әлемге қазақ даңқы әйгіленді,
Астананы көшіру көрегендік.

Көргенде гүл жайнаған қала көркін,
Атады көк аспанға бала бөркін.
Жүзінен адамдардың күлкі үйіріліп,
Әніне азаттықтың салады еркін.

Сарыарқа қазағымның сар даласы,
Көз тартты жаңа Астана – сән қаласы.
Көгіңде желбіреді жеңіс туы,
Жазылды жүрегімнің жан жарасы.

Бәріміз Қазақстан түлегіміз,
Астана – арман қала жүрегіміз.
Сарыарқа, гүлдей құлпыр, күндей жайна,
Мәңгілік бейбітшілік тілегіміз!

ШЫБЫҚ

Табиғатпен сырлас жаным,
Жайқала өссін жасыл орман.
Шуақ төккен нұрлы аспаным,
Алға сүйре, асыл арманым.

Жасыл орман жапса өңірді,
Жайнар еді дала сәні.
Жасыл бақша шат көңілді,
Кім сүймейді тамашаны.

Көркейе бер, туған елім,
Көркейте бер қала сәнін.
Құлақ түре тыңдар едің,
Бұлбұл құстың тамаша әнін.

Қаламшадан өскен құрық,
Тамыр жайып өлмесе екен.
Еңбек етіп еккен шыбық,
Бүршік атып бүрлесе екен.

Орман өссе жерімізге,
Еңбегіңнің төленгені.
Қорған сая елімізге,
Көрем жақсы көлеңкені.

Жаса халқым өз қолыңнан,
Болашақтың жасыл бағын.
Қаламшаны ек молынан;
Саяласын жас ұрпақ.

Өркен жайсын өрелі арман,
Ойлап өмір тіршілігін.
Көктей берсін өлең орман,
Ектім мен де бір шыбығын.

КӨШКЕН БҰЛТ

Көшкен бұлт, ылғи сенің тұрағың көк,
Тыңдасаң менің қояр сұрағым көп.
Көшкен бұлт, көз жасыңды төкші жерге,
Ағайын мөлдір тұнық бұлағың боп.
Көшкен бұлт, көлге бейім, тауға құмар,
Жел мініп, желіп кетсе тауға құлар.
Көктегі көңілшек бұлт таудың көрісі,
Ырысы тіршіліктің таудағы қар.
Байлық мол, сарқылмайтын тауда құнар,
Кұнардан қуат алған тауда ұлар.
Көшкен бұлт, жерде жүрген көшпенділер;
Баласын «таудай бол» деп тәубә қылар.
Көшкен бұлт еститұғын құлағың жоқ,
Сен жайлы өткір өлең құрағым кеп,
Көңілім көкке қарай көтерілді;
Тәңірден жыр нөсерін сұрағым кеп.
Қазағым бұйдаласаң бұлт көлігін;
Бастадың баяғыда ұлт жорығын.
Жиналмай бұл өмірден өтемісің?
Аңсайтын ата-мекен құт қорығын.
Іс бітпес қиындықты жеңсем демей,
Көш бері мекеніңе мен, сен демей.
Құмырысқа илеуінен не күтесің,
Келіп ал, босағада кемсеңдемей?!
Көшкен бұлт, көшқен елдің боз інгені,
Сағыныш сарқылмайтын сезімдегі.
Ақ бота ата-жұртын аңсағанда,
Төгілер мөлдір моншақ көзіңдегі.
Көшкен бұлт, сырласуға сен де ептісің;
Ендеше айтқанымды шын деп түсін.
Байтақ жер бабалардан қалған мұра,
Өтеуге борышыңды міндеттісің.
Қақың бар ата-жұрттан енші деуге,
Ауысып тар тұсаудан кең шідерге.
Тағдырдың тауқыметін аз тарттың ба?
Көшкен бұлт, көше бермей қоншы жерге.

ЖЕР ЖАННАТЫ – ЗАЙСАНЫМ

Жер жаннаты – Зайсаным,
Кіндігі шалғын майсаның.
Жерінде мұнай толқыған,
Көлінде шортан шоршыған.
Алтын дән тербеп даласын,
Жанымды баурап аласың.
Жер жаннаты – Зайсаным,
Өзіңді жыр қылып айтамын.
Аңсаумен өтті 50 жыл,
Қанатты кеңге жай, жаным.
Самырсын тауда самсыған,
Көрмейсің шөлейт қаңсыған.
Күн нұрындай шуақ бар,
Зайсаным менің таңсық ән.
Суат бар жерде қуат бар,
Құралған тегің тамшыдан.
Тоғыз жолдың торабы,
Күре тамыр секілді.
Төрт мүлік мал қоралы,
Қағады тұлпар кекілді.
Жер жаннаты – Зайсаным,
Шуақты сенің нұр таңың.
Сыйлапты құдай өзіңе
Табиғат ана бар сәнін.
Тауын да саған беріпті,
Бұлт тіреген бойшаңын.
Жаңғыртып аспан даласын,
Шырқайды шопан қойшы әнін.
Асырады керемет,
Толқыған биі той сәнін.
Аю, арқар, қабылан,
Жынысты кесіп өтпейді.
Жаз Алтай-Сауыр басынан
Қар еріп, мүз кетпейді.
Зайсанның шағыл тасынан,
Жемістің бәрі көктейді.
Босқын болған қазақтар,
Мекеніне беттейді.
Ертіс – Зайсан – Марқакөл,
Басқа жер саған жетпейді.
Бұлттардың жылы ұясы,
Мекенін сыртқа теппейді,
Тентегін заңым тектейді.
Зайсаным, менің Зайсаным
Шұрайы шалғын майсаның.
Көкшалғын бүркеп даласын,
Көргенде қайран қаласың.
Анаңдай ыстық көрініп,
Жанымды баурап аласың.
Түсінсең сөздің төркінін,
Зайсан деп әнге саласың.
Бүлдіргені бүйректей,
Қойнауың құтқа сіреген.
Жүзесің көлде үйректей,
Арқасын тауға тіреген.
Алматыға ұқсайсың,
Шабытым сенде түлеген.
Биігіне шыққайсың
Жылға мен жота жыр-өлең.
Көк алдында көсіліп,
Көкке шығып түнеген.
80-жылдық тойыңа
Арналсын асыл, бұл өлең.
Қасқа жолдан қайқайсам,
Төбесінен көремін.
Көз жүгіртіп байқасам,
Көз жетісісіз көлемің.
Астық салып, алтын шайқасам,
Көңілден жырды өремін.
Аңсадық сені қаншалық
Қазақтың байтақ мекені.
Ата-жұрт деп ән салдық,
Білеміз ыстық екенін.
Көңіліңе терең бойласам,
Қағады қанат өлеңім.
Шаттығыңды тойласам,
Өлеңдете беремін.
Аспаныңда қалықтап,
Қырандай қанат керемін.

Бекбақыт Мұхамадиұлы

Осы айдарда

Back to top button