Қоғам

Көкпекті қашан қазақша сөйлейді?

Көкпекті қашан қазақша сөйлейді?

Орыс мектебін бітірген басқа ұлттың балалары Ресейдің жоғары оқу орындарына кетіп, оны тәмамдаған соң, Ресейде қалып қойып жатқандары да бар. Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин аудан халқының алдында есеп бергенде білім барысына тоқтала келіп, өткен жылы аудан мектептерін бітірген 46 баланың Ресейдің жоғары оқу орнына кеткенін тілге тиек етті. «Бұл сұмдық қой! Біз неге Ресей үшін бала оқытып, дайындап береміз», – деп ренішін жасырмады. Бұл сұмдықты қойып, аудан үшін төтенше жағдай. Шындығында, Отанды сүю, патриоттық сезім қайда? Қарыз, парыз деген ұғым неге ұмытылады?
Қазір ауданымызда басшы қызметте жүргендердің көбі орыстілді екені өтірік емес. Осылардың қазақ тілі десе, қабағы түсіп кетеді. Аудан әкімшілігі аппаратын алайықшы, мұнда Дүйсекеңнің өзінен басқа қазақша еркін, таза сөйлейтін бір адам жоқ. Сонда қазақ тілін кімнен сұраймыз?
Осындай орыстілділер қазақша үйреніп, балаларын қазақша оқытудың орнына қазақ тіліне қарсылық көрсетуді жеңіл санайды. Қазақ тіліне қарсылық – бос әурешілік. Қазір Қазақстан халқының 70 пайызы – қазақтар. Заман құбылмалы, бүгін болмаса, ертең ұлттық мемлекетке келеміз, сол кезде қазақ тілінің бағы жанады, заңды мәртебесіне ие болады. Олай болса, күнді алақаныңмен жаба алмайтының сияқты, қазақтың тілі -көктегі қазақтың күні. Оны қолмен ұстап, сөндіру мүмкін емес. Ендеше, балаңның болашағын қазір ойла! Жалғыз қазақтар мен татарлар ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының болашағы – қазақ тілінде.
Көкпектінің өз басында екі мектеп бар. Бірі – Ж.Шәйжүнісов атындағы қазақ мектебі де, екіншісі – бұрын Киров атында болған орыс мектебі. Осыдан бірер жыл бұрын Көкпекті орта мектебі деген ат алып, аралас мектеп болды. Бұл мектеп мұғалімдері мен оқушылары бұрын да, қазір де үзіліс арасында орысша сөйлесе береді. Ал қазақ мектебінің жөн-жосығы қазақша болу керек қой. Қазір сол қазақ мектебінің директоры да, оқу ісінің меңгерушісі де – орыстілділер. Мектеп мұғалімдерінен бастап оқушыларына дейін орысша сөйлесіп жүре береді. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Бір жан ескерту жасамайды. Сонда қалай, 86 жылдық тарихы бар қазақ мектебін жасырын жолмен орыс мектебіне айналдырудың амалы ма бұл? Әйтпесе, мұндай қитұрқы ойын кімге керек болды?
Орыс тілін насихаттап, үгіттеуде жергілікті «Новая жизнь» газеті де аз «еңбек сіңіріп» келе жатқан жоқ. Аудан халқының 90 пайызы қазақ ұлты болғанына қарамастан, көпшілік «Новая жизньді» жаздырып алады, соны оқиды. Сөзім дәлелді болу үшін, мына цифрларға көз жүгіртсеңіз де жеткілікті. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жұлдызды» 2020 адам алса, «Новая жизньді» алатындардың саны – 2703. Самар жақты білмеймін, дәл Көкпекті аймағында осынша орысты күндіз қолыңа шам алып іздесең де, таппайсың. «Новая жизньді» жаздырып алатындар орыстілді өз ағайындарымыз екені тағы да шындық, әсіресе, қызмет істеп жүргендер.

Ратбек Арынұлы, зейнеткер

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button