Қоғам

«Көктемнің» лебі өмірлеріне өзгеріс әкелді

«Көктемнің» лебі өмірлеріне өзгеріс әкелді


Бір қарағанда оларды бүлдіршіндерге арнап көрініс қойып жүр ме деп қаласың. Шыршаның жанында асыр салып, Аяз ата мен Ақшақарды бар дауыстарымен шақырған ересектерді көргенде басқа қандай ой келуі мүмкін. Алайда, олар ересектер де, актерлер де емес. Олар-он сегіз жастан асқан балалар. Осы мерекеге келіп бір шумақ ән айтып, би билеу оларға шексіз қуаныш сыйлады. Олардың шынайы күлкілері, кіршіксіз сезімдері мен сенімдеріне қарап табиғат олардың мүмкіндігін шектегенімен, тазалық атты қасиетті сыйға тартыпты деген ой келеді.

Балаша аялап, еркелетеді

Ақыл-ойында ауытқушылығы бар оларды жастары 18-ден асса да ересектер қатарына жатқызу қиын. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың келешегін кедергісіз етуге тырысып жатқанымызбен, қоғамда ақыл-есі кем жандарды бөлу тенденциясы әлі де бар. Ал оларды жұмыспен қамту қиынның-қиыны. Мұндай жандар да өздерін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуі үшін «Алтын-ай» мүгедек әйелдер қоғамдық бірлестігі ақыл-ойында ауытқушылығы бар жандардың «Көктем» атты шығармашылық тобын құрды. «Көктемнің» лебі олардың бірқалыпты өмірлеріне өзгеріс енгізіп, олардың алдына үлкен мақсат қойды.

– «Алтын-ай» мүгедек әйелдердің қоғамдық бірлестігін біз 2004 жылы құрдық. Оны құруымыздың өзіндік тарихы бар. Бірақ негізгі мақсатымыз мүгедек екенбіз деп ешкімге алақан жаймау болатын. Алғашында бірлестік жанынан тігін цехын ашып, жұмыскерлердің арнайы киімдерін тіктік. Қиын-қыстау кезеңде бұл бір отбасын асыраған табыс болды. Біртіндеп бізге деген қоғамның да, биліктің да сенімі пайда болды. Түрлі тендерлерге қатыса бастадық. Бүгінде «Алтын-ай» алты бағытта жұмыс істейді. Оның барлығы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын сақтау, олардың қоғамға бейімделуіне, жұмыспен қамтылуына бағытталған,-дейді қоғамдық бірлестіктің директоры Мағиза Мирвазетдинова.

Сол бағыттың бірі – жартылай стационар жағдайында әлеуметтік көмек көрсету. Балалар мен 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік-психологиялық оңалтуға арналған орталық бүгінде олардың екінші үйіне айналды десек артық айтқандық емес. Өйткені дәл осы жерде жандары қалаған іспен шұғылданады. Мұнда өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезініп, қолдарынан іс келетіндігіне риясыз қуанады. Ең бастысы мұнда ешкім де оларды бөліп жармайды.

– Ата-аналары осы балаларды еңбекпен қамту жөніндегі өтінішті жиі айтатын. Алайда, ақыл-ойында кемістігі бар жандарды ешкім жұмысқа ала қоймас. Сондықтан олардың шығармашылық тобын құруды жөн көрдік. Мұнда олар ән айтып, би билеп үйренді. Түрлі көріністерді сахналауға ден қойып отырмыз. Бәз біреулерге бұл жеңіл болып көрінуі мүмкін. Бірақ мұндай жетістікке жету – әлеуметтік қызметкерлер үшін де, балалардың өздері үшін де үлкен жеңіс. Балалар жартылай стационар жағдайында күніне төрт сағаттан екі ауысымда келіп мұнда жандары қалаған іспен айналысады,-дейді Мағиза Мүбаракқызы.

Мағиза Мүбаракқызының балалар деп айтып отырғаны жоғарыда атап өткен 18 жастан асқан психо неврологиялық ауытқушылығы бар жандар. Оларға сол жердің әлеуметтік қызметкерлері де балалар деп қарап, балаша аялап, еркелетеді.

Қазіргі таңда бұл жерде 44-ке жуық мүгедек жандарға он маман қызмет етуде. Олардың сол кеште көрсеткен өнеріне қарап еңбектің зая кетпегендігін байқадық. «Көктемнің» балалары осы жолы алғаш рет ел алдына шықты. Оларға өзінің мүмкіндіктерін танытуға жағдай жасап, төрінен орын беріп, дастарқан жайған «Золотая Орда» мейрамханасы болды. Аталмыш мейрамхана қоғамдық бірлестіктің шараларына үнемі қолдау көрсетіп келе жатқандардың бірі. Алдағы уақытта «Көктем» түрлі шараларға қатысып, өнерлерін көрсеткісі келеді. Өйткені олардың көбі сахнадан жандарына шипа тапты.

Екінші тыныс

Мағиза Мүбаракқызының қажырлы еңбегін өңірдегі басшылар да жоғары бағалайды. Осыдан болар «Алтын-ай» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етудегі мол тәжірибесін Мағиза Мүбаракқызы енді Шығыс Қазақстан облысының мүгедектердің ерікті қоғамының жұмысын алға жылжытуда пайдаланып келеді.

– Осыдан алты жыл бұрын мүгедектердің ерікті қоғамының жұмысын нарықтық экономика жағдайында қалпына келтіру жөнінде облыста үлкен конференция өткен болатын. Облыста 1992 жылдан бері мұндай қоғам жұмыс істеп, мүгедектерді түрлі салада жұмыспен қамтамасыз етіп отырған, сондай-ақ, тұрымыстық мәселелерді де шешуге ат салысқан. Алайда, нарықтық экономикаға көшу кезінде қоғам жұмысы да ақсап қалды. Ұзақ жылдар бойы аты бар да, заты жоқтың күйін кешті. Оның жақсы жақтарын алып, бүгінгі жағдайда қайта құру үшін көп күш жұмсалды. Осылайша, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының қолдауымен екінші тынысымыз ашылып, алтыншы жыл қызмет етіп келеміз. Бірлестікті қайта жандандыру қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасының өзгеруін көрсетеді. Басқармамен бірлесіп, бүгінде оларды жұмыспен қамтуға барынша күш салынып отыр. Жеке кәсіпкерлердің біразы бізге көмек қолын созып, мұндай жандарды өздерінің қызметкерлерінің қатарына қабылдауға бет бұрды,-дейді Мағиза Мүбаракқызы.

«Көктемнің» лебі өмірлеріне өзгеріс әкелді

Қоғамдық бірлестік жұмысының қайта жандануы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға шенеуніктердің табалдырығын тоздырып көмек сұрамай, өздерінің мәселелерін өздері сауатты шешіп, түрлі бағдарламалар мен тендерлерге қатысуға мүмкіндік берді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың түрлі категориясы бар ғой. Мәселен, «Көктем» тобындағылар психоневрологиялық ауытқушылығы бар Даун синдромы, эпилепсия, церебральді паралич ауруына шалдыққан жандар болса, олардан өзгелерінің біз сауатын ашуға тырысамыз. Сауатты болу әріп танумен ғана шектелмейді ғой. Өз құқығыңды қорғау үшін түрлі әлеуметтік бағдарламаларды, құжаттарды толтыру тәртібін білу керек. «Зубр» әлеуметтік-корпоративтік қоры бізге осы орайда үлкен көмек көрсетіп келеді. Біздің қызметкерлерді ғана емес, білімін жетілдіруге ниетті кез келген жанды құқықтық, әлеуметтік аспектілермен, тіпті, өз ісіңді қалай ашу керектігімен таныстыруға әркез дайын,- дейді Мағиза Мирвазетдинова.

«Зубр» мен қоғамдық бірлестіктің «Бірге оқимыз» жобасы бүгінде өз жемісін берді. Өңірдің белсенді мүмкіндігі шектеулі жандары жер-жерлерде өздерінің қоғамдық бірлестігін құрып, өз мәселелерін өздері шешуге тырысып жатыр. Бүгінде облыстың алты өңірінде мүгедектердің қоғамдық бірлестігі құрылып, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларға қатысып отыр. Осылайша, ең бастысы-жұмыс орындарын ашуға жағдай жасауда.

2014 жылдан бері қоғамдық бірлестік Қазақстандағы ПРООН бағдарламаларымен тығыз жұмыс істеп келеді. Аталмыш қор арқылы «Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту» жобасын іске асыру нәтижесінде мүгедектерді ерекшеліктері мен шығырмашылығына қарай ателье қызметі, қолөнер үйірмесі, компьютерлік қызмет сынды шеберханалар ашылды.

Облыстық мүгедектердің ерікті қоғамы биыл үлкен бір жұмысты еңсерді. Бірнеше жылдан бері кеңес беру кеңесін ашу жөніндегі жұмысқа нүкте қойылып, Өскемен қаласы әкімдігінің қолдауымен оған қол жеткізді. Тәуелсіздік 14/1 мекен жайында ашылған ерікті қоғамның кеңсесінде мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік төлемақылар, жәрдемдер мен жұмыспен қамтылу, медициналық-әлеуметтік эксперттік комиссиядан өтуге көмек көрсетіледі.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button