Қоғам

Көкөністі баптауды да, сақтауды да жақсы біледі

Көкөністі баптауды да, сақтауды да жақсы біледі

Дағдарыс алқымнан алып, қымбатшылық етектен тартқан бүгінгідей қысылтаяң уақытта ауыл мен қала жұртын сапасы жоғары, бағасы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету – Президент жүктеген маңызды міндеттердің бірі. Бесқарағай ауданының Глуховка ауылдық округіндегі «Стелла» шаруа қожалығы бұл тапсырманы жоғары деңгейде орындап, көптің алғысын алуда.
Осыдан 21 жыл бұрын құрылған шаруашылықты іскер азамат – Николай Косяков басқарады. Ұзақ жылдар ширегінде мамандығы бойынша агроном-экономист болып еңбек еткен ол жердің қадірін бір кісідей-ақ біледі және өзі ғана білмей, жинақтаған тәжірибесін жас мамандарға үйретуден жалыққан емес. Кәсіпке деген адалдығы мен еңбексүйгіштігінің, іскерлігінің арқасында қожалық жетекшісі «Стелланың» шаруасын шалқытып, өзіне де, өзгеге де пайдасын тигізуде. Қазір онда ауылдың тұрақты түрде он және маусымдық жұмыстар кезінде отыз адамы еңбек етеді. Айына орта есеппен 50 мың теңге жалақы алады. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған, қажет кезде материалдық қолдау-көмек көрсетіліп тұрады. Өсімдік шаруашылығымен ғана айналысатын бұл қожалықтың иелігінде 60 гектардан астам егістік алқабы бар. Оның ішінде картоп – 40 га, орамжапырақ – 8 га, сәбіз бен қызылша – 3 га, көпжылдық шөп – 5 га, біржылдық шөп – 8 га аумаққа егіледі. Күз келісімен өнімді ысырап қылмай жинап, сыйымдылығы бір мың тоннаға жететін қоймада сақтайды екен. Қысты орталап қалсақ та, қазірдің өзінде қоймада тау болып үйілген, ең бастысы, сапасына қылау түспеген құнарлы көкөністер көздің жауып алып жатыр. Соған қарағанда, тәжірибелі агрономның өз өнімдерін күтіп-баптаумен қатар, сақтауды да мықты меңгергені байқалады.
Атшаптырым аумақты алған қойманың құрылысын Николай Косяков меншікті қаражатына төрт жыл бойы жүргізіпті. Алтайдың сарышұнақ аязы мен ақ түтек боранында қойманың іші қоңыр салқын температураны ұстап тұр. Ылғалдылық қалыпты.
– Картопты, сондай-ақ, басқа да көкөністерді сатып алушылар осы жерден өздері келіп әкетеді. Өйткені қалаға тасымалдау тиімсіз. Шығын көп шығады. Есесіне, қоймадан келіп сатып алса, бағасы әлдеқайда арзан. Айталық, бір келі картоп 40 теңге тұрса, орамжапырақ 50 теңге. Алушылар жеткілікті, тапсырыс берушілер де бар. Алдағы бір жарым айда қоймадағы қорды түгел сатып түгесеміз, – дейді «Стелла» шаруа қожалығының басшысы.
Географиялық орналасуы жағынан аталған шаруашылықтың Семейдей іргелі шаћарға ірге түйістіріп жатуы ала жаздай күтіп-баптаған өнімді еш қиындықсыз өткізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса Астана-Өскемен республикалық тас жолымен арылы-берілі ағылған жұрт та жол жиегіндегі «Стелланың» көкөністерінен талай рет дәм татып көргені рас. Сөзіміздің бір дәлелі ретінде айтайық, дәмі тіл үйірер, экологиялық таза өнімдерге өзімізде ғана емес, Павлодар облысынан да тапсырыс берушілер табылыпты. Алайда шаруа қожалығының жетекшісі әуелі өңірдің тұтынушыларын жарылқап алып, артылғанын басқа облыстарға саудалау керек деп есептейді. Ол да дұрыс. Өйткені азық-түліктің бағасы аспандап тұрған мына заманда су тегінге табиғи өнімді таппайтыныңыз рас.
– Арзан өнімді глуховкалық тұрғындармен қоса, ауданның өзге ауылдарында тұратын адамдар да алады. Семейден келіп әкетеді. Халықты қолжетімді азық-түлікпен, оның ішінде өзіміздің өнімдермен қамтамасыз ету туралы Елбасының тапсырмасын бұл шаруашылық бұлжытпай орындауда. Мұндай кәсіпкерлерге мемлекет та тиісті көмек-қолдауын аямайды, – дейді Глуховка ауылдық округінің әкімі Әсемхан Ысқақов.
Николай Косяков басқаратын «Стеллаға» мемлекеттен 5 млн. теңге көлемінде субсидия беріліпті. Оған қоса 7,2 млн. теңгеге ауылшаруашылық техникаларын сатып алыпты. 2014 жылы 5,5 млн. теңге қаражатқа судай жаңа «Белорус» маркалы трактор алыпты. Қысқасы, кәсіпкерге өсімдік шаруашылығын өркендетуге мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалған. Тек ерінбей еңбектен.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button