Қоғам

Көкпектіліктер қала жұртының көңілін көтеріп кетті

Көкпектіліктер қала жұртының   көңілін көтеріп кетті
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан Көкпекті ауданының мәдени күніне жиналған халық қалың болды. Жәрмеңкеге облыс Әкімінің орынбасарлары Нұрымбет Сақтағанов пен Ермек Көшербаев келіп, аралады.

Ауданның жәрмеңкесіне келген ел картоп, пияз, орамжапырақ, қызанақ сынды бау-бақша өнімдерін қап-қабымен әкетіп жатты. Себебі, бұл күні базар-жәрмеңкедегі картоптың келісі – 35, орамжапырақ – 25, пияз – 40, қызанақ – 100, ала қарбыз – 20 тең-геден, 15 тонна ірі қара, 2 тонна қой мен жылқы және шошқа етінің келісі 1 мың теңге шамасында сатылды. Тоғыз тонна балық пен бір тонна тірі балық та (бассейнде) үлкен сұранысқа ие болды.

– Мерекелік жәрмеңкеге ауданы-мыздың 17 округімен қатар «Елім-ай», «Өрнек», «Мәмбет», «Талап» шаруа қожалықтары ет, сүт, нан, «Фацелия», «Тұңғышпаев» қожалықтары бал, ал «Серік» шаруа қожалығы шұбат пен қымыз сусындарын, сондай-ақ, «Рыбпром» ЖШС дайын балық өнімдерін әкеліп отыр.

Ауданның ауылшаруашылық құрылымдары бұл шараға үлкен демеу көрсетті. Ауданда бірлік пен берекеде тұрып жатқан ұлттардың этно-қалашығын ұйымдастыруымыз жәрмеңкеге кіргізген ерекшелігіміз болды дей аламын. Сондай-ақ, базаршы жұртқа аудандық мәдениет үйінің әртістері әзірлеген мерекелік концерт, тарихи-өлкетану мұражайының жәдігерлері мен түрлі спорттық шаралар ұсынылып отыр. Ал «Үлбі» мәдениет үйінде болатын концертте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Бисара Мәкенова мен Мейіргүл Нұрмұхамбетова өнер көрсетеді. Тұрмысы төмен отбасылар үшін екі жерден қайырымдылық асын ұйымдастырып қойдық, әлеуметтік пакеттер де таратылады, – деді аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин.

Облыс Әкімінің орынбасарларыЕрмек Көшербаев пен Нұрымбет Сақтағанов алдымен көкпектіліктердің этноқалашығына бас сұғып, кәріс, татар, қырғыз, әзірбайжан, грузин, болгар халқының ұлттық киімдерін киген адамдармен әңгіме-дүкен құрып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Жалпы, бұл күні ауданды мекен ететін бірнеше ұлттың өкілдері Металлургтер сарайының алдындағы алаңды ән-би мен жырға бөледі.
Жуықта облыстың Астанадағы жәр-меңкесінен «Қазақстанның үздік өнімі» сертификатын алып қайтқан «Фацелия» қожалығының басшысы А.Шаровтан Ермек Көшербаев аймағымыздың Ал-матыдағы жәрмеңкесіне дайындығы жайында сұрады және «Фацелияның» балы ең таңдаулы бал екенін де атап көрсетті.

Облыс Әкімінің орынбасарлары қайырымдылық асы беріліп жатқан киіз үйге де бас сұғып, үлкендердің батасын алды.
Ду-ду сауда жүріп жатқан жәрмеңкені ауданның өнерпаздары одан сайын қыздырып жатты. Әсіресе, «Толағай» эстрадалық, «Забава» фольклорлық ансамбльдері, Шамиль Ибраев, Альмира мен Арслан Шапатовтар және оқушылардың бишілер тобы зор қошеметке ие болып, халық олармен бірге билеп кетті.

Көп жұрт аудан тарихынан сыр шертетін мұра-жай мен «Тәрбие жұмысы орталығына» келетін оқушылардың жұмыстарына ерекше қызығушылық танытқанын байқадық. Негізінен сәндік-қолданбалы, эстетикалық-көркем, музыка және техникалық сынды төрт бағытта жұмыс істеп жатқан орталықтың шәкірттері соңғы кездері республикалық байқауларда жиі-жиі жеңімпаз атанып жүр.

– Туған жерге деген сағыныш – сөзбен жеткізбей-тін сезім. Сексеннің сеңгіріне шықсам да, бүгін туған жерге ат басын бұрдым. Менің қай-қашанда Көкпектіге бүйірім бұрып тұрады. Шығыста «Туған ел – алтын бесігім» атты керемет акция өркен жайып тұр екен. Мұнда өнер көші рухани байлықты тарту етсе, шаруалар жер ырыздығын әкеліп жатқанын көріп тұрмын. Осыншама қыруар жұмыс атқарып жатқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин сынды азаматтар көп бо-лып, ел алғысына бөлене берсін, – деген ақжарма тілегін білдірді мерекеге арнайы шақырылған геология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Халел Беспаев.
Өскеменнің өнерсүйер қауымы кешке қарай «Үлбі» мәдениет сарайындағы дүбірлеген думанды кештің куәсі болды. Қалың жұртшылық дәстүрлі әншілер Бисара Мәкенова мен Мейіргүл Нұрмұханбетованың, Самар және Көкпекті мәдениет үйлері өнерпаздарының концертін тамашалап, рухани ләззат алды.

«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші, елдің ақ батасы мен алғысына бөленген көкпектіліктердің көргеннің көңілін көктем еткен көш-керуені осылайша заты бөлек салтанат орнатып кетті.

Эльмира Тайырқызы

Осы айдарда

Back to top button