Қоғам

Көкпекті күл-қоқыстан қашан арылады?

Көкпекті күл-қоқыстан қашан арылады?

Көкпекті ауылы күл-қоқыстан арылмай отыр. Осыдан үш жыл бұрын облыстық «Дидар» газетінде «Көкпектідегі қоқыс он гектар жерді алып жатыр» деген мақала («Дидар», №59, 26 мамыр, 2011 жыл) жарияланған болатын.
Содан бері тура үш жыл уақыт өтсе де, «Баяғы жартас, бір жартас» дегендей, еш өзгеріс болмауда. Ашық аспан астында тау болып, үйіліп жатқан күл-қоқыстың қоршаған ортаға қолайсыз әсер етіп жатқаны былай тұрсын, адамдардың денсаулығына да орасан зиянын тигізуде.
Көкпекті ауылының тұрғындары Татьяна Росс, Клара Жақыпбекова, Айнұр Рахимова тұрмыстық қалдықтар лақтырылатын орынға өте жақын тұрады
– Ауылдық әкімшілік қызметкерлеріне бұл проблеманы айта-айта шаршадық. Тұрмыстық қалдықтардың барлығы біздің үйлерімізге қарай ұшады. Ол аз болса, бықсып жанып жатқан қоқыстың түтіні ауламызды қойып, үйіміздің ішін алып кетеді. Табиғатқа, жеке тұрғын жайымызға, тіпті, өмірімізге немқұрайлы қарап отырғандар жауап беретін кез бола ма? Ауыл тұрғындары мен мекемелер тұрмыстық қалдықтарды тау-тау ғып үйгенімен қоймай, бұл жерде кәсіпкерлер әк қорыту жұмыстарын жүргізетінін қайтерсің. Сонда экологиялық мәселемен айналысатын мекеме қайда қарап отыр? – деп жанайқайын жеткізді тұрғындар.
Ғалымдардың зерттеуінше, күл-қоқысқа тасталатын пластмасса құтылар жер бетінде 500 жылға дейін, ал кәдімгі полиэтилен пакеттері 200 жылдан астам уақыт шірімей жатады екен. Ал консерві қалбырлары мен шыны сынықтары болса, бір мың жылға дейін жер қойнауын ластап, топырақ құнарын жеп жататын көрінеді.
Осы ретте жылына екі мәрте дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан тазалық айлығына көкпектіліктер де үнемі белсене атсалысып келеді. Дегенмен, бұл жерде де олқылықтар жоқ емес .
– Мекеме қызметкерлері жиналған қоқыстарды арнайы қаптарға салып, үйіп қояды. Ал қараңғылық орнасымен Көкпектінің бәзбір тұрғындары сол қоқыстарды төгіп, қаптарын алып кетеді. Сонда, әлгі тазалыққа шыққан мекеме жинаған қоқысты неге уақытында апарып төкпейді? Ыбырсып жатқан қоқысты қаңғыған иттер, одан қалса, мал біткен шашып кететінін көріп жүрміз. Осылайша қаптарға бөлінген қаражат пен қызметкерлердің еңбегі зая кетіп тұр, – дейді ауыл тұрғыны Гүлнар Мақанқызы.
Аудан әкімінің есептерінде Көкпекті мен Самар ауылдарында қатты қалдықтар полигоны салынатыны туралы сан рет айтылған болатын. Осы су аяғы құрдымға кеткен мәселеге байланысты Көкпекті аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Б.Бекеновке хабарласқанымызда, ол бұл шаруамен айналыспайтындарын айтты. Содан аудандық тұрғын үй-коммуналдық щаруашылығы бөлімінің басшысымен байланыса алмаған соң, бөлімнің бас маманы С.Базарбаевпен сөйлестік. Оның да жауабы мардымсыз болды. «Техникалық-экономикалық негіздеме дайын, алайда, қажетті қаражат бөлінген жоқ» деді ол.
Біздің қазақта «Тазалаған жер таза болмайды, таза ұстаған жер таза болады» деген нақыл бар. Көкпектіліктер өздері тұрып жатқан жерді таза ұстау тұрғысындағы белсенділіктерін бәсеңдетпеуі тиіс деп ойлаймыз. Ал аудандық әкімдік қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының мәселесін жуық арада оң шешпесе, бұл жырдың таусылмасы хақ. Өйткені, күл-қоқыс маңайында тұрып жатқан көкпектіліктер бұл мәселені аяқсыз қалдырмаймыз деп отыр. Олар шарасыздықтан әбден шаршаса керек.

Эльмира Тайырқызы

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button