Қоғам

Көкөністі де көп әкеліпті

Көкөністі де көп әкеліпті


Өткен сенбі күні өскемендіктер ауа райының қолайсыздығына қарамастан «Фреш-маркет» сауда үйінің жанында ұйымдастырылған Тарбағатай ауданы еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне қарай ағылды.

Оның себебі бар. Қойнауы құт Барқытбелдің баурайы бау-бақшаға айналғанын қазір екінің бірі біледі. Биыл да аудан диқандары бақша өнімдерінен мол өнім жинапты.

-Тарбағатай ауданының диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан биылғы күзде астық, бақша дақылдарын мол жинап алды. Қазір жүздеген гектар жердің картобы жиналуда. Қазіргі кезде мал бордақылаумен жүздеген шаруа қожалықтары айналысып, олардың саны үш мыңға жетті. Отыздан астам кооперативтер жұмыс істеп тұр. Жиырмаға тарта жылыжай пайдалануға берілді. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың жетекшілігімен аудан орталығы Ақсуат, басқа да елді мекендерді абаттандыру, көшелерге жарық орнату, асфальт төсеу жұмыстары қарқын алды. Осы жолы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне бес тонна ірі қара, екі жарым тонна ұсақ мал, бір жарым тонна жал-жая, қазы, жылқы етін, екі тонна сазан, көксерке балығын, көкөністің түр-түрін, айран, құрт-бауырсақ, қымыз, басқа да тағамдарды алып келдік. Жауынның толассыз жауып, ауа райының салқындап кеткенінен қауіптеніп едік, таңғы тоғыздан кейін қалалықтар жәрмеңкені қыздыра түсті. Сапарымыз сәтті болып, әкелген азық-түлігіміздің барлығы сатылып кетті. Бағасы 20-25 пайыз төмен болған соң, тұтынушылар разы болған сияқты. Мәселен, қой, ірі қара еті небәрі 1200-1400 теңге болды,-деді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов.

Шәкен Көпшікбаева жетекшілік ететін Ақсуат аудандық мәдениет үйінің әртістері «Туған жерге – туыңды тік!» деген жазуы бар кең сахна төрінде Отан, туған ел, Барқытбел жайындағы әндерді нақышына келтіріп орындады. Мәдениет үйінің 12 әншісі бұдан кейін де жиналған қалалықтармен бірге ән салып, би биледі, даланы дүбірге бөледі. Қала тұрғындары өздеріне жоғары көңіл күй сыйлаған тарбағатайлықтарға алғысын айтты.

Оңдасын Елубай
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button