Қоғам

Көкпардан Шығыс Қазақстанның 8 дүркін чемпионы атанған

Көкпардан Шығыс Қазақстанның 8 дүркін чемпионы атанған

Қатпар-қатпар тарихы бар қарт Тарбағатай өңірі, бақ дарыған Барқытбелдің баурайы – даңқты дарабоздарымен, орақ тілді шешендерімен, қысылған жерде қол бастаған көсемдерімен танылған шежірелі өлке. Осы өлкенің ат өнері спортының тарихындағы ширек ғасырда ат жалына жабысып, жер тарпыған небір шу асауларды бағындырған жігіттің сырттаны, жауырыны жерге тимеген, намысты қолдан бермеген азаматымыз – Есенжол Кишанов болатын.
Ол Тарбағатай ауданының Шеңгелді ауылында 1973 жылдың 18-ші наурызында дүние есігін ашқан. Әкесі Сыдық – Крупская атындағы совхоздың «Құрмет белгісі» орденді озат шопаны. Қазақтай қайсар халқының намысын қолдан бермеген азаматтың анасы Сақан апа – осы күнде қара шаңырақта немере тәрбиелеп, отбасын айрандай ұйытып отырған жан.

Есенжол – Сыдық атамның кенже ұлы. Жезделерінің түтінін түтетіп, ұрпағын жалғастырып отырған апайлары: Үмітжан, Күлзипа, Рысжан, Бота. Інісін «кенжем» деп еркелеткен Күлзипа апай Асусай орта мектебінің кітапханашысы болып қызмет атқарса, Бота – Қабанбай аулының Төгісов атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі, директордың әлеуметтік ісі жөніндегі орынбасары. Үмітжан мен Рысжан – он саусағынан өнер тамған тігін шеберлері. «Кенжеміздің орны бөлек еді. Қайдасың, бауырым?» – деп егілген ағалары Аманжол мен Жанахмет. Есенжол өмірге келгенде: «Шаңырақтың тұңғышы Аманжол – мен болайын, кенжесі Есенжол – сен бол!» – деп атын өзі қойған екен.

Қазақтың ұлттық ойындарының екі жүзден астам түрі болса, соның бірі әрі бірегейі, әлемге мақтанып көрсетуге тұрарлығы – көкпар. Көкпар десе, қаны қызбайтын қазақ жоқ. Этнографтардың айтуынша, «көкпар» сөзінің әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып ап, оны ат үстінде бір-бірінен ала қашып, мәз-мейрам боп көңіл көтерген. Көкпар – нағыз білектілер мен жүректілердің ойыны.
Өмірін туған ауданының көкпары мен аударыспағына арнаған Есенжолдың есімі дәл бүгін тіліміздің ұшына бекер оралып отырған жоқ. Ол Қабанбай бабасына тартып туған алып тұлғалы, кебежедей кеуделі, батырлық жаратылысы мен ақылдылығы үйлесім тапқан бірегей азамат еді. Республикалық, облыстық жарыстарда көрерменнің таңдайын қақтырып, көкпардың айбынын асқақтататын.

Есенжолдың атақ-даңқтарының өзі бір төбе. Ол – ат спортынан облыстық құраманың ең мықты ойыншыларының бірі еді. Нағыз аударыспақ сайысының саңлағы, Қазақстанның екі дүркін чемпионы, республиканың абсолютті чемпионы. Ұлттық спорт ойындарының жеңімпазы. Көкпардан облыстың сегіз мәрте чемпионы. Республиканың түйе балуаны.
Есенжолдың Тарбағатайдағы ат спорты мен оған сіңірген еңбегі туралы бір емес, бірнеше мақала жазуға болады. Айта берсек, Есенжолдың туған жерінің, ауылының атын шығару үшін атқарған істері мен төккен тері де өлшеусіз. Табандылығымен, қайратты, қайсарлығымен көзге түскен азаматтың өмірі құйрықты жұлдыздай жарқ етті де, өте шықты. Отызында – орда бұзып, қырқында – қамал бұзған, спорт өнерінің саңлағы қысқа ғұмырында ел еңсесін көтеріп кетті.

Республика құрамасының ең мықты ойыншыларының бірі болған, аудандағы көкпар спортының туын желбіреткен дарабоз Есенжол – ұлт рухының қайыспас қара нарындай оғланы еді. Орны бөлек, үңірейіп тұр. Оны уақыт өткен сайын сезініп келеміз. Бүгінде Есенжолдың артында Марал, Балжан және Инабат есімді үш қызы қалды. Әкелерінің рухы үш періштесін қорғап жүреді деген сенімдеміз.

2016 жылдың 24-ші қыркүйегінде Тарбағатай ауданында ұлттық ойын түрлерінен облыстық турнир өткізілмек. Бұл аталмыш шара Қазақстан Республикасының спортын дамытуға еңбек сіңірген, тарбағатайлық Есенжол Кишановты еске алуға арналады. Спортшылар киелі Бұрымбет елі қоныстанған Қабанбай топырағында бірнеше ұлттық спорт ойындарының түрлерінен өтетін турнирге қатысады. Турнирге қатысуға ниет білдіріп отырған, өз еліміздің спортшылары. Баршаңызды осынау дүбірлі шарада көргіміз келеді.

Эльвира Мамырханқызы

Осы айдарда

Back to top button