Қоғам

Көкпектінің көксеркесіне еуропалықтар да ерекше құштар

Көкпектінің көксеркесіне еуропалықтар да ерекше құштар

Самар ауылында «Рыбпром» ЖШС-нің жергілікті филиалы жемісті жұмыс істеп келе жатқанына 11 жыл болды. Бүгінде Ертіс өзені мен Бұқтырма су бөгенінен ауланған балық өнімдерін еуропалықтар жеңсік ас ретінде пайдалануда.
130 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын күніне 4000 тонна балық өңдеуге қауқарлы. Озық технологияның арқасында экспортқа дайындалған өнімдерді екі жылға дейін сақтауға болады. Зауыт технологы Лариса Еременко өндіріске алынатын балықты қабылдаудың қатаң тәртібі бар екенін айтады.
-Бізге өткізген балықтардың жаңа ғана ауланғаны маңызды. Ол үшін ауыз қуысындағы температураны өлшейміз. Осы сияқты түрлі тәсілдермен тексеруден өткен өнімді арнайы паразитолог мамандар сұрыптан өткізеді. Осыдан кейін ғана балық өндіріске жіберіледі, – дейді маман.
Технология заманауи болғанымен, негізгі жұмыстың барлығы адам қолымен атқарылады. Балықтың еті сылынып алынғаннан кейін, сүйегі бөлек екшеліп, ұн зауытына жөнелтіледі. Ет пен сүйектен басқа органдары да түгел өңделетіндіктен, мұндағы өндіріс қалдықсыз болып саналады.
Зауытта негізінен көксерке, шортан, алабұға, рипус, табан балықтар өңделеді. Еуропалықтар тарапынан әсіресе, көксеркенің сүбесіне сұраныс ерекше көп болса керек. Голландия, Германия, Франция, Дания мемлекеттеріне аталған балықтардың етінен жасалған 20 түрлі өнім жіберіледі. Аталған елдердің сұранысы зауытта өңделетін балықтың отыз пайызын қамтиды. Ал қалған 60 пайыз өнім облыс бойынша саудаланады. Мұхитпен шектесіп жатқан Батыс елдерінің Бұқтырма мен Ертістің балығына құда түсуі бір жағынан ақылға қонымсыз сияқты, әрине. Сөйтсек, гәп ағынды суда екен. Ағыны қатты суда тіршілік еткен балықтың құрамында холестерин аз болатын көрінеді. Ал көксерке балық біткеннің ішінде холестерині ең аз сумекенді саналады. Осы артықшылық оны бренд өнімге айналдырып отыр. Технолог Лариса Еременко холестериннің аз болуы дайын өнімнің ашымай, бүлінбей сақталуына да ықпал ететінін айтады.

Көкпектінің көксеркесіне еуропалықтар да ерекше құштар

Балық шаруашылығының талап-ережелеріне сәйкес мұнда да көктем айларында жұмыс саябырлайды. Уылдырық кезеңінде балық аулауға тыйым салынғандықтан, алдын ала жиналған қорды талғажау етуге тура келеді. Осының арқасында маусымарлық үзілістерге қарамастан жыл он екі ай жұмыс тоқтамайды. Зауыттағы ең маңызды құрылғы – тоңазытқыштар мен мұздатқыштар деуге болады. Сүйектен сылынған сүбелер әуелі стирильді мұз себілген суда сақталады. Одан кейін тоңазытқышта -10 градус шамасында салқындатылып, кейін «талықсытпалы мұздату» процесіне түседі. Мұздатылған балық арнайы жабынға оралып, қораптарға салынып, жөнелтіледі.
Зауытта 130 адам жұмыс істейтінін айттық. Сол қызметкерлердің орташа еңбек ақысы 75 мың теңгеге жеткен.
-Негізінен мұнда еңбекақы істеген жұмысқа қарай төленеді. Мәселен, балық етін сылу цехындағы мамандар күніне бір тонна сүбе дайындаса, 2,5 мың теңге төленеді. Дәл қазіргі маусымдық үзіліс қарсаңында зауыт 50 пайыз қуатымен ғана жұмыс істеп тұр. Соған байланысты жұмысшылардың табысы да қысқарады. Ал жаз маусымында жұмыс қызып, жұмысшылардың нәпақасы да өседі. Кәсіпорынның бас басқармасы Алматыда болғандықтан, негізгі салықты солар төлейді. Ал біз аудан бюджетіне жыл сайын 14 млн. теңге кіріс түсіріп келеміз, – дейді зауыт директоры Александр Нарожнев.
Ол сондай-ақ, уақыт өткен сайын балық аулау және оны өңдеу ісінде қатаң тәртіп орнап, шектемелер азайып келе жатқанын айтады. Алайда, бұл кәсіпорынның жұмысына айтарлықтай кдергі келтіре қоймаған.
-Дағдарыс деген сөздің дәл біздің кәсіпорынға қатысы шамалы. Өйткені, біздің өнімді Еуропаның бақуатты мемлекеттері тұтынып келеді. Сондықтан да жұмыс орнын қысқарту немесе өндіріс көлемін азайту жөнінде ешқандай нұсқау түскен емес, – дейді Лариса Еременко.

Есімжан Нақтыбайұлы

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button