Көкпекті ауылына «Көмек керуені» жөнелтілді
Қарағандының тасқыннан зардап шеккен Көкпекті ауылына біздің облыстың «Көмек керуені» жолға шықты.
Көкпектіліктерге көмек ретінде азық-түлік, киім-кешек пен құрылыс материалдарынан бөлек 300 бас ұсақ мал үлестірілетін болады. Керуенді құру кезінде апаттан зардап шеккен Көкпекті ауылы тұрғындарының барлық қажеттіліктері зерттеліп, есепке алынған.
Бұл керуенді тасқынға ұшыраған елді мекенмен аттас Көкпекті ауданының әкімі Дүйсенғазы Мусиннің бастап бара жатқаны да тегін емес. Осыдан төрт жыл бұрын аталмыш аудан да тасқынмен бетпе-бет келіп, оның салдарын түкпір-түкпірден жеткен көмектің арқасында еңсергені ел есінде.
Халықты демеп, баспаналарын қалпына келтіру мақсатында шығысқазақстандықтар зардап шегушілерге 20 тонна ұн мен бидай, жарма, картоп пен күнбағыс майын, 300 бас ұсақ мал, 25 текше метр тақтай, 20 тонна цемент жеткізеді. 2,5 млн теңгенің төсек жабдықтары (матрас, көрпе, жастық, жылы орамал) мен жуыну-жуу заттары да көкпектіліктерге көмек ретінде ұсынылмақ. Керуеншілер бұған қоса ақшалай екі млн. теңгенің көмегін табыстайды.
Есімжан Нақтыбайұлы