Көкпектіні көркейтер жоба көп

Асхат Смаиловтың ауданымызға әкім болып тағайындалғанына көп бола қойған жоқ. Көп бола қойған жоқ. Үш айдың ішінде не атқарылды, қандай шаруа жоспарланбақ, нендей іс-шаралар жүзеге аспақ? Осы және басқа да сауалдарға Асхат Сайдахметұлы тыңғылықты жауап берген еді.
– Жаңа қызметімді ауылдық округтерді аралап, тұрғындардың жағдайымен танысудан бастадым. Кейбір ауылдардың мәселелерін шешу үшін оларға екі-үш мәрте баруға да тура келді. Сондағы бірінші байқағаным, мемлекеттік теңгерімде тұрған клуб ғимараттары, мектеп үйлері, қызметтік пәтерлер мен бұрынғы балалар лагері қаңырап бос жатыр екен. Кейбіреуінің қирандысы ғана қалуға таяп қалыпты. Сол себепті, бірінші кезекте салалық бөлімдер бойынша мемлекет мүлкін түгендеуді мақсат еттім. Мұндағы тізімге 44 елді мекен арасындағы аудандық маңызы бар жолдар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді суаруға арналған каналдар мен иесіз қалған тоғандар да кіреді. Сонымен, бірінші мақсатым мемлекет мүлкін түгендеу, оны бүлініп, қираудан сақтау болды десе де болады.
Үнемдей де білу қажет
– Не нәрсені де үнемдеп ұқсатсақ, байлыққа кенелеміз. Табиғат байлығын да, жер байлығын да, тіпті өзіңнің тапқан табысыңды да үнемдеп ұстау мінез-құлқыңды тәртіпке келтіреді. Ең бастысы, өзгені де, өзіңді де сыйлау – басқаның уақытын үнемдеуден басталады. Екінші мәселе – аудан бюджетін толтыру үшін жан-жақты үнемдеуге көшу. Бір ғана мысал, Көкпекті ауылындағы Абай мен Абылайхан көшелерінің қиылысындағы жөндеу жұмыстары. Егер оны сырттан келген мамандар жөндесе, ондаған миллион теңгеге шығындалар едік. Сондықтан біз бұл шаруаға жергілікті құрылысшыларды тарттық.
Нәтижесінде жөндеу жұмыстары үш есе арзанға түсті. Сапасы да ойдағыдай. Төбесінен тамшы тамып, су өткен Преображенка, Биғаш, Аққала мектептерінің шатырын жөндеу жұмыстарын да осылай жүргізіп, нәтижесінде аудандық бюджеттің қаржысын үнемдеп, артылған ақшаны басқа да маңызды мақсаттарға жұмсадық. Тағы бір мысал Шәріптоғай негізгі мектебінің жылыту жүйесін оңтайландыру жұмыстары. Ғимараттың жылыту қазандығы сұйық отынға арналған. Бір маусымда нысанның шығыны орта есеппен 5-6 миллион теңгеге жетеді екен. Ал енді соны қатты отын – көмірмен жағып жылыту екі есе арзанға түспек. Яғни, шамамен төрт миллион теңге үнемделмек.
Таза ауызсумен қамтимыз
– Қызметке тағайындалғаннан кейін, облыс басшысынан алған бірінші тапсырмам Көкпекті ауданындағы ауызсу мәселесін түбегейлі шешу болды. Рас, бұл мәселеге келгенде қарапайым жұрттың тарапынан «ағып жатқан өзен, тұнып тұрған бастау барда, қазулы құдығым тұрғанда мен суды не қыламын» деген пікірлер де айтылуы мүмкін. Алайда құбыр арқылы келетін судың артықшығы – оның ішуге жарамдылығында, тазалығы мен сапасының жүйелі түрде тексеріліп тұруында. Бұл судың жеткізілуіне және сапасына белгілі бір мекеме жауап береді.
Ал техникалық, ауылшаруашылық мақсаттарда өзен, бастау, құдық суларын пайдалана беруге болады. Өкінішке қарай, қазіргі кезде аудан бойынша тек Тассай ауылындағы су құбыры ғана тұрғындарға лайықты деңгейде қызмет көрсетіп тұр. Алдағы уақытта түтін саны 20-30 үйге жетпейтін шағын ауылдарға қарапайым су таратқыш павильондар қою жоспарлануда. Бұл қанатқақты жоба биыл Ажа мен Көкжота ауылдарында жүзеге асырыла бастады.
Суландыру да басты назарды
– Көкпекті ауданы аумағымен ағатын Көкпекті, Кіндікті, Шегелек, Үлкен және Кіші Бөкен, Тентек, Еспе, Құлынжон, Лайлы, Қайыңды өзендері жазғытұрым қарғын судың 30 миллион текше метрін Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасына құяды. «Әне тасыды, міне бұзды» деп елді үркітіп, жұртты шулатады. Атам заманда салынған тоғандар мен арналар пайдаланбағаннан кейін әбден ескіріп тозған. Сайып келгенде, елді мекендерге қауіп төндіретін де сол гидроқұрылғылар. Олардың иесін анықтап, арналарын түзетіп, бір жүйеге келтіріп отырса, егістік, жайылымдық, шабындық, бақшалық жерлерді суландыруға пайдаланса, аудан экономикасы үшін де пайдасы орасан зор болар еді.
Тағы бір мәселе жайлау, қыстаулардағы жайылымдық жерлерді суландыру бойынша мемлекеттік бағдарламаны пайдалануға қатысты болып тұр. Аудан бойынша бұл күнде бірде-бір құдық қазылмаған. Халықтан түсуі тиіс «жайылымдығымды суландырамын» деген өтініштер аты-затымен жоқ. Есесіне, көршілес аудандардағы жайлау, қыстауларға құдықтар қазылып, суландыру ерекше белсенділікпен атқарылып жатқанын көзіміз көріп жүр.
Сол себепті, бұл саланың алға басуы шаруа қожалықтарының, кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы биліктің бірлесіп әрекет етуіне тікелей байланысты.

Адал бәсекелестік алға бастырады
– Бір ғана спортшының жеңісі дүйім елдің даңқын асырады, қалың жұрттың мерейін үстем етеді, әлемге танытады. Менің ойым, аудан спортына көңіл бөлгенде «ат спортының, күрес пен таэкводоның дамуына, волейболдың өркендеуіне баса назар аудару керек» деп, бөліп-жаруға әсте болмайды. Ең алдымен, нәтижеге жұмыс істей білуіміз шарт.
Мәселен, Көкжота ауылында ашылған ат спорты мектебі балаларды таспа тіліп, қамшы өруге, арқан есіп, шылбыр байлауға, таға соғып, ат тағалауға үйрететін өмір мектебіне айналуы тиіс. Алдағы уақытта мұндай мектепті Көкпекті ауылынан да ашу ойымызда бар.
Самар мен Көкпекті ауылдарының арасында адал бәсекелестік қалыптастыратын сала – өнер. Сондықтан балалардың өнер мектебін екі ауылдан да аштық. Енді саз мектептерін құруды жоспарлау үстіндеміз. Сонымен қатар, екі ауылдың Мәдениет үйлерінің де бюджеттерін саралап, «қай жақта қандай нәтиже бар, қайсысының әртістері халыққа жақсы қызмет көрсетеді?» деген өлшемдерге қараймыз. Сол сияқты кітапханалардың жұмысын да ондағы кітап санына қарай емес, оқырманының келуіне, көрсетілген қызмет сапасына, халықтың пікіріне қарай бағалаймыз.
Астана алаңы ашылады
– Әрбір елді мекеннің мәдени орталығы, тұрғындарының сүйікті демалыс орындары болатыны сөзсіз. Алайда, аудан орталығы тұрғындарының Даңқ аллеясынан басқа барар жерінің болмауы, мыңдаған тұрғыны, екі жүз жылдық тарихы бар Көкпекті ауылы үшін ұятты жайт екен. Осыны ескере отырып, қазір Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйі, ауылдық округ әкімшілік ғимараты, Астана көшесі мен мұражай үйі сияқты нысандарды жалғайтын «Астана алаңын» құруды қолға алудамыз. «Бітер іске өз үлесімді қосам, аудан орталығын көркейтуге атсалысамын» деген белсенді азаматтар болса, қуана қолдаймыз. Көкпектіні көркейтуге бағытталған жобаларымыз мұнымен бітпейді. Әрбір мемлекеттік мекемеге өзінің ғимаратын, маңайындағы көше аумағын гүлдендіріп, көркейтіп отыру міндеттеледі. Осындай жұртқа жағымды, елге пайдалы істен аудан тұрғындары да шет қалмас деп үміттенемін.
Сұхбаттасқан – Қайрат Бесбайыс
Көкпекті ауданы.