Қоғам

Көкөністің бес түрі қолжетімді бағамен сатылады

Көкөністің бес түрі қолжетімді бағамен сатылады

Өскемендегі Ұлттық баспасөз клубында қала әкімдігінің тұрақтандыру қоры биылғы төртінші тоқсанда бекітілген көкөніс пен қайсыбір азық-түлік бағаларына қатысты баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиынға Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Б.Нұрғазин, «Ертіс» ӘКК басқармасының бөлім басшысы Д.Алдажаров қатысып, күнделікті тұтыну тауарларының қыстық қоры мен болжамды бағаларына тоқталды. Сондай-ақ, қала көшелерінде кеңінен орын алған, санитарлық нормаларға сай келмейтін жабайы сауда түрлеріне тыйым салу мәселесін сөз етті.
Әуелі «Қалалық тұтынушылардың қыстық көкөніс қоры қай мөлшерде және олардың экологиялық тазалығы қандай?» деген сауал бас көтерген. Айталық, бүгінгі күні «Батай» шаруа қожалығынан көкөніс сақтау қоймасына 860 тонна бақша өнімі түссе, оның 160 тоннасы картоп, 30 тоннасы қырыққабат және 670 тоннасы сарымсақ. Ал Макеевка ауылындағы «Ұлан-Жеміс» ЖШС қоймасында барлығы 1 120 тонна көкөніс сақталатын болса, оның 1000 тоннасы картоп, қалған 120 тоннасы қызылша.
– Өткен жылғы қыстық қордың көлемі 5 мың 700 тонна болса, биыл қоймаларда 4 мың тонна көкөніс сақталмақ. Бұл көкөніс өнімдерінің жетіспеушілігінен емес, – дейді Бауыржан Нұрғазин. – Керісінше, мамыр айының соңына қарай қоймадағы көкөністің біраз бөлігі артылып қалды. Сондықтан артылған өнімдер пайдалануға жарамай қалып, босқа рәсуа болмас үшін сақтау көлемін биыл біршама азайттық. Қоймадағы көкөністердің барлығы да жергілікті шаруашылықтардан алынған, нәрлі әрі экологиялық таза өнімдер. Бүгінгі күні осы өнімдерді қыс мезгілінде сауда айналымына түсіру мақсатында қаладағы дүкендермен барлығы 80 меморандумға қол қойылды. Олар «ФрешМаркет» сауда кешені, «Ертіс» ӘКК-нің 13 нүктесі және басқа да әлеуметтік бағадағы дүкендер. Өнімдердің бағалары мен сапасы «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен бірлесіп, аптасына екі рет тексеріліп тұрады. Көкөністің картоп, қырыққабат, сәбіз, сарымсақ және қызылша түрлерінің әр келісінің бағасы 65 теңгеден аспайды және бұл баға 2016 жылдың мамыр айына дейін сақталатын болады.
Жиын барысында жұмыртқаның қазірдің өзінде 50 пайызға қымбаттағандығы, сонымен қатар, ұн өнімдерінің, оның ішінде нан-тоқаш бағасының жаңа жылдан кейін міндетті түрде көтерілетіндігі де айтылды. Осы ретте көршілес Ресейдегі қазіргі нан бағасының теңгемен есептегенде 150 теңге болғандығы да тілге тиек болды. Жұмыртқа бағасының бұлайша күрт көтерілуін өзімізде тұрақты жұмыс істеп тұрған құс фабрикасының жоқтығымен байланыстырған мамандар Семейдегі шағын құс фермаларының өнімдері өздерінен артылмайтындығын да айтты.
Қала көшелерінің кез келген бұрышындағы немесе ірі базарлардың маңында жыпырлап кеткен бей-берекетсіз жабайы сауда мәселесі де көп ұзамай бір жөнге келіп қалатын секілді. Осындай жерлерде өз бақшалары мен саяжайларынан алған түрлі өнімдерін саудалайтындарға қала әкімдігі түсіністікпен қарап, қаладағы «Ивушка», «Орталық базар» және басқа да базарлардан ақы-пұлсыз 30 орынды тегін беріп отырған көрінеді.
– Әкімшіліктің мақсаты көшедегі саудагерлерді қуалау емес. Қайта өнімдерін күннен, жауын-шашыннан қалқа, мүмкіндігінше таза жерлерде, бір сөзбен айтсақ, өркениетті түрде саудаласа дейді. Жалпы, болашақта бұл мәселені біржақты шешу үшін Өскемен қаласы әкімдігінің 24-шағын аудан (Меновное ауылы) мен «ФрешМаркет» сауда кешенінің арт жағынан арнайы базар салу жоспары бар, – деді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Б.Нұрғазин.
Сонымен жергілікті билік өкілдерінің айтуларынша, қоймалардағы көкөністің қоры да жеткілікті, бағасы да қолжетімді әрі тұрақты болмақ.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button