Қоғам

Көкпектіде сүт өндіретін шаруашылықтар көп

  Көкпектіде сүт өндіретін шаруашылықтар көп

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жұмыс сапарымен Көкпекті ауданында болып, бірқатар ауылшаруашылық нысандарында болып, сүтті бағыттағы мал шаруашылығының дамуы мен жол құрылысының мәселесіне мән берді.
Самар ауылынан төрт шақырым қашықтықта орналасқан «№14 жол құрылыс басқармасы» ЖШС-не ат басын бұрған аймақ басшысы кәсіпорынның жұмыс қарқынымен танысты. Былтыр бұл кәсіпорын 900 млн. теңгенің жұмысын аяқтап, келесі өткізілетін тендерге дайындалып отыр. Жұмыстары жол салуға қажетті тас үгінділерін шығарудан басталып, асфальт-бетон езбесін дайындаумен жалғасын табады. Ол үшін кәсіпорында екі асфальт-бетон зауыты мен екі диспетчерлік кешен басқармасы бар. Жол салуға, жөндеуге қажетті құрылыс материалдарын келісімшарт бойынша Самар мен Мариногорка кен орындарынан алады. Сонымен қатар, қиыршық тастардың түр-түрін өндіреді. Және де арнайы цехта жол белгілерін шығарумен де айналысады. Аталмыш мекеменің бас директоры Александр Федосовтың айтуынша, кәсіпорын дамып келеді. Жаңа техникаларды көріп, жұмысшылармен әңгімелескен облыс әкімі кәсіпорынның аяқ алысына риза болды.
– Біздің облыста мұндай бес жол құрылыс басқармасы бар. Жұмыс көлемі аз емес. Биыл орташа жөндеуден өтетін жол көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге өседі. Ал 2016 жылы үш есеге артпақ. Сондықтан тендерге ерте бастан дайындалғандарыңыз жөн. Негізінен күрделі жөндеуге қарағанда ағымдық жөндеу жұмыстарымен айналысқан тиімді, – деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Жол салуға, жөндеуге білек сыбана кірісіп жүрген «Көкпекті жолдары» ЖШС басшысы Гүлназ Нұрғалиева былтыр 150 млн. теңгеге тас үгітетін құрылғы мен асфальт зауытын сатып алған. Жұмсалған соманың 100 млн. теңгесін «Өндіріс-2» бағдарламасы бойынша несие алса, қалған 50 млн. теңгені өз қаржысынан қосқан. Алайда, зауыттың жұмысын бастауға электр энергиясы жеткіліксіз болып тұр. Қосымша электр желісін жетілдіру үшін 14 млн. теңге қаржы қажет екен. Бұл басталған істі жалғастыруға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қол ұшын беретінін айтты.
Сіз ер адамдар тәуекел етіп бара бермейтін ауқымды жобаны қолға алып отырсыз. Ісіңізді бастамай жатып көмек сұраған жоқсыз. Енді зауыттың үлкен істер тындырарына көзіміз жетті. Мамыр айында мәселе шешіледі, – деген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Гүлназ Нұрғалиеваның бастамасын қолдады.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ сүтті бағытта ірі қара өсіруді қолға алғалы отырған «Мәмбет» шаруа қожалығында болды. Қожалық басшысы Есімбек Мәмбетовтің сөзіне сүйенсек, негізгі бағыты егін егу болғанымен, осыдан үш жыл бұрын мал өсіре бастаған. Жалпы сегіз мың гектар алқапқа егін ексе, оның екі жарым мың гектары бидай, екі мың гектардайы арпа. Ал сегіз жүз гектардай жерге көпжылдық шөп егеді. Соңғы жылдары қыша мен зығыр шөптерін де өсіріп отыр.
Мал басына келер болсақ, «Мәмбет» шаруа қожалығында болды. қой және ет бағытында үш жүз бастай ірі қара бар. Есімбек Мәмбетовтің ендігі жоспары – көпжылдық шөптің алқабын кеңейтіп, сүтті бағыттағы сиыр өсіру.
– Бұрынғыдай жобаны сатып алмайсыздар. Жоба дайын. Соны пайдаланып осы маңайда төрт жүз сиыр ұстасаңыздар, бес жылдың ішінде өз-өзін ақтайды. Ал бұл жерде қар қалың болғандықтан қой өсіру ауырлау болады, – деді облыс әкімі.
Есімбек Мәмбетов мал, жер шаруашылығымен ғана шектелмей, үш жыл бұрын ауданның бұрынғы нан зауытын сатып алып, қайта іске қосқан. Бүгінде зауыт тұрғындардың сұранысына қарай күніне төрт-бес мың бөлке нан шығарып отыр. Жалпы қожалықта 105 адам жұмыс істесе, нан зауытында 36 адам еңбек етеді. Зауыттың болашағына сенім білдірген өңір басшысы Даниал АХМЕТОВ келесі кезекте Самарқан Жотабаев жетекшілік ететін шаруа қожалығының жұмысын көрді. Атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толды.
«Қалисаттарұлы» шаруа қожалығы жуықта Мәскеуден үш млн. теңгеге сыйымдылығы 2000 литрлік «Fresh milk» сүт қабылдау құрылғысын әкеліп орналастырған екен. Тұрғындардан сүт жинау үшін екі өкіл жұмыс істейді. Олардың бағыты алдын ала есептеліп, сызбасы сызылды. Самар ауылдық округінің тұрғындарымен келісімшарт жасалды. Сүт жинау жөнінде жергілікті ветеринар арнайы журнал да бастап қойған.
– Аудан әкімдігі стратегиялық маңызы бар істі қолға алғандары дұрыс. Енді асықпаңыздар. Тұрғындар сүтті стандартқа сай бекітілген ыдыспен тапсырулары керек. Егер кімде-кім су қосып тапсырған болса, одан екінші рет сүт алмау керек. Ешкім келісімшартсыз жұмыс істемесін. Ең бастысы, округ әкімі күнделікті қадағалап отыруы тиіс. Ал мал дәрігері үйлерді аралап, сауынды сиырлардың қорегін көріп-біліп отырғаны дұрыс. Егер қандай да қайшылық болса, сүт тапсыруға тиым салынсын, – деген облыс әкімі басталған игі іске табыс тіледі.
«Қалисаттарұлы» шаруа қожалығында алдағы уақытта сүт жинау жұмыстары бойынша үлкен семинар өткізіліп, тәжірибелерін өзге де аудандармен бөліспек.
Бүгінде елу бастай сүтті сиыр асырап отырған «Қалисаттарұлы» шаруа қожалығының басшысы Самарқан Жотабаев келешекте сүт өнімін молайтуды көздеп отыр. Осы тұста облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қожалыққа кем дегенде төрт жүз бас ірі қара ұстау керектігін түсіндірді. Ол үшін әрине шаруашылықтың иелігіндегі жер жеткіліксіз. Сондықтан да облыс басшысы жер жағын қарастыруды жергілікті әкімдікке тапсырды.
Ал Үкіліқыз ауылындағы «Өрнек» шаруа қожалығына биыл Германиядан ірі қараның Симментал тұқымдастары сатып әкелінген. Ержан Қойгелдиннің жетекшілігіндегі қожалықта қажетті техникалар жеткілікті. Жемшөп егілетін алқаптар да кеңейтілді. Шаруашылық келешекте сүт, ет, бидай өнімін арттыруды жоспарлап отыр. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ айтуынша, шаруашылықтың бұл бағыты дұрыс. Егер 500 гектар жер суармалы болса, 1000 бас сауын сиырын ұстап отыруға әбден болады.
Облыс әкімі Үкілі қыз ауылының тұрғындарымен кездесті. Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатқан ауылдықтарды құттықтап, наурыз көжеден дәм татты.
Тассай ауылдық округіндегі мыңнан астам ірі қара ұстап отырған «Қалиқанұлы» шаруа қожалығы 2010 жылы Бесқарағай ауданында тауарлы сүт фермасын ашқан болатын. Бүгінде аталмыш фермада 2,5 және 3,2 пайыздық сүт, екі жарым пайыздық айран, қаймақ, ірімшік, сары май өндіріп отыр. Онда қырық шақты маман жұмыс істейді. Биыл сыйымдылығы 3000 литр «Fresh milk» атты сүт қабылдайтын пункт алғызып, Көкпекті ауылына орналастырды. Бұл құрылғының көптеген қосымша мүмкіндіктерімен қатар сүтті сараптап, сапасын анықтайтын «Лактан 220» приборымен жабдықталған.
Қазіргі таңда ауданда екі сүт қабылдау пункті жұмыстарын бастауда. Жуық арада олардың саны жетеуге дейін жетсе, жыл соңында 18 сүт қабылдау пункті жұмыс істемек.
Жалпы ауданда 6588 бас сауынды сиыр бар екені белгілі болды. Енді сәуірден бастап сүт тапсыру жұмыстары басталады. Сүт тасушы үш көлікке, он бір сүт қабылдау пунктіне тапсырыс беріліп те қойған. Аудан басшылығының айтуынша, жыл соңына дейін құрылған жоспарлар толығымен орындалады. Ал «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Каликов сүт қабылдау жұмыстарына толық дайын.
Көкпекті ауданындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Елім-ай Көкпекті» ЖШС. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ серіктестік жұмысымен де танысты. Болат Бекбердинов жетекшілік ететін «Елім ай Көкпекті» ЖШС өсімдікпен және асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырларын өсірумен айналысады. Бұл қожалық та сүтті бағытқа көшуді ойластырып отыр.
Самар ауылындағы «Рыбпром» ЖШС-нің филиалында болған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ балық өңдеу цехын аралады. Бұл мекеме Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасынан ауланатын шортан, алабұға, көкшұбар, табан сынды балықтарды өңдеп он бір түрлі өнім шығарып, халыққа ұсынып отыр. «Рыбпром» ЖШС директоры Александр Нарожневтың айтуынша, цех қуаттылығының 70 пайызын ғана игеріп отыр. Өйткені, шикізат жетпейтін көрінеді. Яғни, балық аулауға қойылған лимит аздық ететін сияқты. Оның үстіне шикізат көршілес мемлекеттерге өтіп кетіп жатады. Айтылған мәселеге ден қойған облыс әкімі бұл проблеманы шешу үшін тиісті орындарға тапсырма беретінін жеткізді.
– Балықты облысымыздан шикізаттай шетке шығаруды шектеу керек. Заң жағын қарастырып, бұл мәселенің оң жолын табармыз, – деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Облыс әкімі сондай-ақ, Көкпекті аудандық ауруханасында болып, денсаулық сақтау саласының жұмысымен де танысты.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button