Қоғам

Көкөніс қоры келесі жиын-терінге дейін жетеді

Көкөніс қоры келесі жиын-терінге дейін жетеді

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Ұлан ауданына іссапары кезінде сауда орындарындағы күнделікті тұтыну тауарларының бағасымен танысты. Сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік нысандарда болды.
Аймақ басшысы ең алдымен Таврия ауылына барып, бірнеше сауда нүктелерінде саудаланып жатқан азық-түлік бағасын өз көзімен көріп қайтты. Осы жерде баға ауытқушылығы бар екені байқалып қалды. Себебі, ауылдың қақ ортасында қатар орналасқан «Қойтас» және «Хороший» дүкендерінің бағалары екі түрлі болып шықты. Мысалы, «Қойтастағы» пияз килограмының бағасы 100 теңге болса, екі аттам жерде тұрған «Хороший» дүкенінде бұл өнім бар болғаны 50 теңгеден саудалануда. Яғни, екі есе арзан деген сөз. Сауда орындарындағы бағаның осындай әркелкілігін көрген облыс Әкімі келеңсіздікке жол беріп отырған аудан басшылығының жұмысын қатты сынға алды.
– Қалай жұмыс істейтіндеріңіз көрініп тұр. Таврияға ат басын бұрмағандарыңызға көп болған сияқты. Әйтпесе, баға осыншама өз бетімен кетпес еді. Кабинетте отыра бермей, елді мекендерге жиі-жиі шығып тұруға болады ғой. Әр дүкен иесі өз білгенін жасап отыр. Бір бөлке нанға 50 теңге дегеніңіз көптеу сияқты. Осы мәселені бақылауға алыңыздар, – деген аймақ басшысы баға барлық сауда нүктелерiнде бірдей болуын, оны арнайы құрылған ұтқыр топтар жіті қадағалауда ұстау қажеттігін тапсырды.
Бұдан кейін облыс Әкімі Таврия ауылындағы жеке кәсіпкер Наталья Чернова басқарып отырған наубайхана жұмысымен танысты. Мұнда пісірілетін нанның құны жоғарыда айтылған дүкендердікінен де асып түседі екен. Осыған байланысты аймақ басшысы жеке кәсіпкерден нанның 55 теңгеден саудалануының себебін сұрады. Н.Чернова дүкендерде сатылатын бір бөлке нанның салмағы 450 грамм болса, наубайханада пісірілетін нандар 550 грамға дейін жететінін алға тартты. «Жалпы, ұнды Өскемендегі «Фарма» фирмасынан сатып аламыз. Олардың бір келі ұнға қойып отырған бағалары – 48 теңге. Осыған байланысты нанды 55 теңгеден саудалап отырмыз. Қазір бір жарым аптаға ғана жететін ұнымыз қалды. Бұл ретте тұрақтандыру қоры арқылы берілетін шикізаттың сапасы еш сын көтермейтінін айтқым келеді», – деді жеке кәсіпкер. Аймақ басшысы тұрақтандыру қорындағы азық-түлік тауарларының сапасына ерекше мән беру керек екенін айтып, аудан әкіміне тиісті тапсырмалар жүктеді.
Аймақ басшысының аялдаған келесі жері Таврия ауылының мәдениет үйі болды. Қазіргі уақытта мұнда ауылдың жас пен кәрісінің басын қосқан бірнеше үйірме жұмыс істеуде.
Ал дәл осы мәдениет үйінің ғимаратына жапсарлас орналасқан орталық кітапхананың жағдайы мәз емес көрінеді. Жалпы, бұл ғимараттың күрделі жөндеуді қажет ететіні бір қарағаннан-ақ көзге ұрып тұр. Ең сорақысы, 40 мыңға таяу кітабы мен мың жарымнан астам тұрақты оқырманы бар кітапханада осымен жарты жылға жуық уақыт электр қуаты жоқ. Себебі, әбден ескірген ғимараттың төбесінде жарықшақтар пайда болып, шатырдан сорғалаған жаңбыр суы электр сымдарын зақымдаған.
– Бұл проблеманы тез арада жою керектігін айтып, тиісті тапсырма бергеніме жарты жыл болды. Алайда, еш нәтиже байқап тұрғаным жоқ. Неге бұл жұмысқа салғырт қарайсыздар? Жөндеу жұмыстарының құны ары кетсе, 500 мың теңгені құрайды ғой, – деген аймақ басшысы аудан әкімі Айдос Садықовқа бұл мәселенің түйінін тез арада тарқату керек екенін ескертті.
Таврия ауылында аймақ басшысы жергілікті мектепке де тоқтап, ондағы жағдаймен танысты. Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, осыдан біраз бұрын әбден кетеуі кеткен оқу ордасының қабырғаларында жарықшақтар пайда болыпты. Сондықтан апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа білім мекемесін салу қажеттігі туындап тұр. Жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып та қойыпты. 300 орындық оқу ордасының құрылысына 600 млн. теңге қажет екен. Мектептің хал-ахуалымен танысып шыққан аймақ басшысы бұл мәселені назарда ұстайтынын және ол лайықты шешімін табатынын жеткізді.
Бұдан кейін облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Макеевка ауылындағы «Екімбаев» шаруа қожалығының көкөніс сақтайтын қоймасына ат басын тіреді. Бүгінгі таңда мұнда 2700 тонна көкөніс сақталуда екен. Оның ішінде әсіресе, қырыққабат, пияз және картоптың үлесі басым.
– Қазір көкөніс түрлерін тұрақтандыру қоры арқылы ғана саудалап отырмыз. Жалпы, былтырғы күзде жинаған өніміз мол болды, келесі жиын-терінге дейін емін-еркін жетеді. Қырыққабаттың өзі ғана 680 тоннадан асып жығылады. Сондықтан ауданымыз бен облыс орталығын көкөніспен қамтуға әлеуетіміз жетіп тұр. Өнімімізге сұраныс та көп. Мысалы, кеше 18 тонна көкөністі тиісті жерлерге аттандырсақ, бүгін тағы 17 тоннаға жуық тауарды жүк көліктерге тиеппіз. Жақын болашақта шетелден көкөністерді сұрыптап, тазалайтын арнайы құрал-жабдықтар алып, жаңа цехты іске қоспақ ойымыз бар, – дейді қожалық басшысы Төлеген Екімбаев.
Көкөніс қоймасын мұқият аралап көрген аймақ басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере келе, бірқатар кемшін тұстарды да атап өтті.
– Жиын-терін кезіндегі жұмысты асығыс жүргізген сияқтысыздар. Көкөністің біраз бөлігі бұзылып кеткенін байқадым. Оны өздеріңіз де сезіп тұрған боларсыздар. Бұзылған картоп пен пияздың жағымсыз иісі танауды жарады. Сәбіздеріңіз де біраз дым тартып тұр екен. Қойма мен ондағы азық-түлікті құрғақ ұстауға жіті мән беріңіздер. Тұтынушыға бұзылған көкөніс кетіп қалмасын, – деді облыс Әкімі.
Облыс Әкімі Саратовка ауылына соғып, мұндағы ауылшаруашылық колледжінің жұмысымен танысты. Аймақ басшысы қазіргі уақытта 5 мамандық бойынша білім беретін оқу ордасының акт залында аудандық көлемдегі шараларды өткізуге әбден болатынын айтып, алдағы уақытта осы жайтты ескеру қажет екенін ескертті.
Бұдан кейін аймақ басшысы осы маңайдағы «Алтай» ЖШС-не қарасты қарақұмық өңдейтін цех пен қоймаға барып қайтты. Қазір мұнда 22 тонна қарақұмық сақталуда екен. Цех мамандарының сөзіне қарағанда, негізінен Өскемен қаласына жөнелтілетін өнімнің бір келісі 75 теңгеден саудаланатын көрінеді.
Ұлан ауданына іссапарын аймақ басшысы Қасым Қайсенов кентіндегі бірнеше нысандарды аралаумен аяқтады. Оның бірі – құрылысы тұралап қалған бес қабатты екі тұрғын үй. «Энерготорнгсервис» ЖШС басшысы Рашид Байырбеков жұмыстың тоқтап тұру себебін Ресейден әкелінетін құрылыс материалдарының құны күрт өсіп кетуімен түсіндірді. Қазір құрылыс жұмыстарын соңына дейін жеткізіп, тұрғын үйлерді пайдалануға беру үшін қосымша 60 млн. теңге көлеміндегі қаражат қажет. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қажетті қаражат жуық арада бөлініп, жұмыс жанданатынына сендірді. Жоспар бойынша 95 пәтерлі екі үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Облыс Әкімі, сонымен қатар, аудан орталығындағы бірнеше сауда орындарын аралап, ондағы азық-түлік бағаларымен танысты, аудан басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button