Қоғам

Көкпектіліктер қайырымдылық дастарханын жайды

  Көкпектіліктер қайырымдылық дастарханын жайды

Бұл жолы Өскемендегі «Фреш маркет» сауда үйінің жанында Көкпекті ауданының жәрмеңкесі өтті. Ал аудан көркемөнерпаздары дайындаған этноауылдағы мерекелік концертке облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.
Сауда үйі алаңындағы сөрелерге аудан қожалықтарының сапалы, экологиялық таза табиғи өнімдері қойылды. Көкөніс, ет, бал, балық-шаян, қымыз, күнбағыс майы қолжетімді бағамен саудаланып, қалалықтар қарқ болды. Мысалға, Құлынжон ауылдық округіндегі көкөніс өсірушілер Тоғай Зүлфиев, Ольга Ким және миролюбовкалық Людмила Ким қызанақтың келісін-200, қиярды-80 теңгеден сәбізді-120, картопты-100, орамжапырақты-40 теңгеден ұсынды. Құлынжондықтар сонымен бірге 1 тонна тірі сазанның келісін 600 теңгеден бір сағат ішінде сатты.
Төрт түліктің 11500 тонна еті саудаға шығарылды. Ет келісінің бағасы 900 теңгеден аспады. Қой етін саудалап тұрған Сарыбел ауылының тұрғыны Досан Қимадиевтің әулеті атақты шопан болған. Ол ата таяғын қолға ұстап, қой шаруашылығын өркендетпек оймен «Жайлау» бағдарламасы арқылы өткен жылы 100 қой алған. Жүз қойы төлдеп, артық мал басын саудаға шығарып отыр. «Үкіметтің осындай бағдарламалары ауыл тұрғындарына өте тиімді. Ұсақ мал басын алғашқы екі-үш жылда-25, бесінші жылында-125 етіп қайтарамын», -дейді ол.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақыт Оразғалиева Өскеменде тұратын мүмкіндігі шектеулі 20 балаға арнап қайырымдылық дастарханын жайғанын тілге тиек етті.Бөлім басшысы сонымен қатар, оларға әлеуметтік пакеттер таратқанын да жеткізді. Мүгедек балалар қайырымдылық дастарханынан дәм ғана татпай, аудан өнерпаздарының көнцертінде би де биледі.

  Көкпектіліктер қайырымдылық дастарханын жайды

– Аудан басшылығына аналық ризашылығымды білдіремін. Немерем Ақерке – мүгедек, 24 жаста. «Үлбі» әлеуметтік мекемесі қызмет көрсетеді. Осындай жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі балалардың көңілін аулап, көрсеткен құрметі үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз,- оның әжесі Әсима Көбегенова.
Жалпы, мәдени күннің ауқымы өте кең болды. Жәрмеңкеге келгендер сапалы азық-түлік өнімдерін сатып алып қана қоймай, ауданда береке-бірлікте тұрып жатқан ұлттардың ұлттық тағам көрмесін, балалар өнер мектебінің туындыларын тамашалады, спорттық ойындарға қатысты. Базаршылап келген барлық халық ауданның білім бөлімі әзірлеген ыстық дәмнен ауыз тиді. Жәрмеңкеге қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев Самар шығармашылық үйі оқушыларының киізден жасаған бұйымдарына жоғары баға берді.
Ауылшаруашылық жәрмеңкесінің соңы этноауылда өткен аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Сахна төрінде аудан мақтаныштары, еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Бисара Мәкенова, Миргүл Нұрмұхамбетова, болашағынан зор үміт күттіретін Елназ Бақытбекова, «Толағай сазы» халық аспаптар оркестрі мен «Інжу-маржан» әжелер клубы, бишілер мен әншілер өнер көрсетті.

Эльмира Тайырқызы

Осы айдарда

Back to top button