Қоғам

Көкөніс егіп, көптің көңілін тапқан келіншек

Көкөніс егіп, көптің көңілін тапқан келіншек


Бүгінгі таңда арнайы әзірленген той дастарқанын айтпағанда, күнделікті ас мәзірімізді көкөніссіз, жеміс-жидексіз елестету мүмкін емес.
Бірақ жасырып-жабары жоқ, көпшілігіміздің көңілімізді күпті ететіні – осы көкөніс түрлерінің барлығының дерлік сырттан тасымалданатындығы.
Мәселе, осы көкөністердің сапасында.
Айталық, берісі өз еліміздің оңтүстік өңірлерінен, әрісі Өзбекстан, әйтпесе, Қытай жерінен жеткізілетін жеміс-жидек, көкөністер сауда сөрелерінде сырты жылтырап, көздің жауын алып тұрғанымен, дәмі мен нәрі тұтынушылар талғамына толық жауап бере алмай жатады.
Серебрянка қаласының тумасы Ирина Кузнецова осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында тәуекелге бел буған көрінеді. Жылдың қай мезгілінде болмасын тұтынушылардың көкөніске деген жаппай сұранымын байқап, өзінше зерттей білген іскер келіншек банктен несие алып, жылыжай бизнесімен айналысуды жоспарлайды.

ҚЫЗАНАҚ ПЕН ҚИЯРҒА ҚЫСЫ-ЖАЗЫ СҰРАНЫС…

– Осыған дейін Алматы, Бішкек қалаларынан киім-кешек әкеліп, соларды саудалаумен айналысатынмын. Дүниеге екінші сәбиім келген соң анда-мұнда жүріп-тұруға қол-аяғым байланып қалды. Себебі, баланы бірер сағатқа, әрі кетсе бір күнге ата-анаңа немесе туысқандарыңа қалдырып кетуге болады. Ал біз тауарға барғанымызда кемінде төрт-бес күн, әйтпесе одан да көп уақыт жол жүреміз. Содан жолдасым екеуіміз ақылдаса келе, жылыжай ашып, сонда көкөніс түрлерін өсіріп, саудаға шығаруды жөн санадық. Жоспарлауын-жоспарлап алсақ та, алғашында жұбайым: «Жылыжайды жайдан-жай сала салу мүмкін емес. Оның салынуын айтпағанда, еккен дүниелерің өсіп, өнім беруі үшін үнемі күтім, бап керек. Мен күндіз-түні қызметте жүрем, жалғыз шамаң келмейді ғой», – деп біраз уайымдады. Дәл осы кезде «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын бизнеспен айналысам деушілер банктерден несие алып, түрлі кәсіпкерлікпен шұғылдана бастаған болатын. Қашанда «көз қорқақ, қол батыр», – демей ме?! Оның үстіне «Нарық заманында бұлайша қарап отырғаным болмас», – деген оймен тәуекелге бел буып, жылдық үстеме төлемі алты пайызбен банктен 2 млн. 600 мың теңге несие алдым.

– Айналысам деген адамға бизнестің басқа да түрлері көп қой. Сіз неге осы жылыжайда көкөніс өсіріп сатуды таңдадыңыз?
– Өйткені, кез келген қаладағы халықтың қысы-жазы көкөніссіз отырмайтындығын көріп-біліп жүрміз. Осыны әбден біліп, зерттеп алған саудагерлер сонау оңтүстіктен, тіпті, Қытай мен Өзбекстаннан арзан, толайым бағамен көкөніс түрлерін көптеп сатып алады да, біздің халыққа үш-төрт есе бағаға сатып мол пайдаға кенеледі. Мейлі, олардың ол тірлігін қызғанбайсың ғой. Мәселе, олардың әкелетін көкөністеріне бірыңғай тыңайтқыштар қосылатындығында. Сондықтан олар нәрсіз әрі дәмсіз. Су татып тұратындығын өзіңіз де білесіз. Жол шалғай болғандықтан қыста үсіп жатса, жаз айларында бір-біріне жаншылып, бұзылып та жатады. Бірақ басқа балама болмағасын жұрт қып-қызыл ақша шығарса да, сол тауарларды амалсыз алуға мәжбүр. Сосын, сіз жылына бір келетін жаңа жыл мерекесіне жайылатын дастарқаныңызды көкөніссіз, жеміс-жидексіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Тіпті, біздің жақтарда жеміс-жидек, көкөніс әлі пісіп үлгермейтін наурыз мерекелеріндегі үстелдің ажары да осылар емес пе? Сондықтан егер бұл бастамамыз аяғынан тік тұрып кетсе, ертеңгі күні осындағы халықтың қытайдың дәмсіз қияры мен қызанағын алғаннан гөрі жергілікті, экологиялық жағынан таза әрі нәрлі, дәмді көкөністі алатындығына кепілдік беремін. Мен мұны өз тәжірибемнен алғасын айтып отырмын. Мысалы, жаз шыға салысымен саяжайы барлар өз қияр, қызанақтарын, т.б. өнімдерін азғантай болса да саудаға шығара бастайды. Алып жесең иісі бұрқырап, дәмі тіліңді үйіреді. Мен мысалы базарда немесе дүкенде қытайдың көкөнісі мен үйдікі қатар саудаланып тұрса, қымбат болса да үйдікін алар едім. Себебі, ондай таза да, дәмді өнімге берген ақшаңа да ішің ашымайды. Міне, жылыжай ашудағы ең басты ұстанған ұстанымым осы болды. – Бұл күнде қайда барсаң да жер мәселесі өзекті боп тұр ғой. Жылыжай салу үшін әжептәуір жер керек. Ол жағын қалай шештіңіздер?

– Біз әкімшіліктен жер сұрап, олардың да, өзіміздің де басымызды қатырған жоқпыз. Өйткені, неше жылдан бері жекеменшігімізде саяжайымыз бар болатын. Тура іргесінде күркіреп өзен ағып жатыр. Бақшалық аумағы үлкен, бірді қойып, екі жылыжай салуға болады. Сондықтан жоспар құрғанымызда біз бұл жағын да алдын ала ойластырып қойғанбыз.

– Сонымен 2 млн. 600 мың теңге несиені алдыңыз. Әрі қарай шаруаны неден бастадыңыздар?
– Біз әуелі интернет арқылы жылыжайлар жасайтын фирмаларды қарап, бағалары мен сапасын, жер шалғайлығын барлығын есептей келе, Ресейдің Новосібір қаласында жылыжайлар жасайтын бір компанияға тоқталдық. Ол жерде түрлі көлемде жасалған даяр жылыжайлар да бар. Ал өз аулаңның көлеміне қарай тапсырыс беретін болсаң, біраз күтуге тура келеді. Дайын жылыжайды алсаң, әуелі орнататын орнын тегістеп, алған жылыжайыңның өлшеміне сәйкес келетін фундамент құясың. Ал жылыжайдың құралуы да, бұзылуы да оп-оңай. Кәдімгі металдан жасалған каркастар. Соларды сызбадағы көрсетілген схема бойынша шуруптармен бекітесіз. Ешқандай оқу-тоқудың керегі де жоқ. Құрған кезде әйел болсам да, мен өзім бір жағына шығысып, күйеуіме көмектестім.

АЛҒАШҚЫ ЖАЗ НЕМЕСЕ ТӘЖІРИБЕСІЗ БАҒБАНДАР

– Алғашқы өнімдеріңіз үмітті ақтады ма? Болмаса бәрі сіз ойлағандай емес пе екен?
– Рас айтасыз, бір істі жоспарлау, оны өйте салам, бүйте салам деп ауызбен айта салу бір басқа да, нақты өзің ойлап, жоспарлағандай нәтиже шығару мүлдем басқа екен. Негізінен көп адамдарды білместік өкінтіп жатады ғой. Алғашқы еккен көкөністерімізден әжептәуір өнім де алдық, жегеннен артылғанын саудаладық та. Бір өкінішіміз, өнімді бұдан да көбірек алады екенбіз, егер шілденің шіліңгір ыстығына ұрынып қалмағанда. Жылыжайдың каркастан басқа өн бойы күн, жарық түсіретін иліккіш әрі сынбайтын «вини-пласт» деп аталатын шыны тектес жеңіл материалдан ғой. Соны қатты ыстық болған күндері арнайы брезентпен бе, болмаса басқа бір материалмен бе, жабуды ойламаппыз. Ал күннің аптап ыстығын өзіңіз білесіз, не нәрсені болмасын шыжғырып, қуратып жіберетінін. Сол тәжірибесіздігімізден бірталай көкөністеріміз сарғайып, солып, сол күйі өнім бермей қойды.

– Десек те, бұл жылыжайға көкөністің қандай түрлерін егуге болады екен? Қандай түрлері өнімді көп, қандай түрлері аз берді?
– Бақша жұмысы бізге таңсық емес. Өйткені, бала күнімізден бақшаны қалай күтіп-баптауды, қалай түптеп, қай кезде, қанша суару керектігін ата-әже, әке-шешелерімізден көріп өстік. Көшеттерді қыс айынан бастап үйде өсіре бастаймыз. «Өсер ме екен, өспес пе екен?» – деп, қияр мен қызанақтан бастап, сарымсақ, капуста, баклажан, ащы-тәтті бұрыш, ридиска, укроп дейсіз бе, басқа да базарларда толып тұратын көкөніс түрлерін егіп көрдім. Барлығы да өседі екен. Дұрыстап баптап-күтсең, еккен нәрсеңнің бәрінен де мол өнім алуға болады екен.

– Суды қайдан аласыздар? Демек, мұншама көкөністен көңілдегідей өнім алу үшін көп су керек қой?
– Біз су мәселесінде де еш қиындық көрмедік. Тура саяжайымыз тұрған жерде сарқырап шағын ғана тау өзені ағып жатыр. Ол сумен бақша суарғанды қойып, ішеміз, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге пайдаланамыз. Сол өзенге су сорғысын саламыз да, қанша су қажет болса, соншасын ала береміз. Ең маңыздысы, қанша су тұтынсақ та, ақы төлемейміз.
– Осы сала мамандарының ақыл-кеңестеріне жүгінесіздер ме? Мұншама ауқымды жұмысты өздеріңіз ғана атқара бересіздер ме, мүмкін жұмыс қолын жалдайтын боларсыздар?

– Қазір интернеттің заманы емес пе? Қажетті ақыл-кеңесті де, басқа да білмегендеріңді тез арада содан тауып аласың. Сондықтан арнайы мамандардың ақыл-кеңесіне аса зәру емеспіз. Оның үстіне жолдасым жастау күнінде бір жыл Бурятияда әскерде болған. Сонда басшылардың сұрауы бойынша осындай жылыжайда жұмыс істеп, 50-60 градустық аязда офицерлердің отбасы мен сол жердегі бүкіл әскери бөлімдегі сарбаздарға қыс бойы көкөніс жегізген көрінеді. Күйеуімнің сол жерден көрген-білгені бар, өзіміздің білетініміз және бар, ол аз болса, қазір теледидардан да мұндай тақырыпқа көп хабарлар жүргізіліп, ақыл-кеңестерін аямай үйіп-төгіп жатады. Сондықтан бастаған ісімізді аяқсыз қалдырмай, қолдағы бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Айталық, қияр 35-40 күнде өнім бере бастайды. Біз бір еккенде 300 түп қияр отырғызамыз. Болашақта үй бүлдіргенін егуді де ойлап отырмыз. Жылыжайдың қазіргі аумағы 160 шаршы метр. Мұны болшақта 250-ге дейін ұлғайтпақпыз. Осыдан былай штатымызға бір-екі бағбан, үш-төрт күзетші алмасақ болмайтын секілді. Әйтпесе, мынаның барлығын бір ақ түнде қиратып, тонап, өртеп жіберушілер де табылады.

– Аумағын әлі де ұлғайтамыз дейсіз, қыс айларында мұнша аумақты жылыту да оңай бола қоймас, ол жағын қалай шешпексіздер?
– Жылыжайдың ішіне пеш салынып, арнайы жылыту батареялары орнатылады. Ол қыстың күндері бір тәулікке екі-үш шелек көмір жағады. Менің ойымша, жылыжай бизнесі қазіргі таңдағы аса тиімді бизнес түрі. Қазір жерде де, көкте де экология әбден бұзылған. Мысалы, өткен жылы жаз ортасында жауын жауып өтті. Әлгі жауыннан соң осы саяжайлардағы барлық елдің жайқалып тұрған бақшасы сап-сары болып қурап кетті. Қайсыбіреулері жанталасып көң сеуіп, тыңайтқыш құйып жүріп әзер дегенде бақшаларының тым болмағанда жартысын аман алып қалды. Егер қатты жел соқса немесе бұршақ жауса бақшадан не қалады? Ал жылыжайдағы бақша табиғаттың ондай-ондай тосын мінездерінің біріне де «қыңқ» демейді.
– Экология демекші, сіздердің өнімдеріңіз ол жағынан тұтынушылар талабына сай шығар?
– Басқасын айтпағанда, біздің бақша суаратын суымызда хлор жоқ. Тап-таза таудың өзені. Ал кез келген өсімдікті хлорлы сумен суарсаң, белгілі бір мөлшерде сапасына, дәміне кері әсер етпей қоймайды.

– Несиенің ай сайынғы төлемі салмақ салмай ма?
– Біздің келісімшартымызда қайсыбір жеңілдіктер қарастырылған. Айталық, 2 млн. 600 мың теңге несие алған біздер, бір жарым жылға дейін ай сайын банкке 46 мың теңге төлейміз. Белгіленген жеңілдік уақыты өткеннен кейін, айына 100 мың теңге төлеуге тура келеді. Осы аралықта бастаған ісін бір жүйеге келтіріп алмағандарға қиынырақ соғары сөзсіз. Сол үшін жанталасып жатқан жайымыз бар.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button